Айдынды өлкенің аспанын жыр тербеді. Аудандық мәдениет үйінде жерлесіміз, жыраулық өнердің лайықты мұрагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сыр сүлейлерінің сарқыты Елмұра Жаңабергенованың «Ұлы менің қазағым» атты шығармашылық жыр кеші өтті.
Кеш шымылдығы Нұртуған шайырдың «Қанеки, тілім сөйлеші!» атты жырымен ашылып, көрермен жүрегін бірден тербеп өтті. Елмұра Манасқызы кеште өзінің жыр жолындағы шәкірттерімен бірге сахнаға шығып, арда өнердің алтын арқауын жалғады.
Жас жыршылар – Хасенхан Кішкенеев, Арайлым Өмірбекова, Салтанат Ерсұлтан және Әбілмансұр Манас – ұстаз ізін басып, көрермен көңілінен ерекше орын алды. Олардың орындауындағы туындылар көрермен ықыласына бөленіп, кеш көркемдігіне көрік қосты.
Кеш соңында жиналған жұртшылықты аудандық мәслихат төрағасы Базарбай Төреахметов жүрекжарды лебізімен құттықтап, жыр өнерінің қасиетін айшықтады.
«Сыр сүлейлерінің сарқытын ішіп, бекзат өнердің рухани болмысын танытып жүрген Елмұра Манасқызындай талант иесіне жерлестердің құрметі әрдайым ерекше. Осындай өнер кеші арқылы көрермендерге рухани ләззат сыйлап, жүректерге жылу ұялатқаныңыз үшін алғысымыз шексіз. Тектінің тұяғы, жампоз өнердің лайықты жалғастырушысы ретінде өнеріңіз өрге жүзсін!» – деп ықыласын білдірді.
Мұнан соң, жыршыға аудан әкімнің арнайы құттықтауы табысталып, сый-құрмет көрсетілді. Айта кетейік, Елмұра Жаңабергенова шәкірттерімен бірге ауданға қарасты ауылдық округтерді аралап, елді мекендерде концерттік бағдарламалар өткізді.

