Қымбатты отандастар!
Қадірлі қауым!
Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күні құтты болсын! Ұлттық мейрам қарсаңында дәстүрге сай Ақорда төрінде мемлекетіміздің үздік азаматтарымен бірге жиналып отырмыз. Биыл еліміз азаттықтың мерейлі белесіне жетті. Осыдан 35 жыл бұрын Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл осы күні сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүріміз қайта жаңғырды. Көп ұзамай жұртымыз Тәуелсіздік байрағын көтерді. Тарихи әділдік орнап, ұлттың рухы асқақтады. Сондықтан бұл күнді халқымыздың дербес ел болуына жол ашқан қастерлі күн деуге болады.
Тәуелсіздік – бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу – баршамызға ортақ қасиетті борыш. Егемендік – ата-бабаларымыздың ұлт мүддесі жолындағы өшпес ерлігінің айқын көрінісі. Заңғар ойшыл Әбіш Кекілбаев «Өткеннен тағылым, ертеңнен үміт іздегендер ғана ілгері баса алады» деген. Біз әр кезеңде ұлт тарихында өшпес із қалдырған барлық мемлекет және қоғам қайраткерлеріне құрмет көрсетеміз, оларды ешқашан ұмытпаймыз. Сонымен бірге келешекке үлкен үмітпен, зор сеніммен қараймыз, биік мақсаттарға ұмтыламыз.
Осы жылдарда еліміздің бағындырған белестері аз емес. Біз жер жүзіне егемен мемлекет ретінде танылдық. Шекарамызды шегендеп, іргемізді бекітіп, қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік. Бірлігімізді бекемдеп, татулық пен тұрақтылықтың арқасында түрлі сынақтардан сүрінбей өттік. Бүгінде жаһан жұрты еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, өз құрметін көрсетуде.
Алайда кемшіліксіз, мінсіз жұмыс болмайтыны анық. Біз өткеннен сабақ алып, ешкімге жалтақтамай, өз жолымызбен жүріп келеміз. Соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын арттыру үшін аса маңызды қадамдар жасалды. 2019 жылы ауқымды реформалар қолға алынды. Қазақстан жаңа тұрпатты ел болу жолына түсті. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңымызға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыреті кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Конституциялық сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды. Биыл шілде айынан бастап Кассациялық сот жүйесі іске қосылды, бұл қоғамымызда әділеттілікті күшейтуге жағдай жасады.

Әділетті Қазақстанды құру жолында басқа да нақты шаралар қолға алынды. Азаматтарымыз мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға белсенді түрде араласа бастады. Ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайланатын болды. Ауыл әкімдерінің барлығы, ал аудан әкімдерінің 25 пайызы жаңарды. Осылайша, билік жүйесі айтарлықтай өзгерді. Елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті. Ашығын айтсақ, осы аймақтағы билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс ешқашан болмаған.
Біз бір ел болып саяси реформаны табысты іске асырып жатырмыз, соның нәтижесі ретінде қоғамда түбегейлі жаңғыру үдерісі басталды. Реформаларымызды жүзеге асыруға барша адамзат үшін аса қиын, күрделі кезеңде кірістік. Пандемия, алпауыт елдердің санкциялық текетіресі, қалыптасқан сауда жолдарының бұзылуы, түрлі қақтығыстар мен соғыстар әлем елдерінің дамуына орасан зор шығын келтірді. Бұл жағдайлар Қазақстанға да салқынын тигізді. Дегенмен біз қажетті шараларды дер кезінде қабылдадық. Экономикамыздың әлеуетін сақтай отырып, оны тың серпінмен дамыта түстік. 2019 жылдан бері экономикамыз 16 пайызға өсті, биыл осы көрсеткіш шамамен 137 триллион теңге, яғни 291 миллиард доллар болады деп күтілуде, бұдан да асуы мүмкін. Бұл Қазақстанның біздің аймақтағы ең үлкен экономика екенін көрсетеді. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артып, 14 400 долларға жетті. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Қазақстанның алтын-валюта резервінің көлемі 58 миллиард долларға жетті. Жеті жылда сыртқы сауда айналымы 83 пайызға артып, бүгінде 142 миллиард доллар болды.
Біз ұлттық экономиканы түбегейлі жаңғырту үшін әртараптандыруға баса мән беріп отырмыз. Әсіресе, көлік-тасымал саласын стратегиялық маңызды бағыт ретінде дамытып жатырмыз. Қазақстан Еуразияның басты логистика орталығы, яғни хабы болуы керек. Оған еліміздің әлеуеті жетеді, мүмкіндігіміз де мол. Өткен айда «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Бұл – егемендік кезеңінде салынған ең ірі теміржол құрылысы.
Сондай-ақ биыл 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделді. Қытай арқылы ауқымды жүк тасымалдау мүмкіндігіне ие болдық. Қазіргі халықаралық нарықтағы тұрақсыз ахуалды ескерсек, мұны үлкен жетістік деп айтуға болады.

Әуе қатынасы саласындағы табыстарымыз да аз емес. Биыл 36 жаңа әуе рейсі ашылды, олардың ішінде Азия мен Еуропаның ірі қалалары бар. Бірақ бұл жүйені одан әрі дамытуымыз керек. Оның үстіне әуе жолдары арқылы жүк тасымалдау жүйесін де (карго) нығайтуымыз қажет.
Елімізде өндіріс те дамып келеді. Бұл саланың өсімі жыл басынан бері 7,5 пайызға жетті. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Кәсіпкерлер еліміздегі еңбекке қабілетті азаматтардың жартысына жуығын жұмыспен қамтып отыр. Құрылыс саласы қарқынды дамып жатыр. Былтыр Қазақстанда 19 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш, нәтижесінде мыңдаған отбасы баспаналы болды. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 2,5 есе өсті. Биыл да қамбамыз астыққа толды, 20 миллион тоннадан астам бидай жиналды. Қазақстанның экспорттық әлеуеті артуда, сауда серіктесі ретіндегі беделі нығаюда.
Қазақстан – Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет. Сондықтан біз осы жауапты, құрметті миссияны міндетті түрде орындаймыз. Әлеуметтік стратегиямыз тиімді, әділетті болуы керек.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл өскелең ұрпақ үшін жасалған үлкен қадам. Біз озық ойлы ұлт болуымыз керек. Бәсекеге қабілетті ел болу үшін, ең алдымен, білім-ғылымды дамыту қажет. Сондықтан бес жылда білім беру саласына бөлінетін қаржыны үш есе арттырдық. Ұстаздардың жалақысын екі есе ұлғайттық. Қазіргі таңда қоғамымызда мұғалім мамандығының мәртебесі анағұрлым көтерілді. 1200 жаңа мектеп аштық. Соның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында көптеген білім ордасы бой көтерді. Ұлттық ғылымды қолдауға да мән беріп отырмыз. Бұл салаға салынған қаражат бес жылда 5 есе өсті. Шетелдің 33 беделді университеттерінің филиалы ашылды.
Сондай-ақ ұлт саулығын жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылданды. 2020 жылдан бері медицина саласына бөлінетін қаржы 3 есе артты. 927 медицина нысаны ашылды. Еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асты.

Қазақстан қауіпсіз ел болуы керек. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қоғамымыздың басты қағидаты саналатын болды. Осы жұмыстың аясында жемқорлыққа қарсы күресті жалғастырып, күшейтеміз, онсыз Әділетті Қазақстан туралы айтудың өзі қисынсыз. Соңғы бес жылда қылмыс саны және көшедегі бұзақылық едәуір азайды, қылмыстық ахуал қатаң бақылауға алынды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары азаюда, еліміздің бұл мәселеге қатысты тәжірибесіне шетелдік сарапшылардың ықыласы күшейді. Түптеп келгенде, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы – еліміздің жарқын болашағын құру үшін аса маңызды тетік.
Елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы азаматтарымыздың, әсіресе, жастардың басым көпшілігінің қолдауына ие болып, табысты жүзеге асырылып жатыр. Былтырдан бері шамамен 2,8 миллион гектар жер тазартылды, 4 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Ең бастысы, азаматтарымыздың экологиялық сана-сезімі, бүкіл болмысы өзгере бастады.
Жалпы, барлық салада атқарылған жұмыс өз жемісін беріп жатыр деп айтуға болады. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, өзгерістерді міндетті түрде жалғастырамыз.

Биыл еліміздің мерейі өсіп, рухы көтерілген жыл болды. Азаматтарымыз көптеген салада табысқа жетті, жаһандық жарыстарда топ жарды. Оқушыларымыз түрлі халықаралық білім додасынан мыңнан астам медаль иеленді. Үздік спортшыларымыз, соның ішінде боксшылар туымызды биікте желбіретті. Дарынды жастарымыз ұлт өнерін жер жүзіне паш етіп, кеңінен дәріптеп жүр. Жаһан жұрты қазақты рухы биік, көзі ашық, мәдениеті бірегей, зияткер ұлт ретінде тануда. Бұл – жылдар бойы жүргізілген жүйелі және тиімді жұмыстың нәтижесі. Енді осы қарқынды бәсеңдетпей, тек алға қарай қадам басуымыз қажет.
Қазақстанымыз Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Күшті ел болуы керек. Бұл – жалпыұлттық стратегиялық мақсатымыз, барша азаматқа ортақ міндет, қастерлі парыз. Озық ел болу үшін біз әлі талай белесті бағындыруымыз керек. Тұрақтылық пен тыныштықтың қадірін білу қажет. Әсіресе, мұны жастарымызға дұрыс түсіндіріп, оларға бағдар көрсеткен жөн. Еліміздің ертеңі – өскелең ұрпақтың қолында. Сондықтан жастарымызды ең алдымен Адал азамат етіп тәрбиелеу қажет. Адал азамат дегеніміз – елін, жерін сыйлайтын, заңға бағынатын, білімге ұмтылатын, ұлттық құндылықтарды қолдайтын және ел бірлігін нығайтуға үлес қосатын азамат. Еліміздің озық болуы осындай отаншыл, тәртіпті, білімді, мәдениетті, белсенді және ойы ұшқыр жастарға тікелей байланысты. Өз қабілетіне сенетін, көзі ашық, көкірегі ояу, еті тірі, еңбекқор адамның ешкімге тәуелді болмайтынын жас ұрпақ ұғынып өсуі қажет. Әр азаматымыз өз ісіне тиянақты, ұқыпты және жинақы болса, тұтас мемлекет те табысты болмақ.
Біз бәсекеге қабілетті ұлт болуымыз керек. Бұл – ең алдымен, ұлтымыздың сапасы, яғни азаматтарымыз заманауи, озық ойлы, жасампаз болуы қажет деген сөз. Қазіргі аса күрделі, құбылмалы және қарама-қайшылыққа толы заманда озық ел болу оңай шаруа емес. Сол себепті біз батыл шешімдер қабылдап, нық сеніммен жарқын болашаққа қарай жүреміз. Сонда ғана осы уақыт халқымыздың сана-сезімінде ұлы бетбұрыс жасаған тарихи кезең болып қалары анық. Мен бұған кәміл сенемін.
Бәріміз бір ел болып қолға алған реформалардың түпкі мақсаты – Қазақстанды жаңа жағдайға бейімдеу, сол арқылы еліміздің егемендігін нығайтып, бәсекеге қабілетін арттыру. Мемлекет басшысы ретінде мен жеріміздің тұтастығын, еліміздің дербестігін және экономикалық дамуын қамтамасыз етуім керек. Бұл – менің азаматтық борышым.

Қазір әлем түбегейлі жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Бәріңіз де мұны көріп-біліп отырсыздар. Бір жағынан, қақтығыстар мен соғыстар азаймай тұр, басқа жағынан, жоғары технологиялар, жасанды интеллект тез дамуда. Осындай күрделі жағдайда еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Барша елмен достық қатынас орнатып, мемлекетімізді сенімді серіктес ретінде таныттық. Соның арқасында энергетика, көлік, логистика, ақпараттық технология, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларға қомақты инвестиция тартып жатырмыз. Қазіргі алмағайып заманда салиқалы дипломатия дәстүріне негізделген сыртқы саясатты ұстану айрықша маңызды. Біз мемлекеттердің бәрі өзара тіл табысып, ортақ мәмілеге келе білгені жөн деп санаймыз. Өзара сенім мен құрметті нығайтып, әріптестік қарым-қатынасты дамыту қажет деп есептейміз. Жақында Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылды. Мұны зор жетістік деп айтуға болады.
Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында негізгі халықаралық мәселелерге баса назар аудардым, бірқатар ұсыныс айттым. Әлемде барлық елдің мүддесі ескерілетін әділ халықаралық қатынастар жүйесін орнату керек. Қазақстан дүние жүзі қауымдастығының жауапты әрі ықпалды мүшесі ретінде алдағы уақытта да теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізеді.
Құрметті отандастар!
Біз ауқымды жаңғыру кезеңіне қадам бастық. Мақсатымыз – баршаға тең мүмкіндік ұсынатын, өркендеу жолындағы Әділетті Қазақстанның іргесін қалау.
Таяуда халыққа арнаған Жолдауымда Парламентті реформалау туралы мәлімдедім. Бұл бастаманы алдын ала жариялауымның өзі еліміздегі саяси үдерістердің ашық жүріп жатқанын көрсетеді. Биліктің заң шығарушы тармағын өзгерту соңғы жылдары жүзеге асырылған жан-жақты жаңғырудың қисынды жалғасы болмақ. Барлық ұсынысымыз Қазақстанның эволюциялық дамуына қатысты азаматтарымыздың мүддесі мен сұранысына негізделген. Ал еліміз алға жылжып, дамуы керек. Бұған еш күмән жоқ, болуы да мүмкін емес. Жоспарланған өзгерістер Парламенттің құзыреті мен беделін күшейтеді. Конституцияға енгізілетін өзгертулер Парламентке ғана қатысты емес, сондай-ақ Президент, Үкімет туралы бөлімдерді және саяси жүйенің басқа да қырларын қамтиды. Түзетулердің жалпы көлемін және 2022 жылғы конституциялық реформа аясында жүзеге асқан бастамаларды ескерсек, мұны жаңа Конституция қабылдауға барабар іс деуге болады. Әйтсе де Қазақстан Республикасы күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс екенін атап өткім келеді.

Бұл қазіргідей алмағайып заманда еліміздің сенімді келешегіне кепіл болады. Өйткені парламенттік жүйе қауіпсіздік пен тәртіп, тұрақтылық пен даму тұрғысынан өз міндетін толық атқара алмай отыр. Кейбір сарапшылар мен саясаткерсымақтардың ұшқары тұжырымдарына көзсіз еріп, мемлекеттілігімізге қатер төндіруге еш хақымыз жоқ.
Саяси бағдарымыз бен қабылдаған нақты шешімдеріміз ұлтымыздың ұзақ мерзімді мүддесі мен мемлекеттің қауіпсіздігін қорғау, елді дамыту қағидаттарын көздейді. Мұны берік ұстанамыз.
Жолдауда бір палаталы Парламентті пропорционалды сайлау жүйесі арқылы жасақтау қажет екенін ашық айттым. Бір палаталы Парламентті тек партиялық тізім бойынша қалыптастыру партиялардың институционалдық негізін нығайтуға септігін тигізеді. Сайлаушылармен жүйелі жұмыс істеуіне ықпал етеді. Яғни мемлекеттілігімізге пайда әкеледі. Бұл ешқандай кері кету немесе демократиялық қағидаттардан бас тарту емес. Ел қамын ойлап, саяси тұрғыдан салмақтап осындай ұйғарымға келдім.
Аймақтық деңгейде азаматтар билікпен тікелей әрі тұрақты қарым-қатынас жасайды. Сондықтан жергілікті мәслихаттар мен әкімдіктер белсенді жұмыс істеп, елдің мұң-мұқтажын шешуде маңызды рөл атқаратынын көрсетуге тиіс. Соңғы жылдары тікелей сайлау институтын айтарлықтай кеңейттік. Әуелі ауыл әкімдерін сайлауды енгіздік, кейін ол аудан, содан соң облыстық маңызы бар қала басшыларын сайлауға ұласты. Сол себепті Қазақстанда ай сайын түрлі электоралды науқан жүріп жатады. Бұл біздің өңірдегі бірегей саяси тәжірибе саналады. Баршамыз осынау істің мақсатқа сай орындалуын бақылап, егер оның жағымсыз салдары болса, шара қабылдау қажет.
Реформалар – табиғи үдеріс, мұнда артық консерватизмге орын жоқ. Жергілікті мәслихаттарды сайлауда мажоритарлық жүйені сақтау керек деп санаймын.
Осы тұста тағы да атап өткім келеді: мемлекеттік маңызы бар кез келген мәселе бойынша шешуші сөзді азаматтарымыз айтуға тиіс. Конституциялық реформа жасалған кезде, сондай-ақ атом станциясын салу мәселесін талқылаған уақытта дәл солай болған. Қазір де солай болмақ. Бұл елімізде жаңа саяси мәдениеттің пайда болғанын көрсетеді, яғни бұл – қоғам көкейінде жүрген аса өзекті мәселелерді шешудің жаңа дәстүрі қалыптасып жатыр деген сөз.

Азаматтар өз Отанының келешегіне шынайы алаңдап, оның даму жолында аянбай тер төксе, ұлт шын мәнінде егемен елге айналады. Өзге мемлекеттер де оны солай қабылдайды. Тіпті ол бір қарағанда ұсақ іспен айналысқандай көрінгенімен, шын мәнінде өте маңызды жұмыс атқарса, мысалы, көгалдандырумен, өзі тұратын аумақты тазалаумен шұғылданса, қал-қадерінше қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағаласа, вандализм мен дөрекі қылықтарға қарсы тұрса елге пайдасын тигізеді.
Өзіне, отбасына, туған еліне жаны ашитын отандастарымыздың үлкенді-кішілі жетістіктеріне күн сайын куә болып жүрміз. Олар шынайы патриоттығының арқасында осындай дәрежеге жетіп отыр. Баршаңызға мәлім, жыл сайын азаматтарымыз түрлі салада топ жарады. Бұл халқымыздың жасампаз болмысын паш етеді. Жастарды осындай ізгі амалдар жасауға ынталандырады, ұлттық рухымызды жани түседі.
Higgsfield AI стартапы – биылғы айтулы жетістіктердің бірі. Оны Қазақстанның алғашқы «сыңармүйіз» стартапы деуге болады. Әдетте жаһандық нарықта бір миллиард долларға немесе одан да қымбатқа бағаланған компанияларды осылай атайды. Бұл бірегей жобаның негізі Astana Hub алаңында қаланған болатын. Мұны математика және физика пәндерінен жасөспірімдер арасындағы халықаралық олимпиада жеңімпаздары, дарынды энтузиастар жасады. Осындай мықты азаматтар – еліміздің келешегі. Жас кәсіпкерлер, ғалымдар, инженерлер, IT-мамандар Қазақстанның жаңа элитасын қалыптастыруда. Ал жаңашылдық – ұлттық сипатымыздың маңызды қырына айналды. Демек, мемлекет қолдау көрсетсе, білімді, еңбекқор балаларымыз бен немерелеріміз әлемдік нарықта сұранысқа ие жоғары технологиялық өнімдер жасай алады.
Алайда бірлі-жарым табысқа тоқмейілсуге болмайды. Сондықтан Үкіметке келешегінен үміт күттіретін отандық стартаптардың нарықта лайықты орнын табуына көмектесетін заманауи, тиімді экожүйе құру міндеті жүктелді.
Қазақстан цифрландыру көрсеткіші бойынша дүниежүзілік индекстерде жоғары орындарды иеленеді. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Бірақ, ең бастысы, болдық, толдық деуге болмайды. Әлемдегі ең жоғары талаптарға сай келетін заманауи экономиканы дамыту үшін ғылыми-техникалық прогресті жіті бақылап отыру қажет. Сондықтан біз цифрландыру мен жасанды интеллектіні жан-жақты енгізуді мемлекет дамуының басым бағыты ретінде белгіледік.

Қазақстанның жаһандық озық үрдістерден кейін қалуына болмайды. Әйтпесе, замана көшіне ілесе алмаймыз. Ал оның салдары өскелең ұрпаққа тиюі мүмкін.
Жұмыс басталды. Алғашқы ұлттық суперкомпьютер іске қосылды. «Қазақтелеком» базасында тағы бір суперкомпьютер жұмыс істеп тұр. AI Sana бағдарламасы және ауқымды Alatau City жобасы қолға алынды. Аталған бағыттағы аса маңызды жұмысты заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр.
Стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды үш жыл ішінде толық цифрлық елге айналдыру. Жасанды интеллект пен цифрлық құралдар елімізді өркендету үшін қызмет етуге тиіс.
Уақыт оздырмай, білімге негізделген экономика құруға кірісу қажет. Креатив пен инновация өсімнің арқауы, ал зияткерлік капитал елдің бәсекеге қабілеттілігінің өзегі болуға тиіс.
Жасанды интеллект дәуірінде жаңа салалар мен бизнес түрлері міндетті түрде пайда болады. Бұл ойлы, алғыр жастар үшін нағыз жарқырай көрінетін сәт. Мемлекет пен қоғам жас таланттарды қолдауы керек. Біз мұны міндетті түрде іске асырамыз.
Азаматтарды экономикалық патриотизм рухында тәрбиелеу – аса маңызды міндет. Басқаша айтқанда, кәсіпкерлеріміздің идеялары мен стартаптарына инвестиция құйып, олардың өнімін тұтыну арқылы отандық өндірушілерді қолдаған жөн. Халқымыздың ауызбіршілігі осыдан да көрінеді.
Қазір біздің ұлттық нышандарымыз, яғни брендтеріміз көбейіп келеді. Ұлттық өнім дегеніміз, бұл – ең алдымен, елімізді бүкіл әлемге паш ету деген сөз. Сондықтан «Made in Qazaqstan» таңбасы сапа мен сенім белгісі болуға тиіс. Біздің тауарларымызға шетел азаматтарының қызығушылығы артып жатыр. Бұл отандық бизнестің өсіп-өркендеп келе жатқанын көрсетеді. Компанияларымыз жаһандық нарыққа шығып, кәсібін өрістетіп жатыр. Олар Қазақстанды қарқынды дамып келе жатқан озық ел ретінде танытуда. Адал кәсіпкерлерді отаншылдығын нақты іспен көрсетіп жүрген азаматтар деп атаған жөн. Себебі олар табанды еңбекпен көптеген жұмыс орнын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыруға мол үлес қосуда. Осындай орта және шағын бизнес өкілдерін қолдау мемлекет саясатының басымдығы болып қала береді.
Соңғы кезде маған жаңа Салық кодексіне қатысты көптеген өтініш келіп түсті. Мен Премьер-министрге нақты тапсырмамды бердім. Үкімет арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін кәсіптердің тізімін бұрынғы қалпында қалдырды. Алдағы уақытта шағын және орта кәсіпті қолдау үшін басқа да шаралар қолданылады. Бизнес салық реформасынан зардап шекпеуге тиіс. Ондай жағдайдың алдын алу үшін Үкімет кәсіпкерлермен сындарлы диалог жүргізуі қажет. Дегенмен экономикалық реформаларды мүлде тоқтатуға болмайды, қаншалықты қиын болса да, оң өзгерістерді міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Әйтпесе, бәріміз жаппай құлдырауға ұшырауымыз әбден мүмкін.
Мемлекет, бизнес және жалпы қоғам күш біріктіргенде ғана Әділетті Қазақстанды құра аламыз. Еліміз еңсесін тіктеді, аяғына нық тұрды. Экономикада оң қарқын байқалады. Халықаралық қаржы институттары тарапынан жоғары несие рейтингін иеленуде. Экономика дамуының негізгі көрсеткіші – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасының артуы. Бұл – менің берік ұстанымым.
Жалпы, мемлекет түйткілдерді біртіндеп шешіп келеді. Ең маңыздысы – нәтиже, өзімізді жарнамалау емес. Кез келген азамат білімі мен еңбекқорлығының арқасында қабілет-қарымын көрсетіп, іскерлік, шығармашылық немесе мемлекеттік қызметтегі мансабында табысқа жететін орта, қазір жиі айтылатын экожүйе қалыптастыруға күш салып жатырмыз.
Қазақстан талантты, мақсатшыл жандар тұрақтап қалғысы келетін ел қатарына қосылып келеді. Біздің ең басты байлығымыз – білімді, белсенді адамдар. Мен мұны үнемі айтамын әрі қайталаудан жалықпаймын. Әрбір азамат өзінің табысы мен еңбекқорлығы арқылы еліміздің гүлденуіне елеулі үлес қосады. Біз тәртіпке бағынатын отандастарымызды шынайы патриот ретінде дәріптеп, мақтан тұтуымыз керек. Өйткені олар ұлтты ұйыстырады, халқымызды кәсіби және рухани тұрғыдан биіктерді бағындыруға жігерлендіреді.

Осылайша, біз бәріміз Қазақстан азаматтарының жасампаз рухын сыйлауымыз керек. Мұндай игі үрдісті жан-жақты қолдау қажет. Ел мүддесі үшін биік мақсаттарға ұмтылыс ұлттық болмысымызға тән қасиет болуы керек. Армандау, алға мақсат қою – өте дұрыс. Алайда қазіргі заман нақты іс-әрекеттің уақыты екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан елге пайдалы, болашаққа қажет істермен айналысу керек. Сөз жүзінде емес, іс жүзіндегі отаншылдық, яғни нағыз патриотизм дегеніміз – осы.
Қазір еліміз аса күрделі жолдың басында ғана тұр. Біз бір ел болып, бір-бірімізді қолдауымыз керек, көреалмаушылық, қызғаныш сияқты теріс әдеттерден арылған жөн. Қазақстанды күшті және дамыған озық ел ету – тек өз қолымызда. Оған біздің мүмкіндігіміз де, әлеуетіміз де жетеді: экономикамыз – орнықты, жеріміз – берекелі, жарқын болашаққа деген сеніміміз – зор, ал азаматтарымыз, әрине, өте дарынды және қабілетті.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген. Біз ұлт ретінде биік белестерді бағындырамыз десек, ең алдымен, халқымыздың ауызбіршілігі мықты болуы керек, азаматтарымыз бірін-бірі сыйлап, құрметтеуі қажет. Бір елдің ішінде өмір сүріп, бір жерде тұрып, жанжалға, ұрыс-керіске жол беруге болмайды. Біреудің еңбегін жоққа шығару, не болмаса ой-пікірін келеке ету, басқа адамды қаралау – озық, өркениетті қоғамға жат қылық, тіпті, ұят нәрсе, ондай әрекеттер үшін қоғам және заң алдында жауап беруге тура келеді.
Ғаламтор желісінде бір тақырыптан басталған талқылау бітпейтін пікірталасқа ұласып кетеді, тіпті, бұл құбылыс «аса қауіпті қоғамдық дерт» деген осындай түсінік, ұғым пайда болды. Мұндай дерттен құтылуымыз керек.
Құрметті қауым!
Мемлекетіміздің Егемендігі туралы декларацияның 35 жылдығы – еліміз үшін аса маңызды тарихи меже. Көптеген елдердің тарихына қарайтын болсақ, мұндай құжаттар ұрпақтан ұрпаққа беріліп, ғасырлар бойы сақталады, азаматтық сана-сезімнің мызғымас негізі ретінде қызмет етеді. Сондықтан Егемендік туралы декларация, бұл – мемлекеттігіміздің берік арқауы, халқымыздың жарқын болашаққа ұмтылысының айқын көрінісі.
Егемендігімізді жариялаған алғашқы күннен бастап мемлекеттілігімізді бекемдеп, халқымыздың әл-ауқатын арттыру жолынан айныған емеспіз. Бұл – ең дұрыс стратегия.
«Еңбек – берекенің бастауы» деп бекер айтылмаған. Біз адал, бәсекеге қабілетті азаматтарға әрдайым құрмет көрсетіп, қолдауымыз керек. Жұмысшы мамандарын қадірлейтін қоғам құру маңызды. Елімізде қажырлы еңбегінің арқасында нағыз еңбек адамы атанған азаматтар өте көп.
Бүгін арамызда Мұрат Кеңесұлы Қаражұманов отыр. Ол 45 жылға жуық табанды еңбек етіп, ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Майталман механизатор жас мамандарға жол көрсетіп, мол тәжірибесін бөлісуде. Бұл салада Қаражұмановтар әулетінің 30-дан астам өкілі жұмыс істейді. Олардың жалпы еңбек өтілі 600 жылдан асады. Бүгін Мұрат Кеңесұлы Қаражұмановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылданды.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында адал еңбегімен Қазақстанның дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттап жатырмыз.

Бүгінгі мерекеде біз Сергей Петрович Чернобайға құрмет көрсетеміз. Ол – еңбегі ерен кенші, «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалері, отандық көмір өндірісінде аты аңызға айналған тұлға. Еңбеккерлер әулетінен шыққан азамат. Ата-анасы да, жұбайы да, тіпті балалары да өз тағдырын шын мәнінде батыл жандардың қолынан келетін кәсіппен байланыстырған. Өнегелі отбасының жалпы еңбек өтілі 150 жылдан асады. Бұл – жай ғана цифр емес, қажырлы еңбек пен кәсіби сабақтастықтың жылнамасы. Чернобайлар әулеті ел дамуына өлшеусіз үлес қосып, өз ісіне адалдықтың және нағыз еңбекқор жандардың үлгісі боларына кәміл сенемін. Сергей Петрович Чернобайға жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріледі.
Ортамызда Александр Анатольевич Касицин отыр. Ол – «Еңбек Даңқы» орденінің толық иегері, еңбек жолын қарапайым зоотехниктен бастап еліміздегі ең озық агроөнеркәсіп шаруашылықтарының бірінің басшысына дейін көтерілген айтулы маман. «Галицкое» серіктестігі ауылды жаңғыртып, еңбеккерлерге қамқорлық көрсету арқылы керемет табысқа қол жеткізді. Ел алдындағы еңбегі үшін Александр Анатольевич Касицин «Отан» орденімен марапатталады.
Қазақстанның еңбек сіңірген журналисі Сергей Васильевич Харченко өз ісін жақсы көретін, Отанын шексіз сүйетін жан ретінде көпке үлгі. Белгілі қаламгер, парасатты басшы, дарынды ұстаз мемлекеттің өркендеуіне, отандық журналистиканың дамуына және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге зор үлес қосып келеді. Бүгін Сергей Васильевич Харченко I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері атанды.
Әйгілі археолог Зейнолла Самашевтің есімі баршаңызға белгілі. Ол өркениетіміздің теңдессіз қазынасы саналатын «Берел қорғанын» ашып, оны жан-жақты зерттеуге зор үлес қосты. Бұл жаңалық тарих ғылымын шын мәнінде жаңа деңгейге көтергені сөзсіз. Ал белгілі ғалым, картография зерттеушісі Мұхит-Ардагер Сыдықназаров төл тарихымызды түгендеуге атсалысып келеді. Ұлттық ғылымды өркендетуге сіңірген еңбегін ескере отырып, қос ғалымға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлықты табыстау туралы шешім қабылданды. Бүгін осы сыйлық алғаш рет беріледі.
ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен даңқты спортшы Шавкат Рахмонов марапатталады. Ол еліміздің атын шет мемлекеттерге танытып, мерейін үстем ету жолында тер төгіп жүр.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Ассамблея – берекелі бірлігіміздің мызғымас нышаны, теңдесі жоқ бірегей құрылым. Оның мүшелері елдегі тұрақтылықты нығайту үшін аянбай еңбек етіп жүр. Ал қоғамдағы келісім мен ынтымақты күшейту – нағыз отаншылдық белгісі. Мен бүгін еліміздегі бірнеше этно-мәдени орталықтың өкіліне «Ел бірлігі» орденін табыстаймын.
Мәдениет – ұлттың рухани дербестігінің кепілі. Сондықтан біз өмірін өнер жолына арнаған қайраткерлерге әрдайым құрметпен қараймыз. Руханиятымызға ерекше еңбек сіңіргені үшін белгілі өнер майталмандары – Болат Әбділманов, Тамараасар Жанқұл, Шынар Жанысбекова «Қазақстанның халық әртісі» атағына лайық деп танылды.
Сондай-ақ мәдениет саласын дамытуға зор үлес қосқаны үшін Нина Жмеренецкая, Бақыт Қажыбаев, Зарина Алтынбаева және Әйгерім Алтынбек «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге айрықша үлес қосып жатқан Иван Сауэрге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Жоғары мемлекеттік марапаттарды халқымыздың шынайы ықыласы және сый-құрметі деп қабылдаңыздар.
Бүгін әрбір облыста жүздеген лайықты азаматымыз менің Жарлығыммен жоғары мемлекеттік наградамен марапатталады. Олардың еңбегіне зор ризашылығымды білдіремін.
Қадірлі қауым!
Еліміз үшін ұлт саулығын сақтайтын дәрігердің, саналы ұрпақ тәрбиелейтін ұстаздың, ауылдағы шаруа мен өндірістегі жұмысшының, яғни әрбір кәсіп иесінің еңбегі айрықша маңызды. Бұл – кез келген өркениетті қоғамға тән мызғымас заңдылық. Бүгін мен ұлттық мерекеміз – Республика күні қарсаңында адал еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне атсалысып жатқан әрбір азаматқа шынайы алғысымды айтамын. Елдігіміз еңселі, егемендігіміз баянды болсын! Көк туымыз мәңгі желбіресін! Баршаңызға амандық, табыс тілеймін!





