Сейсенбі, 17 қыркүйек, 00:34

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қала мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды

01.09.2024

238

0

Қала мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды

1 қыркүйек – барша оқушы үшін ерекше мереке. Биылғы жаңа оқу жылында 8 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, қаламыздағы барлық білім ұяларында жылылық пен күн нұрындай мейірімнің, тәтті үміттің белгісі сезілгендей. Осы шуақты күнге орай шаһар басшысы Нұржан Ахатов Б.Момынбаев атындағы №278 ІТ мектебіне арнайы барып, алғашқы қоңырау салтанатына қатысты.

«Сіздерден сапалы білім, саналы тәрбие алып өскен бәсекеге қабілетті балаларымыз тәуелсіз еліміздің, Сыр шаһарының атын әлемге таныта берсін. Жаңа Қазақстанның шамшырағын жағатын жас ұрпақтың жолы ашық, мақсаты айқын, қадамы нық болсын. Әлемдегі ең құнды дүние саналатын білімге жол ашатын ұстаздарға табыс тілеймін!» — деген қала әкімі Нұржан Сәбитұлы білім саласындағы жетістіктер мен ауқымды жобаларға тоқталды.

«Бүгінгі таңда ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» идеясы білім саласындағы бірегей ұлттық жобаға айналды. Осы бағдарлама шеңберінде облыс орталығында заманауи 8 мектеп салынатын болса, оның 5-еуін жыл соңына дейін ашу жоспарлануда. Алдағы күндері 350 орындық заманауи «Оқушылар сарайы» пайдалануға беріледі. «Білімді қолдау қоры» есебінен физика-математика бағытындағы мектеп-интернатының құрылысы қарқын алды. Болашақ ел тұтқасы — жастарымыздың біліммен сусындап қана қоймай, спортпен шұғылданып, өнер-ғылыммен айналысуына мүмкіндік беретін «Инновациялық шығармашылық орталығы», «Үстел теннисі» орталығы мен халықаралық стандарттарға сай келетін 10 000 орындық «Орталық стадионның» және жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 650 орындық заманауи үлгідегі жаңа музыкалық колледжінің құрылысы жүруде. Осының барлығы Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен,облыс әкімінің үйлестіруімен жүзеге асуда. Ерекше атап өткеніміз жөн, қаладағы бірқатар білім мекемелерінің жанынан қосымша ғимараттар салынып, үш ауысыммен оқу толығымен жойылды. Ал, ғимараттары ескірген білім ұялары қайта жаңғыртудан өтті,» — деп білім саласындағы игілікті істердің жалғаса беретінін жеткізді.

Салтанатты шарада 1-сыныпқа қабылданған бүлдіршіндер ұстаздарына, ата-аналарына арнап тақпақ айтса, өнерлі шәкірттер әннен шашу шашты. Алғашқы қоңырау соғылып, мерекелік бағдарлама сыныптардағы тәрбие сағаттарына жалғасты.

FB_IMG_1725175335036.jpg
FB_IMG_1725175191869.jpg
FB_IMG_1725175349212.jpg
FB_IMG_1725175339312.jpg
FB_IMG_1725175353172.jpg
FB_IMG_1725175332313.jpg

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика