Топ-баннер2

Бейсенбі, 12 наурыз, 21:07

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Еліміздің аумақтық тұтастығы мен мемлекеттік құрылымы мызғымас сипатқа ие – Тоқаев

12.03.2026

16

0

2e58a02c 9a6c 4359 9fe6 e4eb226e4bb5
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында жұрт алдындағы беделін көтеру үшін ұлт мүддесіне шекеден қарап, шектен шығатындар бар екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– «Саяси буллингпен» шетелдік азаматтардың айналысатыны өз алдына. Бірақ осы қитұрқы әрекетке өз азаматтарымыздың баруын, оның үстіне себепсіз соқтығуын түсіну өте қиын. Кейбіреулер өз бағасын асырып, жұрт алдындағы беделін көтеру үшін ұлт мүддесіне шекеден қарап, шектен шығады. Тым болмаса жаңа Конституцияның идеологиялық және саяси мәніне, ұсынылған нормалардың қандай рөл атқаратынына бір сәт үңіліп көрген жөн. Біз арнаулы режимді тек қаражат, яғни капитал тарту үшін енгізіп отырмыз. Мұндай артықшылық қаржылық басқару, салық жеңілдіктері және сот рәсімдеріне қажетті жұмыстарды қамтамасыз ету үшін беріледі. Мәселен, осындай режим Алатау қаласына қатысты қолданылмақ. Конституцияда арнаулы құқық режимін бекіту арқылы біз инвесторларға қолайлы жағдай жасаймыз. Жер жүзіне Қазақстанды тұрақты, ашық, кедергісіз және ішкі нарықтағы ахуалы айқын ел ретінде көрсетеміз. Мұндай аумақтар Қазақстанның біртұтас конституциялық, құқықтық кеңістігінің ажырамас бөлігі саналады және солай болып қала береді. Конституциялық жүйенің аса маңызды бөлігі ретінде еліміздің аумақтық тұтастығы мен мемлекеттік құрылымы мызғымас сипатқа ие, — деді Президент.

Ата заң жобасында ұлттық валютаның мәртебесі айқындалды. Бұл – мән-маңызы зор норма. Төл валютаның Елтаңба, Ту және Әнұранмен қатар тұруы бекер емес.

– Жаңа Ата заңымызда Тәуелсіздікті, егемендікті және аумақтық тұтастықты қорғау басты қағидаттар ретінде көрсетілгеніне тағы да тоқталғым келеді. Бұл ережелерді қайта қарауға, басқаша тәпсірлеуге болмайды. Яғни ол мүлдем өзгермейді. Осындай негізгі ережелермен қатар, Ата заң жобасында ұлттық валютаның мәртебесі айқындалды. Бұл – мән-маңызы зор норма. Төл валютаның Елтаңба, Ту және Әнұранмен қатар тұруы бекер емес. Бұл жаңашылдық егемендікті, соның ішінде қаржылық дербестікті құқықтық тұрғыдан қорғауды көздейді. Мына нәрсені атап өткім келеді: Қазақстан халқы биліктің бастауы және егемендіктің иесі саналады. Осы ереже Конституция жобасында жаңа норма ретінде нақты бекітілді. Бұл – жаңа Ата заң мемлекеттігіміздің тұғырын нығайта түседі деген сөз. Мұның, әсіресе, геосаяси ахуал құбылып, тұрақсыздық орнап, ұлттық қауіпсіздікке сын-қатерлер төнуі мүмкін кезеңде маңызы зор. Ата заңның мәтіні ғана емес, мәні мен мағынасы өзгерді. Онда сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүріміз, мақсат-мұраттарымыз бен мызғымас құндылықтарымыз нақты көрсетілді, — деді Мемлекет басшысы.

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика