Аймақтың білім саласы «Білімді ұлт. Сапалы білім беру» ұлттық жобасы және ҚР мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген индикаторларға қол жеткізу бағытында жүргізілуде.
Жан-жақты қолдаудың нәтижесінде, Сыр елінде жүйелі жобалар жүзеге асырылуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына келген облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет салада атқарылған жұмыстарға қорытынды жасады.
Балаға білім беруде алтын ұяның алар орны айрықша. Жаңа оқу жылының басында облыс орталығындағы үш ауысымда оқыту қаупі бар 6 мектептің 4-не 1850 орынға арналған жаңа қосымша ғимараттар пайдалануға берілді.
– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 12 300 орындық
21 мектеп салынады. Арал ауданында — 4, Қазалы, Қармақшы және Жаңақорған аудандарында – 2 жайлы мектептен, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандарында — 1 мектептен, Қызылорда қаласында – 8 жайлы мектеп бой көтереді. Қанша жыл мәселесі шешілмей тұрған Бәйтерек мөлтек ауданынан 600 орындық жаңа мектеп ел игілігіне берілді, — деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Білім балдәурен сәттен басталады десек, балабақшадағы тәлім-тәрбие баланың танымын арттырады.Мұнда тәрбиешілердің еңбегін айтып өткен жөн. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 6 160 балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30 пайызға көбейген.
Ұстаз – ұлттың бағдаршамы. Ұлы міндетті алтындай арқалаған мұғалімдердің қажырлы еңбегі көпке үлгі. Президент тапсырмасы аясында соңғы 4 жылда мұғалімдердің жалақысы 100 пайызға артты. Бұл ұстаз еңбегінің ескерілгені.
Білімдінің өрісі кең. Биыл қызылордалық 102 озат оқушы халықаралық, республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпазы атанды. Облыстың пәндік олимпиадалық командасы жаратылыстану – математика бағытында республикада командалық есепте ІІ орынды, қоғамдық – гуманитарлық бағытта ІІІ орынды иеленді.
Білім – баға жетпес байлық. Саладағы атқарылып жатқан тың дүниелер, оқушылардың олимпиадалардан ой бойы озық шығуы облыстағы білім деңгейінің жоғары екендігін көрсетеді.
Дереккөз: Kyzylorda-news.kz