Сәрсенбі, 18 желтоқсан, 14:47

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордада энергетиктер күні аталып өтті

18.12.2024

33

0

Қызылордада энергетиктер күні аталып өтті
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Кеше «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Энергетиктер күніне орай мерекелік шара өтті.

Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, құқық қорғау органдары мен жауапты сала басшылары, қала тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы энергетика саласы қызметкерлерін, жиналған қауымды Тәуелсіздік күнімен және кәсіби мерекемен құттықтады.

«Баршаңызды ел болып атап өткен мерейлі мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Әділетті Қазақстан құру жолындағы ізгі мақсат-мұратымызға адал еңбекпен, бекем бірлікпен, тату тірлікпен, толайым жетістікпен жете берейік!

Энергетика әлеуметтік сала мен индустрияны алға жылжытушы күш, экономиканың алтын өзегі, локомотиві және негізгі діңгегі болып саналады. Сондықтан бұл сала қызметкерлері әрқашан жоғары құрметке және қоғамдық мәртебеге ие.

Бүгінде аймақ экономикасының барлық саласының дамуында оң тенденция қалыптасқанын білесіздер. Өңіріміз негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орында.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қолдауының арқасында аймақтың энергетика саласы қарқынды дамуда. Өздеріңізге белгілі, Қызылорда қаласында 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Бүгінде инвестор – «Акса Энерджи» түрік компаниясы құрылысқа 127 млрд. теңгеден астам инвестиция салды. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған ең ауқымды, теңдесіз жобалардың бірі. Жаңа орталық өңірдің электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтып, бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік береді. Өңір үшін айрықша маңызға ие нысанды келер жылы ел игілігіне табыстайтын боламыз.

Биылғы Энергетиктер күні «Қызылорда электр тарату тораптары» және «Қызылорда жылу-электр орталығы» мекемелерінің құрылғанына 60 жыл толуымен қатар келгенін айрықша атап өткен жөн. Әр үйді жарықпен, жылумен қамтамасыз етуде, тұтас өңір экономикасын жылжытушы күш ретінде бұл кәсіпорындардың қызметі ерекше маңызға ие. Кәсіпорын қызметкерлері күннің ыстық-суығына қарамастан жұмысын атқарып, елге қуат, жанға шуақ сыйлап келеді.

Сала мамандары мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын! Тұрмыс-тіршілігіміздегі аса маңызды саланың дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіріп, еңбектеріңізге жеміс, атқарған әр істеріңізге сәттілік, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға ырыс-ынтымақ тілеймін!», – деді Н.Нәлібаев.

Салтанатты жиында сала мамандары марапат төрінен көрінді. «Қызылорда жылу- электр орталығының» директоры Дінмұхаммед Исламов «Парасат», «Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясы Сырдария аудандық электр торабы оперативтік-диспетчерлік тобының электромонтері Қазбек Ерімбет, «Қызылорда жылу-электр орталығы» кәсіпорыны оңтүстік бу қазандығының сорғы жабдықтарын жөндеу шебері Мағауя Бегімов ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерімен марапатталды. Ал, «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорнының бас инженері Наурыз Баярыстановқа «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.

Сонымен қатар, сала мамандарының бірқатары Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалімен, «Еңбек сіңірген энергетик», «Құрметті энергетик» төсбелгілерімен марапатталды.

Ерекше еңбегімен көзге түскен азаматтарға «Үздік дәнекерлеуші», «Үздік электр энергетик», «Үздік жылу энергетигі», «Үздік электромонтер» номинациялары және 500 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау үшін Қызылорда облысында құны 800 млрд.теңге, қуаттылығы 1100 мегават жаңа бу-газ қондырғысының құрылысы жоспарлануда. Қазіргі таңда «Самұрық Энерго» компаниясы Катар инвесторымен келіссөздер жүргізіп, техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Жаңа бу-газ қондырғылары Қызылорда қаласынан Ұлытау облысына шығаберіс аумаққа салынады. Бұл құрылысқа әкімдік 280 гектар жер бөлді. Станцияны 2029 жылы толығымен іске қосу жоспарлануда.

Энергетиктер күніне орай ұйымдастырылған іс-шара мерекелік концертке ұласты.

Қызылордада энергетиктер күні аталып өтті 1.jpg
Қызылордада энергетиктер күні аталып өтті 2.jpg
Қызылордада энергетиктер күні аталып өтті 3.jpg

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика