Сенбі, 17 мамыр, 03:51

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Облыс әкімі: «Денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне 100 пәтерлік жаңа тұрғын үй салу жөнінде шешім қабылдадық»

16.05.2025

32

0

oblys kimi densauly sa tau salasyny yzmetkerlerine 100 p terlik zha a t r yn j salu zh ninde sheshim abyldady 56bb092f09
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін Қызылордада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасында тәуелсіз мейіргерлік қызметтің озық тәжірибелерін енгізу» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы сақтандыру кеңсесі басшысы Скендер Сыла, онлайн режимде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге, Германия, Қырғызстан, Латвия, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Финляндия мемлекеттерінің өкілдері, ғалымдар, барлық өңірдің денсаулық сақтау басқармасының басшылары, дәрігерлер, мейіргерлер, медициналық оқу орындары мен клиника басшылары қатысты.

Конференцияда аймақ басшысы денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналып 100 пәтерлік жаңа тұрғын үй салынатынын айтты.

Денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне 100 пәтерлік жаңа тұрғын үй  2.jpg

«Өңірде медицина қызметкерлерін шетелде оқыту үрдісі 5 жылдан соң қайта жаңғыртылып, қолға алынды. Саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету де басты назарымызда. Былтыр жергілікті бюджет қаражаты есебінен мамандар біліктілігін арттыруға 144 млн теңге бөлінді. Облыстың медициналық ұйымдарының 30 дәрігері хирургия, эндоскопия, неврология, кардиохирургия, неанаталды хирургия, балалар ортопедиясы бойынша Түркия, Ресей, Беларусь Республикаларының жетекші клиникалық-академиялық базаларында білім жетілдірді. Колледж оқытушыларының өзге елдерде тағылымдамадан өтіп, жастардың да тәжірибе алмасуы ертеңгі күні өз жемісін береді. Аймақта медицина мамандарын даярлауға, біліктілігін арттыруға әркез қолдау көрсете береміз. Бүгінгі жас маман – ертең адам өмірі мен денсаулығының сақшысы.

Өңірге аса қажетті медицина мамандықтары бойынша 176 резидент облыс әкімінің грантымен білім алуда. «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша маман даярлауға облыс әкімінің 177 білім беру гранты бөлінді. Халықаралық байланыстың артуы болашақ тәжірибелі мамандар даярлауға зор үлес қосуда.

Жалпы әлеуметтік сала қызметкерлерінің тұрмысына баса назар аударып, материалдық қолдауды тұрақты көрсетіп келеміз. Өткен жылы мәдениет саласының қызметкерлеріне алғаш рет көпқабатты тұрғын үй салынып, 40 жаңа қызметтік пәтер табысталды. Бүгінгі халықаралық маңызды шарада денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне де 100 пәтерлік жаңа тұрғын үй салу жөнінде шешім қабылдадық. Жақын арада құрылысы басталып, жыл соңына дейін табысталады», – деді Н.Нәлібаев.

Айта кетейік, соңғы екі жылда облыстың барлық елді мекеніндегі денсаулық сақтау мекемелеріне 225 жаңа санитарлық автокөлік табысталды. Халық сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз қамтамасыз етілді. Осылайша санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі толық шешімін тапты.

Аймақтың медицина саласын өркендетуге бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 4 млрд. теңге қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» орталығы ашылып, қажетті дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығын құны 1 млрд. 100 млн. теңге тұратын скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Мұндай кешен республиканың 3 өңірінде ғана бар. Қазір шалғай елді мекендердегі тұрғындарға тұрақты қызмет етуде.

Атқарылған жұмыстар нәтижесіз емес, өмір сүрудің орташа ұзақтығы облысымызда 74,5-тен 75,2 жасқа артты.

Денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне 100 пәтерлік жаңа тұрғын үй  1.jpg

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика