Сенбі, 07 маусым, 08:15

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Қамқорлық» орталығының қамқорлығы

05.06.2025

31

0

kamkorlyq
Фото: Орталықтың мұрағатынан

2022 жылы облыстық көпсалалы балалар ауруханасы жанынан ашылған «Қамқорлық» оңалту орталығы бүгінде 4 мыңнан астам балаға медициналық көмек көрсетті.

Жалпы 60 төсек-орынға арналған ор­талық­та неврологиялық, кардиология­лық, ор­топедия-травматологиялық, ней­ро­­хи­рургиялық және туабітті сал ау­­руы­мен ауыратын, яғни оңалту ем-ша­ра­­сын қажет ететін балалардың  ем алуы­на барлық жағдай жасалған. Пе­даго­­гикалық, физиотерапиялық, гид­ро­ки­незотерапиялық бөлімнен тұра­тын емдеу орнында  реабилитолог, нев­­­ролог, ортопед, травматолог, кар­дио­лог, нейрохирург дәрігерлер, ло­го­пед, дефектолог, психолог,  эрго­те­рапевт  ма­­ман­дар және орта буын ме­дицина қызмет­керлері жұмыс атқа­рады.

Физиотерапиялық және гидроки­не­зотерапия бөлігінде электро ем-ша­ралары – магнитотерапия, электро­фо­рез, биоптрон, емдік бассейн, құрғақ және гид­рованна,  механотерапия жә­не иппо­терапия бар. Кинезотерапия бөл­месі   ем­дік денешынықтыру құрал жабдық­тары­мен қамтылған.

– Орталықта жылына 1200-ге жуық бала ем алады.  Түрлі ем-шара бар. Мә­­селен, емдік бас­сейн жүйке жү­­йе­сін ты­ныш­тан­дыруға, жүрек-қан та­мыр жү­йе­сін қал­пына келтіруге, тыныс алу жү­­­­йе­сін, бұлшықеттің жұмы­­сын жақ­сартуға, артық сал­мақ­тан ары­луға жақсы әсерін береді. Бас­сейнде бала терең  тыныс алады, бұл қан айна­лымын жақ­сартып, реттейді. Оны ДЦП, сколиоз, ос­теохондроз, жүй­­ке жүйесінің анок­сиялық ауру­ла­рын­да, миодистрофия, артық сал­мақты бала­лар­да жиі қолданамыз.

«Посейдон» құрғақ ваннасы –  орта­лық жүйке жүйесін, барлық  жүйке тал­шықтарын, бұлшықетті босатып, қан айналымын жақсар­тып, тыныш­тан­­дыру қасиетіне ие. Ор­ганизмге гид­ро-аэро мас­сажды әсер береді. Бұл ван­на­ны жүйке, жү­рек-қан тамыр жүйесі ауру­ларында, жарақаттан кейінгі  оңалтуда, ско­лиоз, артық салмақ,  балалар сал ауру­ларында  қолданып жатырмыз.

«Гейзер» бальнеологиялық ван­на жо­ғары қысымды суасты душ мас­сажы бар. Бұл процедура бұлшық­ет тонусын жақ­сартып, метоболизмді жыл­дамдатып, қан айналымды жақ­сар­тады.

Сонымен қатар шунгитті  кабинет бар. Ол шунгитті тастардан қаланған, ем­­дік мақсатта көп қолданамыз. Ал­лер­­­гиялық, асқазан, ішек жолдары ау­ру­ла­рында, респираторлы вирусты  ау­ру­лар­­да, бронхит, бронхиалды астма жә­­не психоэмоцинальді жағ­дай­ларды жақ­­сарту кезінде, тері-ве­не­рологиялық ауруларда жиі қол­данамыз.

Сенсорлық бөлме – бұл қабылдау жүйелерін, яғни иіс сезу, есту, көру, дәм сезу, есту органдарын ынталан­ды­­ра­тын арнайы құрал-жабдықтармен жаб­­­дықталған бөлме. Демалуға, қуат­тан­дыруға, дамытуға арналған.  Ар­найы жабдықтың арқасында  адамның көру, ес­ту, иіс сезімдері оянады. Бұл бөлме жүй­ке жүйесі зақымданған және аутистік спектрі бар балаларға жақ­сы көмегін береді.

Интерактивті бөлме экрандағы көр­сетілген сурет ойындары арқылы бала­ның ойлау, көру, есту, сезу қа­білеттерін дамытады. Көбінесе тіл ке­міс­тігі, ау­тизм, психомоторлы да­мудың қалыс қа­луында қолданы­лады, – дейді орталық меңгерушісі Алма Мұсафирова.

Мұнан басқа балалар массажы, емдік денешынықтыру, арнайы меха­никалық құрылғылар көмегімен тірек-қимыл ап­параты бұзылған балаларды емдеуге ар­налған механотерапия  бөл­месі бала­лардың сауығуына жақсы көмегін бере­ді. Аптасына бір рет ма­мандардың ұйым­дастыруымен топ­тық кондуктивтік терапия жүргізі­леді. Оған  орталықтағы емделуші  балалар толық қатысады. Ем-шара баланың топқа үйрену арқылы эмо­ционалдық тұрақтылығын нығайтып, өмірге жә­не емге деген ынтасын кү­шей­теді.

Мұндай орталық былтыр жазда Жа­ңақорған ауданында ашылып, қа­зір­гі кезде қарқынды жұмыс істеп тұр. Он­да орталық жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратында ақауы бар балалар емделеді. «Қазақ­стан хал­­қына» қорының қаржылан­ды­руы­­мен ел игілігіне берілген ор­та­лық­та 15 төсек тәуліктік стацио­нар, 5 төсек күндізгі стационар және 30 ба­лаға амбулаторлық көмек көрсету қа­рас­­тырылған. Орталық­та реаби­литолог, невролог, дефек­толог, логопед, эрго­те­рапевт, механо­терапевт, психолог, ем­деу-шынықтыру нұсқаушылары жә­не ор­та буын қызметкерлері жұ­мыс істей­ді. Ма­мандар Астана қала­сындағы Ұлт­тық балаларды оңалту орталығында оқы­тылып даярланған. 

Айнұр БАТТАЛОВА

syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика