Қызылордада Ұлттық домбыра күнінде «Домбыра – халық мұрасы» фестивалі өтті. Жаңарған Орталық алаңдағы тағылымды іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев, ардагерлер, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым, азаматтық қоғам өкілдері мен белсенді жастар қатысты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жерлестерін мерекемен құттықтап, әр қазақтың асыл қазынасы — домбыраның қасиетті Сыр елі үшін ерекше маңызын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде «Азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деген болатын. Биыл «Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінде «Руханият жылы» жарияланды. Мерейлі жыл аясында тек мәдени-көпшілік шаралар ғана емес, ауқымды жобалар жүзеге асырылады. Наурыз мерекесінде 1000 орындық «Өнер» орталығы пайдалануға берілді. Қызылорда қаласының сол жағалауынан облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратының құрылысы басталды. Жыл соңына дейін Сыр өңірінің жазба мәдениетін насихаттайтын «Алаш әдебиеті» музейі ашылады. Барлық 7 ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін, типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары салынуда. Облыс орталығында «Шығармашылық академиясы», 2 ауданда Оқушылар үйі мен Өнер мектептерінің құрылысы жүруде. «Саутс ойл» компаниясының демеушілігімен мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне өзіндік үлесін қосқан Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты салынуда. Былтырдан бері қасиетті мекеннің абыройын асырып, бақ-беделін сақтауға үлес қосып жүрген мәдениет және өнер, әдебиет өкілдеріне облыс әкімінің «Тұран» арнайы сыйлығын табыстауды бастадық. Аудандардағы өнер ұжымдарына 100 домбыра тарту етілді. Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында республикада алғашқы болып 171 мәдениет үйі мен клубтарда 7 бағыт бойынша «Адал адам – мәдени-тәрбие беру орталығы» жобасы іске асырылуда», — деді аймақ басшысы.
Мерекелік кеште Базардың термесі, Жиенбайдың жыр бастауы, «Жез киік», «Терісқақпай», «Сарыарқа» секілді туындылар орындалды.
Айта кетейік, облыстағы мәдениет үйлері мен клубтарда 100-ден аса жыр-терме, домбыра үйірмесі жұмыс жасап, оларда 1000-нан астам балалар мен жасөспірімдер дәстүрлі өнерге тәрбиеленуде. Облыс көлемінде ұлт аспаптар оркестрлері, фольклорлық ансамбльдер және этно-топтар халыққа рухани-мәдени қызмет көрсетіп келеді. Кешелі бері Сыр аспанын дала дауылпазы — домбыра үніне толтырған «Сыр толқыны» республикалық күйшілер байқауы ұлт өнерін тағы бір биікке көтере түсті.
Өңірде айтыс өнері мен жыраулық дәстүр көші әлі күнге үзілген жоқ. Кеңестік дәуірде айтыстың ақтаңгері атанған жерлесіміз Манап Көкеновке «Қазақстанның халық ақыны» құрметті атағы берілсе, тәуелсіздік жылдарында Мұхтар Ниязов «Алтын домбыраны» үш мәрте жеңіп алып, Сыр жеріндегі айтыстың бүгінгі мерейін асырды. Қорқыт бабадан бастау алған жәдігер өнерді жалғастырушы Сыр сүлейлерінің әрқайсысы бүгінде дәстүрлі жыршылық пен термешіліктің бір-бір мектебіне айналды. Ұлт қазынасын сақтап, әрі қарай дамыту мақсатында биыл Сыр мәдениетінің алтын тамыры саналған жыраулық дәстүр өкілдері үшін «Жыраулар үйі» ашылды. Бұл шаңырақ бабалар мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, ұлттық брендіміз — жыраулық өнерді насихаттауға арналған бірден-бір рухани орынға айналуда.
Дереккөз: Kyzylorda-news.kz