Биыл «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің құрылғанына 15 жыл толды. Айтулы дата аясында өнер ұжымы шығармашылық концертін беріп, көрерменді өнерімен тағы бір тәнті етті.
Ұлттық өнерді өрістетіп жүрген өнер ұжымының шығармашылық концертіне Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова, руханият жанашырлары, сырбойылық дәстүрлі музыка өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Рухани кеште сөз алған Мира Жомартқызы өнер ұжымының тарихын тереңнен қозғап, өмірі өнермен өрілген ансамбль мүшелеріне алғыс білдірді.
Рухани кеш барысында Дархан Жаңабаев пен Гүлнар Құлахметованың ансамбльдің өткені мен бүгінін, шығармашылық еңбек жолын қағаз бетіне түсірген «Ақмешіт» кітабының тұсаукесері өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Ботабаев Кеулімжай Шалтақбайұлы және «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің негізін қалаушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жүсіпов Берік Мырзалыұлы зор құрметпен оқырманға жол тартқан мазмұнды кітаптың тұсауын кесіп, туынды авторларына шығармашылық табыс тіледі.
– Бұл кітаптың «Ақмешіт» деп аталуы тегін емес. Өнер ұжымы біздің аймағымызда ең алғашқы болып штаттық негізде құрылған фольклорлық ансамбль болып саналады. Әрине, оған дейін де Сыр өңірінде фольклорлық ұжымдар жұмыс жасаған. Дегенмен солардың ізін жалғап, кәсіби өнерпаздардан құрылған алғашқы ансамбль болып саналады. Бүгінгі таңда «Ақмешіт» ансамблінің құрылғанына 15 жыл толып отыр. «Бүгінгі күн, ертеңгі тарих» дегендей, біздің әр концерт, әр шығармашылық кешіміз, әр гастрольдық сапарымыз жатқан тарих. Оны қағаз бетіне түсіру қажет деп есептеймін,-дейді кітап авторларының бірі Гүлнар Құлахметова.