Қармақшы ауданы Байқоңыр қаласында бүгінде кәсіп түрлері мен нысандар саны артып келеді. Соның бірі – «Болашақ» сауда орталығы. Ол қала тұрғындары мен қонақтарына үздіксіз қызмет көрсетумен қатар, тұтынушы талғамынан шығып келе жатқан дүкен. Онда сапасы жоғары және табиғи азық-түлік өнімдері сөрелерде самсап тұр. Жұмсақ нан, шелпек, самса, тұшпара, басқа да ұннан жасалған өнім түрлеріне қашан да сұраныс жоғары. Сапасынан бөлек, бағаның да тұрақты болуына да аса мән берген.
Тағы бір айта кетерлігі, ондағы нан өнімдері сауда орталығының өз наубайханасында өндіріледі. Нанға сұраныстың көптігінен кейде сөреге қойылған өнім тұрғындарға жетпей қалып жататыны бар. Отбасылық кәсіп иелері Ерлан Жаппасбаев пен Меруерт Тоқтарбекқызы тұтынушының үздіксіз сұранысына сай кей сәтте мезгілге қарамай қайта нан пісіретінін айтады. Сонымен қатар кондитерлік өнімдер де орталыққа қарасты шағын цехта дайындалып, сатылымға шығарылады екен.
Өнегелі отбасында өсіп-өніп, қала тұрғындарының алғысына бөленген кәсіпкерлер елдің өркендеуінде кәсіпкерлік саласының маңызды рөл атқаратынын алға тартады.
Кәсіпкер 50-ден аса қала тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтыған. Ұжымда еңбек ететіннің көпшілігі жастар. Сол себепті де ол қарамағындағылардың тұрмыс-тіршілігіне назар аударып, жұмыс істеуіне барынша жағдай жасап қойған. Кәсіп істеу оңай тірліктен емес. Әйтпесе елдің бәрі кәсіп ашып кетер еді-ау. Оған қаншама төзім, шыдам, сабыр керек. Адаммен жұмыс істеген соң түрлі жағдай болады. Осындай кедергілердің бәрін еңсеріп, бағытынан айнымай келе жатқан Меруертті осы адамгершілік қасиеті үшін байқоңырлықтар сыйлап, құрметтейді. Біреуге болсыншы дейтін қағиданы ұстанатын кәсіпкердің жұмысы сан-салалы болғанымен, ұжымды ұйымдастырып, ұйыстырып ұстауда тәжірибесі көпке үлгі.
«Қазақ қашанда бір-біріне демеу болып, үйіне келген қонақ үшін қазан көтерген. Дастарқанын жайып, батасын алған. Жарым екеуміздің де бар арман-мақсатымыз халыққа адал қызмет етіп, батасын алу, ризашылығына бөлену. Адалынан жүріп-тұрсаңыз, кәсіп етсеңіз одан өрісіңізді кеңейтпесеңіз, жаман болмасыңыз анық. Атамыз Бердібек Жаппасбаев Байқоңырда алғашқылардың бірі болып кәсіп бастаған кісі. Ол 8 сауда желісі мен Ақай ауылында 4 шағын цех ашты. Алғашында атамыз қарамағына 300 адамды жұмыспен қамтып, тұтынушыны шұжық, ет, сүт, балық, макарон, тағы басқа тұрмысқа қажетті өнімдермен қамтамасыз етіп отырды», – дейді Меруерт Тоқтарбекқызы.
Бала кезінен әкесінің әрбір істеген ісіне қарап, өзіне өнеге алған Меруерттің жары Ерлан да кәсіпкер болуға жастайынан-ақ бейім болды. Ол да кәсіптің бірнеше түрін ашып, дамытуда. Жалпы бұл әулетте кәсіп ету әкеден-балаға мирас болып келе жатқан дүние десек артық емес. Өйткені ерлі-зайыптылардың отбасындағы тұңғыш баласы Ермек те кәсіптің қыры мен сырына кішкентайынан қанық болып өсіп, ата-анадан үлгі алған жайы бар.
Әрбір нәрсенің өз қайнар бұлағы болады. Әулеттегі отбасылық кәсіптің ұйымдастырушысы Ерлан Бердібекұлы 1998 жылы Байқоңырда сүзгіден өткен таза ауыз су шығаратын бірнеше аппарат сатып алып, онымен қала тұрғындарын қамтамасыз еткен. Сонымен қатар еліміздегі «Жасыл экономика» бағдарламасы аясында күннен қуат алатын электр стансалары құрылып жатқанын білеміз. Осы бастаманы жүзеге асыруға асыққан жаңалыққа құмар Ерлан бауырымыз өз шаруашылығында іске қосқан азамат. «Құс өсірсең, тауық өсір» демекші, шаруашылық ауласында жүрген бірнеше жылқы, сиыр, ешкімен қатар Қостанайдан 1200 голландиялық тауық әкелгенін және олардың саны бүгінде екі есеге артса, шаруашылық меншігіндегі басқа бірнеше жүздеген қазақы тауық тұқымы өсірілуде. Олардан алынған жұмыртқа дүкенге сатылымға қойылады. Шаруашылықтың асырап отырған бөденесі де сұранысқа ие өнім. Кәсіпкердің өсіріп отырған гидропоникалық цехы да бір жаңалық.
Ерлі-зайыптылар шаруашылық жылыжайында дастарқанға қойылатын ас мәзірі – түрлі салаттың сәнін келтіретін айсберг, изумруд деген атауы бар дәруменді жапырақтар мен қызанақ, қияр, тағы басқа көкөністерді өндіруде.
Қазіргі таңда 100-ге жуық өңір тұрғынын жұмыспен қамтып отырған Ерлан мен Меруерттің болашаққа жасаған жоспарлары жетерлік. Іскер жандар кәсіпте жұртшылыққа шеберлігімен танылса, олар отбасында 5 бала тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана.