Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікке қатысып, елордадағы «Ұлытау» аллеясында ағаш отырғызды. Бұл акция барлық өңірде жалғасын тауып, Сыр елінің жұртшылығы да жалпыхалықтық сенбілікке қатысуда.
«Рәміздер алаңы» аумағында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп бастаған бір топ Сенат депутаттары тал екті.
Айта кетейік, Сыр өңіріндегі сенбілікке қала, аудан әкімдері, департамент, басқарма басшылары түгелдей атсалысып, қоршаған ортаны көркейтуге жұмылды. Сенбілік барлық аудандар мен елді-мекендерде ұйымдастырылуда.
Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған республикалық экологиялық акцияның «Жасыл аймақ» апталығы қорытындыланды.
Акцияның үшінші аптасында саябақтар, скверлер, парктер мен аллеялар аумағы абаттандырылып, қоқыстан тазартылды. Ағаш отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Еске салсақ, Сыр өңірінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Таза Қазақстан – таза аймақ» науқаны бастау алған болатын.
Акция 5 кезең бойынша өтуде. Әр аптаға «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» тақырыптық атаулары берілген.
Негізінде облыс көлеміндегі көркейту-көгалдандыру және санитарлық-тазалық сенбіліктері барлық елді мекенде көктемнің алғашқы күні 1 наурыздан бері өтуде.
Республикалық акцияның «Жасыл аймақ» апталығының қорытындысына келсек, облыс орталығы мен аудандарда бүгін 7000-ға жуық көшет отырғызылған.
Дереккөз: Kyzylorda-news.kz