Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында неонатолог дәрігерлер тәжірибе алмасып, жаңа туылған сәбилерде жиі кездесетін сырқат түрін талқылады.
Неонатальды көмекті қажет ететін науқас нәрестелерге жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді жақсарту мақсатында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық құрылымының неонатолог дәрігері Талғат Толықбаев Қызылорда облыстық перинаталдық орталығына келіп, неонатолог дәрігерлермен кездесу өткізіп, тәжірибе алмасты.
Дәрігер Талғат Жорабекұлы нәрестелер жансақтау бөлімшесін аралап, жұмыстарымен танысып, ауыр жағдайдағы сәбилердің жағдайларын талқылады.
Тәжірибе алмасу жоғары жиілікті осцилятор әдісімен тыныс алуды қолдау, балалардағы жедел бүйрек жетіспеушілігінде интенсивті емдеудің ерекшелілігі, балаларда орталық тамырды катетерлеу әдісін ультрадыбыстық бақылау, шоктар, респираторлы көмек тақырыбындағы дәрістерге жалғасты.
Сонымен қатар неонатолог-дәрігер экстремальды төмен және өте төмен салмақты нәрестелерді күтудің принциптері, ана сүтімен тамақтандыруды насихаттау және оны ұстану қағидаттары туралы да айтып өтті.