Жұма, 22 қараша, 22:23

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордада ең мықты ІТ мамандар даярланбақ

18.04.2024

269

0

Қызылордада ең мықты ІТ мамандар даярланбақ
Фото: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

Оңтүстік Кореяның Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетімен (СеулТех) Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасындағы келісімге сәйкес Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Жасанды интеллект институты ашылды. Мұнда қыркүйектен бастап ІТ сала бойынша еліміздегі ең үздік мамандар білім алмақ. 

Қазіргі заманның сұранысына сай ашылған жасанды интеллект институты (“Institute of аrtificial іntelligence) оқуға түскен талапкерлерге 4 мамандық ұсынады. Атап айтсақ, Information systems (Ақпараттық жүйелер), Cybersecurity system (Киберқауіпсіздік жүйесі), Computer science (Компьютер ғылымы), Computer software and programming (Компьютерлік бағдарлама және бағдарламалау). 

Білім алушылар бағдарламалау негіздерін, үлкен деректерді талдау және жасанды интеллект, сондай-ақ машиналық оқыту сынды сұранысқа сай кәсіби дағдыларды да үйренеді. 

Қазіргі уақытта білім ордасында СеулТех-пен бірлескен халықаралық LUPIC жобасы бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. 

Тарқатып айтар болсақ, 2021 жылы Қорқыт ата университеті мен Оңтүстік Кореядағы Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті (СеулТех) серіктестік орнатып, «Халықаралық ынтымақтастық бойынша жетекші университеттік жоба» (LUPIC) әзірленді. 

Студенттер мен профессор-оқытушылар академиялық ұтқырлық және бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша СеулТех университетінде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өте алады. Ал кореялық ғалымдар өз тәжірибесімен бөлісу үшін Қызылордаға шақырылады. 

Жасанды интеллект институтының ашылуы облыстың дамуына, еліміздегі ІТ саланың білікті мамандармен толығуына жол ашады. Отанымыз ғана емес, алыс-жақын шетелдер үшін жасанды интеллект саласындағы бірегей кадрлардың даярлануына ықпал етеді.

Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылғы 1 қыркүйекте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллект технологияларының дамуы ел болашағы үшін стратегиялық маңызды бағыт екенін атап өтті. Мемлекет басшысы жасанды интеллект технологиясын дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Алдағы бірнеше жылда әлем бойынша бұл салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады.

Сондықтан Қызылордада Жасанды интеллект институты ашылуының ел дамуы үшін маңызы зор. 

–Жалпы, шетелдік оқу орны жоба бойынша заманауи құрылғылармен де қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта Сеултех университетінен Қорқыт ата университетіне 190 компьютер, 8 сервер, Дрон зертханасы, AR/VR құрылғылар және видеоконференц байланысқа арналған құрал-жабдықтар келуде. Сондай-ақ, Жасанды интеллект инстиутында оқыған студенттеріміздің Оңтүстік Корея мен Қазақстандағы оқу орнының дипломын бірдей алуына мүмкіндік беретін «қос дипломдық жүйе» туралы келіссөздер жүргізудеміз. 

Бұл уақытқа дейін Оңтүстік Кореядан бірнеше профессор келіп, білім алушыларға дәріс өткізіп, тәжірибесімен бөлісіп үлгерді. Болашақта да Сеултех университетінің ең үздік профессорлары білім беруге келмекші.

Жасанды интеллект институтына оқуға түсу үшін биылғы түлектер «информатика + математика» пәндері бойынша ҰБТ тапсыруы керек. Кейін міндетті түрде біздің ағылшын тілінің деңгейін анықтайтын сынағымыздан өтуі қажет немесе IELTS 5+ сертификаты жарайды. Себебі бізде білім алу толық ағылшын тілінде жүргізіледі, – деді Жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Құлмырзаев. 

Бүгінде еліміз бойынша «Қызылордада ең мықты ІТ мамандар даярланады деген көзқарас» қалыптасып келеді. Бұған сырбойылық жастардың ІТ саласындағы жетістіктері де дәлел. 

– Қызылордада «жақсы ІТ маман болғың келсе, басқа қаладағы ЖОО-да оқы» деген пікір бар. Біз қазір сол көзқарасты өзгертуге жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін ғана Алматыдағы Нархозға кетіп қалған оқушым хабарласып, «ағай, сіздердің қандай жетістікке жеткендеріңді көріп отырмын, келесі жылы Нархоздан Қорқыт ата университетіне ауыссам бола ма?» деп жазса,  екі-үш күн бұрын атыраулық оқушы «Қорқыт ата университетіне қалай түссем болады?» деп хабарласты. 

Ал осы аптада өзіміздің студенттеріміз оқушылармен калобарация жасап, Түркістанда өткен республикалық жарыста І орын алып келді. Мұның бәрі, әрине, біртіндеп Қызылорданың имиджін көтереді. Бастысы жасанды интеллект, ІТ сала бойынша Сыр өңірінде үздіктер дайындалады, мықты мамандар жұмыс істейді деген көзқарас қалыптасуда. 

Қазіргі уақытта жас мұғалімдердің арасында, Оқушылар үйінде де мықты бағдарламышалр жинақталған. Ешкімнің атын айтпай-ақ қояйын, есіме түспей қалғандары ренжіп қалар… Ең бастысы, бұрын өзіміз дайындаған жастар қазір өздері команда құрып, жаңа жобалармен айналысуда. Бұл – өте қуанатын жағдай, – деді Нұрлан Құлмырзаев. 

Айта кетейік, 2023 жылдың 6 қарашасында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебінің ресми ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, информатика және инженерия кафедрасының профессоры, LUPIC (Leading University project for International Cooperation) жобасының Қазақстандағы орталығының директоры, Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінің (СеулТех) кванттық жасанды интеллект қауіпсіздігі әлемдік орталығының директоры Джесу Ким, LUPIC жобасының Қазақстандағы орталығы директорының орынбасары  Ким Сунгон, профессор-оқытушылар құрамы мен IT саласы бойынша жұмыс берушілер қатысты.

Жиында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жобаның маңыздылығына тоқталған болатын.

«2029 жылға дейін есептелген «Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші университеттік жоба» (LUPIC) IT технологиялар саласында адами капиталды қалыптастыру, тәжірибе және ғылыми зерттеу нәтижелерімен өзара алмасу, сондай-ақ Корея мен Қазақстан арасындағы жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдіміз. 

Келесі жылдан бастап қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері міндетті түрде жасанды интеллектті зерделеу курсынан өтетін болады. Біз үшін жоғары оқу орнындағы әрбір студенттің цифрлық сауаттылықтан бөлек, жасанды интеллект саласын да меңгеруі өте маңызды. Сондықтан бізде Google компаниясымен арнайы курс әзірленді. Биыл оны 14 университетте пилоттық режимде іске қосамыз. Бұл тізімде Қорқыт ата университеті де бар», – деді министр.

Оқырмандар арасында СеулТех қандай университет дегген сұрақ та болуы мүмкін.

СеулТех – Кореяда 1910 жылы негізі қаланған ұлттық университет. Оқу орнында 23 факультет, 15 мыңға жуық студент бар. СеулТех Жоғары мектебінің ашылуына Қызылордада өмір сүрген Кореяның ұлттық батыры, генерал Хон Бом До сүйегінің тарихи отанына қайтарылуы ықпал етті. Қайта жерлеу рәсіміне Хон Бом Доны еске алу қоғамы белсенді қатысты.

Алдағы уақытта университетте СеулТех филиалы мен қос дипломды бағдарламасын ашу жоспарлануда, соның нәтижесінде түлектер СеулТехтің және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің дипломын ала алады.

Жасанды интеллект институтының табысты жұмыс істеуі облыстың дамуына және өңірлік IT хабты құрылуына драйвер болмақ. Сонымен қатар, республика мен таяу шет елдер үшін жасанды интеллект саласындағы бірегей кадрлардың даярлануына ықпал етеді.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика