Достық үйінде облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Каюпов Руслан Мұхамедәліұлы «8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі» қарсаңында аймақтың қоғамдық-саяси дамуына белсенді араласып, сан салада табысты қызмет етіп жүрген іскер әйел-аналар мен қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.
Мерекелік басқосуға үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері, саяси партиялардың белсенді мүшелері, тіл жанашырлары, жастар және сала мамандары қатысты.
Кездесуге қатысқан басқарма басшысы Руслан Каюпов өз сөзінде әйелдердің қоғамдағы рөлі мен отбасы құндылықтарын сақтаудағы маңызын атап өтіп, олардың кәсіби біліктілігі мен белсенділігі өңірдің қоғамдық-саяси өмірінің дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалады.

«Әйел – шаңырақтың шырағы ғана емес, қоғамның да тірегі. Сіздер еңбек жолында жауапты міндеттерді абыроймен атқарып, қоғамдық бастамалар мен маңызды жобалардың жүзеге асуына белсене үлес қосып келесіздер. Қай салада болмасын табандылық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, ұжымның бірлігін нығайтуға, ортақ мақсаттардың жүзеге асуына атсалысып жүрсіздер. Сонымен қатар, отбасы тәрбиесі мен ұрпақ болашағына да үлкен жауапкершілікпен қарап, қоғамдағы ізгі құндылықтардың сақталуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Осы орайда, сіздердің еңбектеріңізге әрдайым құрметпен қараймыз. Баршаңызға зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық пен береке тілеймін, – деді», — Руслан Мұхамедәліұлы.

Жиын барысында бірқатар қызметкерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты және басқарма басшысының Алғыс хаты табысталып, естелік сыйлықтар ұсынылды.
Бұл марапаттар нәзік жандылардың қызметтегі адал еңбегі мен қоғамдық жұмыстардағы белсенділігіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.










