Сейсенбі, 24 ақпан, 02:35

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Сыр елінде Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған еске алу кеші өтті

21.02.2026

10

0

641353570 1213256094328966 520008825021882121 n
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Өнер орталығында» композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған еске алу кеші өтті, деп хабарлады Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің елшілері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, композитордың жары Баян Дүйсекеева, баласы Нұркен Дүйсекеев пен туған-туыстары арнайы қатысты.

639783632 1213255880995654 171667942626016861 n

Кеш туған жерін ән қанатында тербеген композитордың шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетілімінен басталып, концерттік бағдарламада ел жадында жатталған таңдаулы туындылар орындалды. Атап айтқанда «Асыл ана», «Ойлан, балам», «Өмір, өмір», «Анаға хат», «Ойлайсың ба, жаным», «Ақ қар», «Ғашық әнім», «Өкінбе сен» әндері көрермен назарына ұсынылды. Сахна төрінде Қазақстанның Халық артисі Роза Рымбаева «Сәлем саған, туған ел» әнін әуелете шырқады. Ал Мәдина Сәдуақасова Исраил Сапарбайдың сөзіне жазылған «Теңеу бар ма саған?» әнімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ Жұбаныш Жексенұлы «Туған жер» әнін әсерлі орындап, кештің сәнін кіргізе түсті.

641366639 1213256174328958 1479141758782140882 n
638399574 1213255737662335 6699060304273275240 n

Кеңес Дүйсекеев – қазақ музыка өнерінің алтын қорына енген бірегей шығармалардың авторы, ұлттық рух пен заманауи әуенді шебер ұштастырған көрнекті композитор. Ол ұлттық эстрада мен симфониялық музыкада өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, қазақ ән өнерін жаңа деңгейге көтерген тұлға.

Композитордың «Қаракөзайым», «Домбыра туралы баллада», «Сәлем саған, туған ел!» сынды алғашқы туындыларының өзі-ақ қалың жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген. Әлем сахналарында қазақ әнін асқақтатқан Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Қарағым-ай» әні мыңдаған шетелдік тыңдарманның зор қошеметіне ие болды.

2006 жылы композитордың 60 жылдық мерейтойына орай «Туған жер» атты композиторлар мен әншілердің облыстық байқауы ұйымдастырылды. 2008 жылы бұл өнер додасы республикалық деңгейге көтеріліп, талай дарынды жастың шығармашылық жолына серпін берді, үлкен сахнаға жол ашты. 2013 жылдан бері халықаралық мәртебеге ие болған конкурс жыл сайын Өзбекстан, Қырғызстан, Польша, Болгария сынды алыс-жақын шетелдерден жиналған таланттарды бір арнаға тоғыстырып келеді.

641384202 1213255957662313 7186714814056292389 n
638471714 1213255674329008 7582643679938090223 n

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика