Жұма, 22 қараша, 20:48

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордада 5 жаңа білім ордасы пайдалануға беріледі

17.01.2023

365

0

Бүгінде  облыста  білім ордаларының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Былтыр өңірде 6 жаңа мектеп, 19 балабақша, 1 оқушылар үйі пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 6 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта жаңартылды. Ал биыл аймақта 5 жаңа білім нысаны ел игілігіне берілмек. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов хабарлады.

«Өздеріңізге белгілі, білім саласы – жан-жақты әрі жүйелі жұмысты талап ететін ауқымды салалардың бірі. Осы орайда биыл өңірде бірнеше білім беру ұйымы пайдалануға беріліп, оқушылар жаңа ғимаратта сапалы білім алатын болады. Атап айтсақ, Жаңақорған ауданында 300 орындық мектеп, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп, Шиелі ауданы, Байсын ауылында 250 орындық білім ордасы мен Қызылорда қаласы, Бәйтерек мөлтек ауданында 600 орындық білім беру ұйымы халық игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, мектептерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету де – басты міндеттердің бірі. Осыған сәйкес, ауылдық елдімекендердегі 47 мектеп қайта жаңартудан өткізіліп,  51 мектепке пәндік кабинеттер жасақталатын болады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында осы жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Аталмыш жоба аясында алдағы 3 жылда облыста 15 100 орынға арналған 21 мектеп салынады деп жоспарлануда. Ал биыл 10 білім ордасының құрылысы басталады.  Апатты мектептерді жою бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Былтыр апатты деп танылған 6 мектептің үшеуінің мәселесі оң шешімін тапса, ал қалған 3 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынады. Жалпы жыл сайын мектептерде орын тапшылығы туындайтыны жасырын емес. Бұл қажеттілікті ескере келе, қаладағы Абай мектебіне 550 орын, №101 мектепке 375 орынға лайықталған қосымша құрылыс жұмыстары басталып, биыл табыстайтын боламыз. Осы арқылы көп жылдардан бері шешімін таппаған үш ауысымдық жүйенің мәселесі  түбегейлі шешіледі», — деді басқарма басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов.

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика