Электр стансалары мен құрылғыларының тозығы жеткендіктен, елімізде электр энергиясының тапшылығы жыл өткен сайын айқын сезіліп келеді.
Бұл – Мемлекет басшысының назарындағы маңызды мәселе.
Оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Президент тапсырмасымен Қызылорда облысында құны 800 млрд теңге, қуаттылығы 1100 МВт болатын бу-газ қондырғыларының құрылысы жоспарланған. «Самұрық Энерго» компаниясы Катар инвесторымен келіссөз жүргізіп, техникалық-экономикалық негіздемесін әзірледі. Жаңа бу-газ қондырғыларын салу үшін облыс әкімдігі 280 гектар жер телімін бөлді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өте маңызды жобаны 2028 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Ол еліміздің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының тапшылығын болдырмауға бағытталған.
Сондай-ақ республиканың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өйткені оңтүстік өңірлерге табиғи газ тарту мақсатында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін салу көзделген. Ұзындығы 1500 шақырым болатын газ желісінің 843 шақырымы Қызылорда облысының территориясымен өтеді деген болжам бар.
Оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында қолға алынған тағы бір жұмыс – Қызылорда қаласында 240 МВт электр энергиясы мен 277 Гкал жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығын салу. Құны 215 млрд теңге көлеміндегі құрылысты Түркияның «Aksa Energy» компаниясы қызу жүргізіп жатыр. Бүгінгі күнге жобаның құрылысына 137 млрд теңгеден аса инвестиция салынды.
Басқарманың мәліметінше, жоба аясында қуатылығы 180 МВт болатын 2 газ-турбина қондырғысы (General Electric, АҚШ), 95 МВт-тық бу турбинасы (Doosan Skoda, Чехия), қуаттылығы 120 тн/сағ құрайтын 2 бу қазандығы (AC BOILERS, Италия) мен 150 Гкал/сағ құрайтын 4 жылу қазандығы (Mimsan, Түркия) салынады. Қазіргі кезде негізгі қондырғылар толық көлемде жеткізіліп, орнатылуда. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының 70%-ға жуық бөлігі аяқталды. Осы орайда құрылыс барысы мен сапасы аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бақылауында екенін айтуға тиіспіз.
Жаңа станция облыстың электр энергиясына қажеттілігін толығымен қамтамасыз етеді. Оны 2025 жылдың 4 тоқсанында іске қосу жоспарланған.
Назерке САНИЯЗОВА