Қызылорда облысында қызылша жұқтыру деңгейі төмендеп келеді. Ақпан айының алғашқы аптасында 73 адам аталған ауруға шалдыққан, деп хабарлады Қазақпарат.
Былтыр қызылшаны жұқтыру дерегі көбейіп, өршуіне байланысты белгілі бір контингенттер арасында қосымша жаппай иммундау басталды. Бұл шара өткен жылдың 6 қарашасынан бастау алды.
«Қазірге дейін облыста иммундау барысында 67 166 адам екпе алды. Осы вакциналаудың ықпалымен қызылша бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді. Соңғы үш ай көрсеткіші бойынша былтыр қарашада 500, желтоқсанда 474 дерек ботіркелді. Ол биыл қаңтарда 366 жағдайға дейін төмендесе, ақпан айында 73 адамнан ауру анықталды. Бүгінгі таңда аймақ емханаларында қызылшаға қарсы иммундау жалғасып жатыр», – деп мәлім етті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Динара Жанабергенова.
Негізінен қызылша 5 жасқа дейінгі балаларда жиі кездеседі. Ересектерде қызылша ауруы балаларға қарағанда ауыр түрде өтеді.
«Көктемгі-қысқы кезеңде аурудың өршуі байқалады. Аурудан соң, қанда қызылшаға қарсы антиденелер түзіліп, иммунитет сақталады. Жаңа туған сәбилерде қызылшаға қарсы иммунитет қалыптасуы үшін аналардың да уақытылы вакцина алғандығы маңызды. Қызылша ауа тамшысы арқылы тез тарайды. Қызылшаға екпе алмаған адам науқаспен қысқа уақытта байланыста болса да жұқтыру қаупі өте жоғары», – деп толықтырды департамент басшысы.