Бейсенбі, 28 қараша, 03:26

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Жүз жасаған абыз атаны ардақтады

27.11.2024

51

0

Жүз жасаған абыз атаны ардақтады

Бүгін Ұлы Отан соғысының соңғы сарбазы, шаһардағы жалғыз майдангер Әбдірахман Бәйтіков ақсақал 100 жасқа толды.

​Ғасыр ғұмырдың иесіне сәлем бере барған қала әкімі Нұржан Ахатов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкизат Төребаев жаужүрек жауынгердің өнегелі өмір жолы кейінгі буынға үлгі екенін елеп, қазақы дәстүрмен иығына зерлі шапан жапты. Сонымен қатар, қарттарымызды қазынамыз деп құрметтейтін аймақ басшысының арнайы құттықтауын жеткізіп, 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Қарт майдангер өз кезегінде сый-құрметке разылығын білдіріп, егемен елімізде ендігі жерде сұрапыл соғыс болмай, бейбіт өмір береке-бірлік әкелсін деп ақ батасын берді.

​Рух пен намыстың, батырлықтың белгісіндей болған Әбдірахман Бәйтіков 1924 жылдың 27 қарашасында Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1930-1934 жылдары Өзбекстанның «Кооператор» колхозында жеті жылдық мектепте білім алып, 1942 жылы Қызылорда қаласындағы мұғалімдер техникумына түскенімен, оқуы бітпестен әскер қатарына шақырылған.

​Ол 1942 жылдың аяғында Түркменстанның Ашхабад қаласында кіші командирлер дайындайтын курсқа жіберілді. Алайда, соғыс жағдайы оны аяқтауға мұрша бермеді. Бар-жоғы 18 жастағы жігіт Курск, Орел қаласының Курск доғасы ПТР бөлімінде жаяу әскер қатарында оқ пен оттың арасында Отан үшін жанқиярлықтың ерен үлгісін көрсете білді. 1943 жылдың тамыз айының аяғында Курск доғасында ауыр жарақат алып, 1944 жылы 20 жасында ІІ-ші топ мүгедегі болып елге оралды.

​Соғыстағы ерлігі үшін Совет Одағының маршалы Г. Жуковтың ІІ дәрежелі және мерекелік бірнеше медальмен марапатталған. Соғыстан кейін «Комсомол» совхозында отыз жылдай қой фермасында, колхоз кеңсесінде есепші болып, 1985 жылы еңбек зейнетіне шыққан.

​Әбдірахман ақсақал марқұм жұбайы Абуова Кеңескүл екеуі 9 бала өсіріп, олардың жоғары білім алуына қажетті жағдай жасады. Бүгінде перзенттерінен 30 немере, 6 шөбере сүйіп отыр. Жеңісті жақындату жолында жан аямай шайқасып, бейбіт күнде ел берекесін қаласқан майдангер үлкен шаңырақтың бақ айналып қонар қасиетті тұғыры, берекесі мен ұстыны, ақылгөйі мен тілеуқоры.

2.jpg

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика