Бейсенбі, 02 қазан, 11:20

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Pizza Pitch: Жас стартапшылар жаңа идеяларымен бөлісті

01.10.2025

26

0

pizza pitch zhas startapshylar zha a ideyalarymen b listi 2bddf38c7e

Қыркүйектің соңғы күнінде Kyzylorda Hub алаңында ерекше атмосфера орнады: мұнда дәстүрлі Pizza Pitch шарасы өтті. Жас кәсіпкерлер, студенттер мен IT-ға қызығушы жастар бас қосып, сегіз бірдей жаңа жобаны көпшілік пен сарапшылар назарына ұсынды. Шараға шамамен елуге жуық көрермен қатысып, кеш бойы қызу пікірталас пен достық рух сезілді.

Pizza Pitch – жастарға өз идеяларын бейресми әрі еркін ортада таныстыруға мүмкіндік беретін шара. Бір жағынан, бұл кәсіби дағдыларды шыңдау алаңы болса, екінші жағынан – жаңа таныстықтар орнатып, болашақ серіктестер табуға тамаша мүмкіндік. Бұл жолғы жиын да дәл сондай бағытта өрбіді.

Pizza Pitch.jpg

Жобалар түрлі салаларды қамтыды. Бөлебай Бекболат пен Нуғуман Нұрдәулет стартап командаларына арналған бірыңғай экожүйе – Team Pass жобасын таныстырып, командалық жұмысты жеңілдетудің жаңа жолдарын көрсетті. Күнтуған Ұлан Telegram негізінде жұмыс пен жұмысшыны жылдам табуға көмектесетін Job Baraholka bot шешімін ұсынды. Мурзатай Тамирис күнделікті ас мәзірін әртараптандыруға бағытталған Mystery Meal Maker қосымшасын көрсетіп, пайдалы кеңестер мен рецепттерді бір жерге топтастырған. Ал Әміров Нұрсайыдтың Test Arena жобасы жасанды интеллект көмегімен оқу процесін ойын түрінде ұйымдастырып, тест тапсыруды қолжетімді етуге бағытталды.

Білім беру саласын қолдаған тағы бір жоба – Жәріш Жанболаттың YqylasEdu платформасы. Бұл жүйе шет тілдерін үйренуді, университет курстарын шағын форматта меңгеруді жеңілдетеді. Құқық саласында Молдабек Ерасыл әзірлеген LawLay қосымшасы заңгерлерге кәсіби процестерін жылдам әрі тиімді атқаруға жәрдемдеседі. Ал Қанат Ернұр мен Әбдіқадыр Ильяс ұсынған IAI API Platform – Қазақстандағы алғашқы локальды жасанды интеллект платформасы. Оның басты мақсаты – студенттер мен әзірлеушілерге озық үлгідегі ЖИ модельдеріне қолжетімділік беру. Шара соңында Серікбаев Дархан құрылыс материалдарын өндірушілер мен сатып алушыларды біріктіретін Bmarket маркетплейсін таныстырды.

жас стартапшылар жаңа идеяларымен бөлісті.jpg

Кеш бойы қазылар алқасы жас кәсіпкерлердің ұсыныстарын мұқият тыңдап, пайдалы кеңестерін айтты. Қазылар құрамында маркетинг маманы Әбдіраззақ Асхат, кәсіпкер әрі қаржыгер Нуржан Оналбаев, бэкенд-әзірлеуші Нұрхан Кенжебеков, IT-саласының маманы Оразбахов Айбек және продакт-маркетинг менеджері Амина Султанбекова болды. Олар стартапшыларға жобаларын жетілдіру жолдарын ұсынып, болашақта қандай қадамдар жасау керегіне назар аудартты.

Шара бейресми әрі еркін форматта өткендіктен, жас стартапшылар тек өз жобаларын таныстырып қана қоймай, пицца үстінде еркін әңгімелесіп, жаңа таныстар тапты. Кеш соңында қатысушылардың барлығына арнайы сертификаттар табысталды.

Pizza Pitch Қызылордада жастарды қолдаудың маңызды бастамасына айналып келеді. Бұл шара тек жаңа идеялар алаңы ғана емес, болашақ кәсіпкерлер үшін үлкен тәжірибе мектебі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Салтанат СЕЙТЖАН, 

Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының менеджері

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика