Дүйсенбі, 20 қазан, 20:54

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Геймификация, идея және интеллект: жаңа дәуір педагогтерінің форумы

20.10.2025

11

0

ac5cd1c0 203f 4ba1 af80 5357936e0e83
Фото: НЗМ

Педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жалпы білім беретін мектептердің жас педагогтеріне арналған дәстүрлі «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» IV аймақтық форумы өтті. Шараға аймақтағы 150-ге жуық ауыл мұғалімдері қатысып, кәсіби білімдерін арттырды.

Форум ашылу салтанатында Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Қанатов пен Педагогикалық шеберлік орталығының филиал директоры София Камалова сөз сөйлеп, жас педагогтердің білім беру жүйесіндегі белсенді рөлін атап өтті.

«Биылғы форумды жасанды интеллект тақырыбына арнадық. Шараларды барынша заманауи бағытта өткізіп, жас педагогтердің тәжірибе алмасуына жағдай жасадық. Мұндай басқосулар ұстаздардың кәсіби дамуына, шығармашылық әлеуетін арттыруға және білім беру саласында жаңа идеялардың қалыптасуына жол ашады», – деді София Камалова.

Геймификация, идея және интеллект: жаңа дәуір педагогтерінің форумы

Форумның мотивациялық алаңында өңір мен елдің танымал тұлғалары өз табысты тарихтарымен бөлісті. Олардың қатарында өңірдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Акбар Тусупбаев, ғалым Нұрбол Аппазов, ақын және аудармашы Абай Қалшабек, Жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Құлмырзаев және жас ұстаз Балдырған Қожатай болды.

«Педагогикалық тәжірибелер кеңістігі» тәжірибелік бөлімі түрлі бағыттағы шеберлік сабақтарымен ерекшеленді. Мұнда мұғалімдер сабақ үрдісінде жасанды интеллект құралдарын қолдану, геймификация енгізу және пәнаралық интеграция әдістерімен танысты.

Сырдария ауданындағы №210 мектептің математика пәні мұғалімі Заманбек Аманбеков «Gamification in Math» атты шеберлік сыныбын өткізіп, математика сабағын ойын арқылы түрлендірудің тиімділігін көрсетті.

«Қазіргі таңда оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырудың маңызды тетігі – геймификация. Мен әзірлеген «MathBox» жиынтығында математикалық UNO карточкалары, комикс QR-кодтары мен шағын тақтайшалар бар. Бұл құралдар сабақты ойын элементтерімен және жасанды интеллект мүмкіндіктерімен толықтыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда оқушылардың үлгерімі 63 пайызға артты», – дейді жас педагог.

«Brain Boost» және «Generation A» IDEA-марафоны сынды командалық ойындарда қатысушылар логикалық ойлау мен коммуникациялық дағдыларын дамыта алды. Ал «Жүзден жүйрік» интеллектуалды сайысында білім мен жылдамдық сынға түсті.

Форум соңында «Форум барометрі» кері байланыс алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар өз әсерлерімен бөлісті.

«Жас ұстаз: табысқа апарар жол» форумы – Сыр өңірі мұғалімдерінің кәсіби ынтымақтастығын нығайтып, жас педагогтердің шығармашылық және инновациялық әлеуетін ашуға бағытталған маңызды білім алаңы болды.

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика