Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі ірі мұнай компанияларының өкілдерімен кездесті. Кездесуге «Петро Қазақстан Инк» АҚ президенті Ян Миньюй, «CNPC» Орталық Азия және Ресей компаниясының президенті Биан Дыжы, аталған компания өкілі Ванг Хао және жауапты сала басшылары қатысты.
Аймақ басшысы мұнай-газ саласын дамытуда түсіністікке негізделген екіжақты қарым-қатынас маңызды екенін айтты.
«ПетроҚазақстан» компаниясы Оңтүстік Торғай бассейнінің 13 кен орнын игеруде. Қазір көптеген кен орындарындағы жұмыстар өндірістің соңғы сатысына шыққандықтан, олардағы қалдық қорды алу қиынға соғуда. Жекелеген кен орындарындағы ұңғымалар 95%-ға дейін суланған. Осының салдарынан ұңғымалардың одан әрі игерілмеу және жұмыс орындарының сақталмау қаупі бар. Құрметті Миньюй мырза, барлауды тек қолданыстағы келісім-шарт аумақтарында ғана емес, жаңа перспективалық учаскелерде де бастауыңызды сұраймыз. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі көмірсутек шикізаты кен орындарын барлау құқығын іске асыру бойынша аукцион өткізуде. Қызығушылық танытып, қатысу керек. Тағы бір мәселе, газ тапшылығына жол бермеу үшін Үкімет газ кен орындарын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Осы ретте, 2022 жылы «ПетроҚазақстан Инк.» және «Тұзкөлмұнайгаз» шикі газды өндіру орнына дейін құбыр жеткізу бойынша Энергетика министрлігімен меморандумға қол қойған болатын. Мәселенің өзектілігін ескеріп, құрылысты қысқа мерзімде аяқтау қажет. Облыс әкімдігі түйткілдерді шешуге қолдау көрсетуге дайын. Болашақта да біздің қарым-қатынасымыз өзара тиімді түсіністікке құрылады деп үміттенеміз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Кездесуде Ян Миньюй аймақтағы кейбір әлеуметтік маңызы бар мәселелер мен жобаларға қолдау көрсетілетінін, бірлесіп жұмыс жасалатынын атап өтті.
Айта кетейік, өндіруді талдау қорытындысына қарағанда, ол жыл сайын 10-12%-ға төмендеген. Өткен жылы өндіру көлемі 3,7 млн.тонна болды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 7,5%-ға (300 мың тонна) аз. Биыл өндірістің тағы да 16,6%-ға төмендеуі болжануда. Мысалы, «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ былтыр 548,4 мың тонна өнім өндірді. Осы жылы болжамды өндіру 439,1 мың тонна (20%-ға төмен). Облыс әкімдігінің бастамасымен «Сырдария» және «Арал» шөгінді бассейндерін зерттеу қарастырылған. «Арал» бассейніндегі жұмыстар осы жылдың желтоқсан айында аяқталады. Ал, «Сырдария» бассейнін зерттеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді деп күтілуде.
Дереккөз: Kyzylorda-news.kz