Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Korkyt ata Endowment» корпоративтік қоры мен Жаратылыстану институтының «Биология, география және химия» білім беру бағдарламасының бірлесуімен техника ғылымдарының кандидаты, профессор Анипа Тапалованың атаулы стипендиясын тағайындау бойынша алғашқы конкурс өткізілді.
Жиынды Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай және Жаратылыстану институтының директоры Нұрлыбек Ахатаев ашты.
Конкурстың мақсаты — университетіміздің білім мен ғылымға ынталы, жоғары академиялық көрсеткіштерге ие, белсенді және жауапкершілігі жоғары студенттерін қолдау және ынталандыру. Бұл мүмкіндік «Химия» және «Химия-Биология» білім беру бағдарламасының студенттеріне арналды.
Комиссия құрамына «Korkyt ata Endowment» қорының қамқоршылық кеңесінің мүшелері мен профессор-оқытушылар кірді.
Сарапшылардың шешімімен Ұлбала Әріпжанова, Шахназ Уалиханова, Жандос Әбдіхамит атаулы стипендияның иегерлері атанды.