Бейсенбі, 12 желтоқсан, 04:52

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Жүректі жүректілер емдейді

10.12.2024

60

0

Жүректі жүректілер емдейді

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы көпбейінді облыстық ауруханада «Жүрек-қантамыр ауруларын диагностикалау, емдеудегі инновациялық әдістер» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Конференция ауруханаға қарасты кардиоорталықтың 15 жылдығына арналды.

Іс-шара барысында басқарма басшысының орынбасары Жаңыл Исаева мемлекет қолдауының арқасында облыс медицинасы алға басып келе жатқанын айта келе, алда одан да ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ білікті кардиохирург Берік Дәуітбаев бастаған ұжымды, елеулі еңбегімен көзге түскен қызметкерлерді Денсаулық сақтау министрінің, Парламент Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің, облыс әкімі мен басқарма басшысының Алғыс хаттарымен марапаттады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, денсаулық сақтау саласының ардагері Тұрғанбай Маханов өзі басқарған орталықты құру оңай болмағанын, нәтижеге қол жеткізу үлкен күш-жігерді талап еткенін атап өтті. Кардиологиялық орталық құрылған алғашқы жылдары операцияларды тек сырттан келген мамандар жасап жүрді. 2011 жылдан кейін ғана оқып-үйренген жергілікті дәрігерлер қолға алды. Бүгінде мұнда жыл сайын 4 мыңнан астам пациент стационарлық ем алады. 3 мыңға жуық коронарография жасалады, оның мыңнан астамы бойынша коронарлық артерияларға стенттер имплантацияланады. 400-ге жуық пациентке күрделілігіне қарай жүрек-қантамыр жүйесіне, оның ішінде ашық жүрекке әртүрлі операциялар жасалады. Ақ халаттылар еліміздің, алыс-жақын шет елдердің жетекші орындарында үнемі біліктілігін жетілдіріп отырады. 15 жыл ішінде 55 мыңнан астам науқас емделіп, жүректің ишемиялық ауруы, жүре пайда болған және туа біткен жүрек ақаулары бар 2,5 мыңнан астам науқасқа операция жасалды. Ардагер осы уақыт ішінде талай жүрекке дем беріп, талай жанға үміт сыйлаған ізбасарларына жылы лебізін жеткізді.

Ғылыми-тәжірибелік конференция Қазақстан Республикасында қанайналымы жүйесі аурулары кезінде медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде мамандардың біліктілігін арттыру және әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсетуге бағытталды.

Одан бөлек, ауруханада науқастарға арналған «Ашық есік күні» өтті. Облыс тұрғындары осы күні аурухананың кеңес беру-диагностикалық бөлімінде Астана қаласының UMC жүрек орталығының кардиолог дәрігері Әсем Бауыржанқызы, «Кардиология-1» бөлімінің меңгерушісі, облыстың штаттан тыс бас кардиологы Гүлназ Темірбекова, қан-тамыр хирургі Мұқағали Мақатаев, кардиохирург Жеңісбек Сейдахметов, кардиолог Ғалымжан Қоразов қабылдау жүргізді. Қырыққа жуық науқас жүрегін ультрадыбыстық зерттеуден өткізіп, мамандардан кеңес алды.

Дереккөз: syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика