Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық құрылтайдың V отырысында жоғары білім мен ғылымды дамытуға қатысты көзқарасын білдірді. Министрдің айтуынша, еліміздің ертеңі – бүгінгі білім мен ғылымға қойылатын талаптан және ұлт ретінде өз күшіне деген сенімнен бастау алады.
– Қасиетті Ұлы Далада ұрпақтың өрісін кеңейтетін ең үлкен капитал – сапалы білім, ал мемлекеттің бәсекеге қабілетін арттыратын ең мықты тірек – ғылым мен технология, – деді министр.
Ұлттық құрылтай отырысында Саясат Нұрбек 2023–2029 жылдарға арналған Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасын іске асырудың негізгі бағыттарын баяндады. Оның айтуынша, бұл құжат – мемлекеттің ұзақмерзімді тұрақтылығы мен жаңғыруын қамтамасыз ететін нақты басқарушылық карта.
Министр демографиялық өсім, еңбек нарығының өзгеруі, технологиялық бәсеке және қоғамның әлеуметтік әділеттілікке деген сұранысы университеттердің сапасы мен ғылым саясатының тиімділігіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Алдағы жылдары 18 жасқа толатын жастар санының едәуір артуы жоғары білімге сұранысты күшейтпек.
Осыған байланысты тұжырымдама аясында қолжетімділік пен тең мүмкіндікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шаралар қабылданған. Атап айтқанда, гранттар көлемін ұлғайту, шәкіртақыны кезең-кезеңімен арттыру, сараланған гранттар мен жеңілдетілген білім беру кредиттері енгізілуде. Сонымен қатар «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі мен «Ұлттық қор – балаларға» бастамасына негізделген жаңа қаржылық архитектура қалыптасуда.
Тұжырымдаманың екінші стратегиялық бағыты – технологиялық бәсекеге қабілет пен интеллектуалдық егемендік. Бүгінде елімізде 122 жоғары оқу орны мен 724 мыңнан астам студент бар. Осы әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында жасанды интеллект бойынша ЖООаралық стандарт қабылданып, жаңа білім беру бағдарламалары әзірленуде. AI-SANA бағдарламасы базалық даярлықтан бастап, зерттеу, жобалау және нарыққа шығуға дейінгі толық технологиялық экожүйені қамтиды.
Сонымен қатар университет ғылымын жаңа деңгейге көтеру үшін 42 PFLOPS қуаттылығы бар Академиялық кластер құру жоспарланып отыр. Бұл инфрақұрылым үлкен деректермен жұмыс істейтін, әлемдік деңгейдегі зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
Үшінші бағыт – ғылым мен экономиканың нақты байланысын күшейту. Министр ғылымды формалды есеп үшін емес, нақты нәтиже үшін дамыту қажеттігін атап өтті. Ғылыми ұйымдар мен ЖОО-ларға сатып алу рәсімдерін жеңілдету, қаржыландыруды арттыру, жас ғалымдарды қолдау және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру – осы саясаттың негізгі тетіктері.
Төртінші стратегиялық блок халықаралық әріптестік пен адами капиталдың құндылықтық негізіне арналған. Шетелдік университеттердің филиалдары мен серіктестіктері білім трансферті мен зерттеу мәдениетін дамытуға ықпал етсе, «толық адам» идеологиясы жауапты әрі саналы азамат қалыптастырудың өзегіне айналмақ. Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру, цифрлық тілдік жобалар мен ұлттық тіл моделін әзірлеу де осы бағыттағы маңызды қадамдар ретінде аталды.
– Қолжетімділік, сапа, оқытушы әлеуеті, есептеу инфрақұрылымы, индустриямен байланыс және ғалымның әлеуметтік мәртебесі бір жүйеге айналғанда ғана білім мен ғылым ұлттық қуатқа айналады, – деді Саясат Нұрбек.
Министр атап өткендей, бұл – 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдаманың негізгі мәні және Қазақстанның келесі даму кезеңіне арналған нақты басқарушылық негіз.





