Сурет ашық дереккөзінен алынды
Вакцинасыз беймәлім дерттің беті қайтпайтыны белгілі болды. Сол үшін әлем елдері вакцинаның балама түрін жанталаса ұсынуда. Жанталаса дейтін жөніміз бар, ғалымдар тез арада сүйінші хабармен ғаламды емдегісі келеді. Бірақ соңғы уақытта вакцина бәсекесі мемлекеттер арасындағы жарысқа айналып кеткенге ұқсайды. Жаңалық ашудан көш басында Ресей мен Қытай тұр. Батыс елдері де бұл сынақтан қалыс қалған жоқ. Айтпақшы, вакцина дайындаудан үміткер елдер қатарында Қазақстанда бар.
Көпшілік тағатсыздана күткен вакцинаны табу оңай шаруа емес, ол үшін жылдар бойы зерттеу мен тәжірибенің керек екені айқын. Алайда барлық күш пен қаражаттың осы бағытта жұмсалып отырғанын ескерсек, белгісіз үміттің қылаң беретіні бар. Осы орайда әлемдік зерттеулерді асықпай шолып шығуды жөн көрдік.
«Вакцинаны жыл соңына дейін тауып қаламыз» деп болжам айтқан батыс ғалымдарының әзірге сөзі мен ісі қабыспай тұр. Алдымен Оксфорд университетінің, кейін АҚШ-тың Johnson& Johnson компаниясының зерт-теуінен ақау шықты. Сынақ кезінде еріктілерден «белгісіз аурудың» байқалуы зерттеу жұмыстарын уақытша тоқтатты. Жуырда Окс¬¬форд университеті жағ¬да鬬¬дың реттелгенін айтып, сы¬нақ¬ты жалғастыратынын мәлімдегенмен, ДДҰ тәжірибенің әлі де жеткіліксіз екенін ескертуде.
Ал Ресей ғалымдары дайындаған вакцинаны алуға осы кезге дейін 27 мемлекет келісім берген. Тағы бір айта кетерлік маңызды жай, солтүстіктегі көршілер жақында тағы бір жаңа вакцинаның тіркелгенін хабарлады. Оған қоса ел президенті алдағы уақытта үшінші вакцинаның да жарыққа шығатынын айтқан. Үміткер вакциналардың көбеюі көңіл қуантса да, қазір бұл жағдайға күмәнмен қараушылар саны артуда. Себебі аз ғана уақытта дайындалған дүние адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін дейді зерттеушілер.
Әлемде клиникалық сынақтың үшінші кезеңіне өткен 8 өнімнің бірі саналатын қытай вакцинасы да жоғары сұранысқа ие. Жергілікті басылымдар Қытайдың шы¬ғыс өңірінде Чжэцзян про¬вин¬циясындағы Иу қаласында халыққа вакцина салынып жатқанын жазған. Үміткер вакцинаның ресми тір¬кел¬мегенін ескерсек, зерттеудің нәтижелі боларына сену қиын. Бүгінде Sinovac компаниясының бұл өнімі сынақтың үшінші кезеңін Индонезия, Түркия елінде өткізуде. Зерттеу қорытындысы қараша айында шығады деп күтілуде.
Ал желтоқсан айында Түркия вирусқа қарсы жаппай вакцинациялауды бастайтын болды. Мемлекет жоғарыда айтқан «SinoVac» компаниясынан «CoronaVac» екпесінің 5 миллион дозасы сатып алған. Мамандардың мәлімдеуінше, әзірге вакцина нәтижесі бірқалыпты. Сондай-ақ Түркия зерттеушілері бірнеше отандық вакцинаны да сынақтан өткізуде, жергілікті екпе наурыз-сәуір айларында шығарылуы мүмкін деген болжам бар.
Ресей мен Қытай ұсынған вакцниаларды Венесуэла халқы да сынақтан өткізбекші. Коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация желтоқсаннан басталып, қаңтар айына дейін жалғасатынын ел президенті Николас Мадуро мәлімдеген. Ең алдымен вакцинация түрлі аурулардан зардан шегетін тұрғындарға, мұғалімдер, дәрігерлер мен медбикелерге жүргізіледі. Содан кейін ғана бүкіл халыққа салынады.
Енді елдегі жағдайға тоқталсақ. Мамандар отандық вакцина сынақтың үшінші кезеңін келесі жылдың сәуір айында аяқтауды жоспарлап отырғанын айтады. Жуырда ДДҰ үміткер вакцина үшін клиникалық сынақты бастауға рұқсат берген еді. Денсаулық сақтау министрінің мәлімдеуінше, 17 қарашада клиникалық сынақтың екінші кезеңі аяқталып, отандық өнімнің тиімділігі анықталады. Сондықтан Қазақстан әзірге өзге елдерде алғаш тіркелген вак¬циналарды сатып алуға мәжбүр. Осы кезге дейін Ресей вакцинасын алу туралы келісім жасалса, қазір еліміз Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясының өніміне де қызығушылық танытуда.
Әзірге әлемдегі жағдай үміт пен күдіктің арасында тұрғанын ескерсек, балама вакциналардың тиімділігі жайлы дөп басып айту қиын. Тіпті ДДҰ дені сау адамдар вакцинаны 2022 жылға дейін күтеді деп болжам жасауда. Өйткені дерттің емі табылса, алдымен ден¬саулық сақтау саласының қыз-меткерлері, ауруға бейім егде жастағы тұрғындар мен қосалқы сырқаты бар жандарға егіледі деген қағида бар. Сол үшін суық күзде барынша сақтанып, ауырмаудың жолын іздеген абзал.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА