Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрметті профессоры, биология ғылымдарының докторы Келіс Жайлыбай атындағы дәрісхана ашылды. Саналы ғұмырын ізденіске, шәкірт тәрбиелеуге арнаған тұлғалы азамат 40 жылдан аса уақыт үзіліссіз қызмет атқарып, қалың қауымның ыстық ықыласына бөленген білікті мамандардың бірегейі.
«Келіс Нұрмашұлын белгілі күрішші ғалым, өсімдіктер физиологиясы, агрономия, ботаника, экология саласының білікті маманы деуге толық негіз бар. Ғалым 1998-2004 жылдары «Биология, география және экология» кафедрасында доцент қызметін абыроймен атқарды. Он жылға жуық ғұмырын университеттің дамуына, сапалы маман тәрбиелеуге арнады», – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Ғалымның зерттеу жұмыстарына арқау болған тақырыптары да ауқымының кеңдігімен ерекшеленеді. Негізгі ғылыми еңбектері Арал өңіріндегі күріш дақылының фотосинтезі және фотосинтетикалық өнімділігі теориясы мен күріштің жаңа сорттарының морфофизиологиялық әдістемелерін жасауға арналды. Тұзданған жерлерде күріш өсірудің сорттық жаңа жетілдірілген технологиясын тұжырымдап, өндіріске енгізді.
Профессордың экология және биология мамандықтары бойынша 2 оқулығы, 14 оқу құралы және 2 оқу-әдістемелік кешені жарыққа шыққан.
Салтанатты жиында Басқарма Төрағасы-ректор Бейбіткүл Кәрімова оқу орнымыздың стратегиялық дамуына қосқан үлесі үшін Келіс Нұрмашұлының қызы Ақмарал Келісқызы және шәкірті Бақыт Қуанышбекұлын «Қорқыт Ата атындағы Алтын медальмен» марапаттады. Жаңа аудиторияның тұсаукесер рәсіміне зиялы қауым өкілдері, Келіс Нұрмашұлының жақындары мен білім алушылар, БАҚ өкілдері қатысты.
Дереккөз: syrboyi.kz