Наурызнама онкүндігіндегі тағы бір белес – Жаңару күні. Табиғаттың жаңаруы һәм тіршіліктің жаңа кезеңімен қабат келген бұл күні көптеген игілікті іс атқарылады. Көгалдандыру жұмыстары, қоршаған ортаны қорғауда маңызды шара жүреді. Ең бастысы, осы күн жаңа идеялардың жарыққа шығуы мен болашаққа деген ортақ мақсаттың бірігуін бейнелейді.
Аталған күні облыс көлемінде бірқатар шара өтеді. Айталық, Қызылорда қаласындағы саябақтар мен аллеяларда «Таза Қазақстан» ұлттық жобасымен тағылымды жұмыстар қолға алынбақ. Жастар мен қала тұрғындары арасында шаһар тазалығы мен қоғамдағы экологиялық мәдениетті дамытуға арналған мазмұнды акция ұйымдастыру жоспарланған.
Жаңару күні аймақтағы аудандар да белсенді шараларды ұйымдастырады. Мысалы, Қармақшы ауданында «Жасыл желек» ағаш отырғызу, көгалдандыру акциясы жүргізіледі. Сондай-ақ «Руханият орталығында» «Қош келдің, әз Наурыз!» атты кітап көрмесі ашылады.
Ал Жаңақорғанда «Жаңа көшеттер – жаңа идеялар – мемлекет дамуындағы жаңа кезең» ұранымен экологиялық акция өтеді. Акцияға аудан орталығымен бірге барлық ауылдық округтің азаматтары қатысып, тазалыққа үн қоспақ.
Сонымен қатар, Жалағаштағы Оқушылар үйінде «Жаңару дәуірі – жарқын болашақ» атты жас өнертапқыштар көрмесі басталады. Мектеп шәкірттері арасындағы робототехника көрмесінде жас өнертапқыштардың робот жобаларын, жаңа ғылыми ізденістерін көруге мүмкіндік бар. Дәл осындай шара Қазалы ауданындағы №266 мектеп-лицейінде де өтпек. Оған мектеп оқушыларымен қатар студенттер де қатысады.
Арал ауданында ағаш отырғызу акциясынан бөлек, «Ынтымақ – бірлік бұлағы» қойылым-концерті өтеді. Қосымша ұлттық спорт түрлерінен сайыс та ұйымдастырылады. Айта кетейік, аудан орталығында Наурызнама онкүндігіне орай 10 киіз үй тігіліп, көпшілікті түрлі шаралармен қамтып отыр. Ал Шиеліде «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың бастауы» атты мерекелік кеш өтіп, ауыл көшелерінде көшет отырғызылады.
Қорыта айтсақ, Жаңару күні барша ел тұрғындарын ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуді, даму жолында ынтымақта болуға үндейді. Біз үшін Наурызнама онкүндігі, оның ішінде Жаңару уақыты тек қуанышты тойлау емес, өткенді саралап, болашаққа жоспар құру десек, қателеспейміз.
Ержан ҚОЖАС,



