Қазақстанда жүрек-қан тамырлары аурулары әлі де аурушаңдық пен өлім-жітімнің басты себептерінің бірі болып саналады. МӘМС жүйесі аясында емдеудің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту мақсатында А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының кардиолог мамандары Қызылорда облыстық көпсалалы ауруханасында кеңес беру жұмыстарын жүргізіп, шеберлік сабақтарын өткізді.
Пациенттердің бірі 21 жастағы Перизат Сматқызы 14 жасынан бері дәрігерлердің бақылауында. Қызды ентігу, жүрек соғысының жиілеуі, әлсіздік және бас айналу мазалайды. Бұған дейін ол Астанада квота бойынша ота жасатқан болатын.
Бұл жолы кардиологтар Перизатқа күрделі тахикардия диагнозын қойып, Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы CARTO атты үшөлшемді электроанатомиялық карта жасау жүйесі арқылы диагностика мен емделуге Алматыға жолдады.
«Бұл әдіс жүректің анатомиялық құрылымын үш өлшемде көруге және тахикардия ошақтарын нақты анықтап, оларды жоюға мүмкіндік береді. Мен МӘМС жүйесінде сақтандырылғанмын, жұмыс істеймін. Барлық медициналық қызметтерді тегін аламын. Жалпы, медсақтандырудың арқасында емделуге үлкен көмек алдым», – деді Перизат.
Алматылық кардиохирургтар жүрекке катетерлік абляция жасау әдісін қолданды: катетер қан тамыры арқылы жүректегі аритмия көзіне жеткізіледі және бұзылған ырғақ көзі радиожиілік импульсінің көмегімен жойылады.
«МӘМС жүйес озық технологияларға қол жеткізу ғана емес, сонымен қатар медициналық ұйымдар арасында бәсекелестіктің артуына ықпал етуде. «Қаражат пациентпен бірге жүреді» қағидаты оң нәтижесін беруде», – деді А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы бөлімінің меңгерушісі Әділ Баимбетов.