Жексенбі, 24 қараша, 18:18

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Ұлттық жоба халық игілігіне қызмет етуі тиіс

23.07.2024

136

0

Ұлттық жоба халық игілігіне қызмет етуі тиіс
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына қатысты мәселелер қаралып, тиісті тапсырмалар берілді.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, талқыланған мәселеге орай аймақтағы жағдайды бағамдады.

«Ұлттық жоба аясында өңірде биыл қолға алынған 9 дәрігерлік амбулатория және 2 фельдшерлік-акушерлік бекет 1 қазанға дейін пайдалануға беріледі. Құрылыстың жалпы құны – 3 млрд 500 млн теңге. Бұған Үкімет резервінен 2 млрд теңге берілді. Шиелі ауданындағы 30 төсектік инфекциялық бөлімше мен көпбейінді аурухананың құрылыс жұмыстары басталды. Айта кету керек, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Шиелі ауданындағы 30 төсектік инфекциялық бөлімшені салу ұлттық жобадан тыс, жоспарға қосымша енгізіліп, қазір 1 млрд 300 млн теңге қаржысы бөлінді. Арал ауданында дәл осындай инфекциялық бөлімше жобасы дайын. Ұлттық жоба аясында салынатын Арал аудандық ауруханасының қосымша құрылысы жобасын мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін екеуін біріктіріп қаржыландыруды Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктерімен пысықтау қажет», – деді аймақ басшысы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасына жобалардың қаржыландырылуын бақылауда ұстау тапсырылды.

Айта кетейік, Шиелі аудандық көпбейінді ауруханасына салынатын қосымша құрылыс жобасының мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынды. Мұнан бөлек, Арал, Қазалы, Жаңақорған көпбейінді аудандық ауруханаларының қосымша құрылысы жобасы мемлекеттік сараптама қарауына енгізілді. Қорытындыны тамыз айында алу жоспарлануда.

Нұрлыбек Машбекұлы ұлттық жоба аясында салынатын нысандар Мемлекет басшысының және Үкіметтің ерекше назарында екенін қаперге салып, құрылысқа қарқын қосуды тапсырды. Ең бастысы, ғимараттар сапалы болуы тиіс. Жауапты мекеме басшыларына барлық нысанның халыққа ыңғайлы, жайлы болуы керектігі ескертілді. Сондай-ақ, тазалығы, қасбеті талапқа сай болуын қатаң қадағалау керек. Жаңа дәрігерлік амбулаторияларды мамандармен, жаңа санитарлық автокөлікпен қамтамасыз ету назардан тыс қалмауы қажет.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика