Бейсенбі, 21 қараша, 14:58

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Ақжайықтың Сырға жеткен сәлемі

14.11.2024

175

0

Ақжайықтың Сырға жеткен сәлемі

Жарты ғасырдан астам тарихы бар Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының жетістігі мол, олжасы орасан, өнерді өрістетудегі мақсаты биік. Филармония құрамында Дәулеткерей атындағы халық аспаптары оркестрі қызмет етеді. Кәсіби тұрғыда қалыптасқан өнер ұжымы бүгінде республикалық, халықаралық байқауларда жүлдегер атанып, ұлт өнерін асқақтатып келеді.

Аталған ұжым Сыр еліне гастрольдік сапармен келіп, «Ару Жайықтан – сұлу Сырға сәлем!» атты салтанатты кеш өткізді. Көрермен асыға күткен концерт жоғары деңгейде өтіп, көпшілік көзайымына айналды.

– Батыс Қазақстан облысының мәдени өміріндегі биылғы ең үлкен жаңалық «Атамекен» өнер ордасы мен Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияның қосылуы болды. Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына орай шығармашылық кештер өтіп жатыр. Жаз мезгілінде Батыс Қазақстанның барлық аудандарын аралап, өнерімізді көрермендерге паш еттік. Осы жолғы гастрольдік сапарымызды ел ордасы Астана қаласынан бастап, Алматы қаласында жалғастырдық. Бүгін сұлу Сырдың төрінде қазақ өнерінің үздік туындыларын орындаймыз. Кеш бағдарламасы Ғарифолла Құрманғалиевтің шығармашылығына арналады. Оркестр Құрманғазы мен Дәулеткерей күйлерін орындап, композитордың өзіне тән шеберлігі мен асқақ өнерін еске салады. Сондай-ақ шара соңында «Сыр сұлуы» әнін орындап, Сыр еліне деген құрмет-қошеметімізді білдірмекпіз, – деді Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының директоры Бауыржан Халиолла.

Кеш барысында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов өнер ұжымына аймақ басшысының құттықтауын жеткізді.

– Ең алдымен өнер ұжымына алғыс білдіремін. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде ұлттық өнерімізді әлемдік деңгейге көтерген дарын иелерінің бірнеше буыны қалыптасып, мемлекетіміздің дамуына елеулі еңбек етуде. Америка Құрама Штаттары, Ресей, Германия, Норвегия, Болгария, Хорватия, Біріккен Араб Әмірлігі секілді алыс-жақын шет елдерде өнер көрсетіп, халықтық өнердің кеңінен насихатталуына үлес қосып келеді. Қазақ руханиятын әлемге танытып, мәдениет саласының өркендеуі жолындағы қажырлы еңбектері мол. Алдағы уақытта да туған еліміздің мәдениеті мен өнерін дәріптеп, даңқын асқақтата берулеріңізге тілектеспін, – деді Ш.Байманов.

Концертте филармония ұжымы танымал сазды әуендерді шырқады. Атап айтар болсақ, Дәулеткерейдің «Құдаша», Тасболат Ысқақовтың «Құралай сұлу», Н.Баймұхамедов пен Ғ.Құрманғалиевтің «Оралым», Ілия Жақановтың «Сырдария вальсі», З.Шүкіров пен Шәмші Қалдаяқовтың «Сыр сұлуы», Ермұрат Үсеновтің «Күзгі әуен», З.Сисенғалиев пен Д.Қажымовтың «Ақжайық – ару мекенім» әндері және Еркін Нұрымбетовтің «Ақжайық», Н.Тілендиевтің «Махамбет» поэмасын және т.б. орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

– Осы концерттің өтетінін ести сала немерелерімді ертіп келдім. Рухани азық болатын ұлттық өнерімізбен сусындағанын қалаймын. Өнер ұжымына алғысым шексіз. Керемет әсер алып шықтық. Ұжым мүшелеріне толағай табыс тілеймін. Шығармашылықтың шыңына жетуіне тілекшімін. Ұлттық өнерімізді дәріптеп, шын жанашыр болатын жандар көбейе берсін, – деді көрермен Шолпан Жақсылықова.

Кеш соңында жиналған көпшілік өнерпаздарға гүл шоқтарын табыстап, алғыс білдірді.

Аружан ЕРАЛЫ

Дереккөз: syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика