Қызылордадағы отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беруге бағытталған мекеме. Балалар ауылында түрлі ұлт өкілдерінің балалары тәрбиеленуде, олар орыс тілімен қатар қазақ тілін де жетік меңгерген.
Балалар ауылы өз жұмысын 2015 жылы 1 маусымда бастаған. Содан бері 72 түлек түлеп ұшты. Түлектердің өмірін жоспарлау мен жұмыспен қамту бойынша жасалынған жұмыстардың нәтижесінде 20 бала жоғарғы оқу орнымен қамтылған. Ал, 52 бала орта арнаулы оқу орнына түскен. Бұл шаңырақта түлеп ұшқан 44 тәрбиеленуші тұрғын үйге ие болды. Сонымен қатар 20 жас шаңырақ көтерді.
«Атамекен» балалар ауылында негізгі 5 міндет бойынша жұмыс жүргізіледі. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларға орналастыру. Балалар ауылының тәрбиелік қызметін актуализациялау және білім беру. Тәрбиеленушілердің өмірін жоспарлау және жұмыспен қамту. Тәрбиеленушілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, тәрбиеленушілерді әлеуметтік қорғауды, медициналық, психологиялық, психологиялық-педагогикалық жағынан оңалдыруды, балалар денсаулығын сақтау мен нығайтуды қамтамасыз ету. Жеке тұлғаның ақыл-ой, эмоциялық және денелік дамуына себеп болатын үй жағдайларына жақындатылған қолайлы жағдайлар жасау», — дейді балалар ауылының директоры Лиза Скакова.
Қазіргі таңда өмірден өз орнын тапқан түлектердің көпшілігі ата-аналарын қолдарына алып, бір дастарқан басында жиналған ұйымшыл отбасы болып отыр. Бүгінде «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында 3 жастан 18 жас аралығындағы 47 бала тәрбиеленуде.
«Атамекен балалар ауылында үздіксіз жүргізілетін жұмыстың бірі-тәрбиеленушілерді отбасына орналастыру. 2015-2023 жылдары 36 тәрбиеленуші отбасына қосылды. Олардың 8-і өз ата-анасына қайтарылды, патронаттық тәрбиеге 10 бала берілді. Ал, қорғаншы болып белгіленген ата-анаға берілген тәрбиеленушілер саны – 18» — деді Лиза Ноғайқызы.
Мұндағы қызметкерлер балаларға тәрбие беріп, олардың өмірде өз жолдарын табуға, нық қадаммен үлкен жетістіктерге жетуге бағыттауда өз үлесін қосып, аянбай тер төгіп жатыр. Балдырғандарға білім беріп қана қоймай, жақсы қасиеттерді бойларына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беріп, өнерде де, спортта да бірқатар жетістікке жетулеріне үлес қосуда.
Дереккөз: Kyzylorda-news.kz