Жұма, 22 қараша, 01:29

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Байқоңыр қаласы мен Қазалы ауданы тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетілді

31.05.2024

265

0

Байқоңыр қаласы мен Қазалы ауданы тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетілді

Мамыр айының 13-31 аралығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Байқоңыр қаласы мен Қазалы ауданы тұрғындарына жылжымалы медициналық кешен арқылы халықты онкологиялық скринингтен және профилактикалық тексеруден өткізу жұмыстары жүргізілдi.

Ауыл тұрғындарын медициналық көмекпен қамту мақсатында ұйымдастырылған мобильды бригада құрамы онколог дәрігер, ультрадыбыстық зерттеу, сәулелік диагностика дәрігері, рентгенолог және т.б. мамандармен қамтылды.

Байқоңыр қаласы бойынша алғашқы тексеру нәтижесінде дәрігер қабылдауында барлығы 80 тұрғын кеңес алса, маммографиялық зерттеуден 80 әйел өттi. Оның ішінде МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар саны — 15. Ал тексерiстiң екінші күнінде дәрігердің нұсқаулығымен 11 тұрғын УДЗ, 41 тұрғын КТ зерттеуінен тегін өткізілсе, онколог дәрігердің қабылдауында 34 тұрғын болды, оның ішінде 4 тұрғын МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Сонымен қатар, УДЗ зерттеуінен 31 және 90 әйел маммографиялық зерделеуден өтті.

Сондай-ақ, Қазалы ауданы бойынша онколог дәрігердің қабылдауында барлығы 37 тұрғын кеңес алса, маммографиялық зерттеуден 4 әйел өтiп, дәрігердің нұсқаулығымен 19 тұрғын УДЗ, 17 тұрғын КТ зерттеуінен тегін өткізілді. Бұндай зерделеу түрлері өз кезегінде қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтап, алдын-алуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Сонымен қатар Байқоңыр қаласының тұрғындарына жылжымалы кешеннің жетекшісі Құлмағанбетов Айдос Қалдыбекұлы, Байқоңыр қаласы көп бейінді ауруханасының бас дәрігері Кенжебаев Сұлтанбек Айбасұлы және бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Игенбаев Ержан Куандықұлы тарапынан халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізiлiп, қатерлі ісіктің алдын алу, дер кезінде арнайы тексерулерден өту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы ақпараттар беріліп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді.

Аудан орталықтарынан алыс ауылдардың тұрғындарына сапалы медициналық қызмет пен жәрдем ұсыну бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласының басты мiндеттерiнiң бiрi десек, осы мәселені шешудің бір жолы ретінде жылжымалы медициналық кешенді атауға болады.

Қазіргі таңда облыстық онкология орталығына «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы алынған жылжымалы медициналық кешен Байқоңыр қаласынан бастап облысымыздың барлық аудандарына барып қызмет көрсетiп келедi.

Екі көліктен тұратын жылжымалы медициналық кешен томосинтез функциясы бар сандық маммографиялық жабдықпен, сарапшылық деңгейдегі ультрадыбыстық жүйемен және жоғары дәлдікпен зерттейтін компьютерлік томографпен жабдықталған. Екі құрал да Жапонияда жасалған. Мұндай кластағы және конфигурациядағы медициналық жабдық Қазақстанда алғаш рет қолданысқа беріліп отыр. Осының арқасында елді мекен тұрғындары ауылдан алыстап шықпай-ақ, тегін КТ, маммографиялық зерттеу, УДЗ сынды өзгеде қызмет түрлеріне жүгіне алады.

Бұл зерделеу жұмыстары МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған мәртебесі бар тұрғындарға еш кедергісіз тексерілуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кешенде мүмкіндігі шектеулі жандарға да барлық жағдай жасалынған.

Халық үшін қолжетімді және тиімді медициналық көмек түрлерінен мүмкіндікті пайдалана отырып денсаулық жағдайын тегін зерделеуден өткiзетiн жылжымалы медициналық кешен жұмысы мамыр айының 31-ші жұлдызында өз мәресіне жетті.

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика