Сейсенбі, 08 шiлде, 01:11

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Домбыра – дастан»: қызылордалықтар ұлттық домбыра күнін ерекше атап өтті

07.07.2025

15

0

Домбыра дастан

Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісіне дөп келетін, ұлттық аспабымызды ұлықтауға арналған бұл мереке 2018 жылдан бері елімізде кеңінен тойланып келеді. Айтулы датаны сырбойылықтар биыл да айрықша атап өтті. Жылдағы дәстүрмен қала тұрғындары мен қонақтары «Домбыра — дастан» думанында бас қосып, күй күмбірлеп, жыр төгілген саз кешінен естен кетпес рухани әсер алып қайтты.

Концертке мәдениет және руханият жанашырлары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері және жастар қатысты. Шарада облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов сөз сөйлеп, бірқатар өнер өкілдерін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Рухани күш-қуат сыйлаған концертте «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Самат Аблаев жетекшілік ететін Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, халықтық музыка тыңдармандарына тамаша кеш сыйлады.

Ұлттық саз кешіне «Құрмет» орденінің иегері, академик, күйші-композитор Т.Тоқжанов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, күйші Ә.Әбсадықов, «Мәдениет қайраткері», «Құрмет» орденінің иегері Ү.Медеуова, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері А.Шағдатов, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты А.Әбді және “Сыр толқыны” II республикалық күшілер конкурсының конкурсанттары арнайы қатысып, көрерменнің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді.

Ұлттық Домбыра күні — алты Алаштың рухани мерекесі. Ол бірнеше күнге жалғасып, халық арасында насихатталып жатса, елдігіміздің айғағы. Ал бүгінгі домбыра думаны рухани тамырдан ажырамаған әр қазақ үшін халықтың мәдениеті мен өркениетіне, құндылықтарына, ұлттық байлығына зор құрметтің көрінісі.

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика