Жексенбі, 24 қараша, 23:02

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Аймақ басшысы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды

07.04.2024

202

0

Аймақ басшысы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды
Фото: Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Жексенбі күні ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.

Үкімет басшысы құзырлы мемлекеттік органдарға және облыс әкімдеріне су тасқынынан зардап шеккендерге барлық тиісті көмек көрсету қажеттігін ескертті.

Штаб отырысынан кейінгі мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев су тасқынының алдын алу шараларын қатаң бақылауда ұстап, еліміздің зардап шеккен өңірлеріне көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.
«Су тасқыны еліміздегі ең өзекті мәселеге айналды. Республиканың бірқатар өңірлерінде табиғи апат болып, өзге де облыстарды су алу қаупі туындауда. Қазір аймақта алдын алу шаралары қабылданған. Өңірлік штаб құрылып, су басу қаупі бар 29 аймаққа 364 арнайы техника мен 1 102 адам күші бар 116 жауапты мекеме бекітілді. Қазір 7 су қоймасының 6-уы қарғын су алуда, 100 пайыз толғандықтан, транзиттік режимде жұмыс жасауда. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, су қоймаларындағы су деңгейін қадағалау үшін тұрақты түрде кезекшілік ұйымдастырып, жағдайды бақылауда ұстаңыздар», – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, қазір Қостанай, Ақтөбе облыстарында Қызылорда облысынан барған 66 құтқарушы және 9 арнайы техника, 4 қайық, 20 мотопомпа жұмыс жасауда. Еріктілер барлық аудандар мен Қызылорда қаласынан 112 тонна гуманитарлық көмек (азық-түлік, көрпе-төсек, гигиеналық құралдар, дәрі-дәрмек, құрылыс заттары) жинап, Ақтөбе қаласы мен Қобда ауданына 25 жүк көлігімен жөнелтті. Оған қоса 2,5 млн.теңге қаржы Ақтөбе облысында ашылған есепшоттарға аударылды. Тасқыннан зардап шеккен басқа өңірлерге де гуманитарлық көмек көрсету үшін «Жастар орталықтары» жанынан, сауда үйлері мен базарлардан пункттер ашылған. Бұл бастаманы Сыр өңірінің жанашыр азаматтары мен еріктілер қолдап, өз үлестерін қосуда.
Мұнан бөлек, мәжілісте 6 сәуір – 11 мамыр аралығында көгалдандыру және санитарлық тазалыққа бағытталған «Таза Қазақстан» акциясын жоғары деңгейде өткізу туралы жауапты тұлғаларға тапсырма берілді. Акцияның әр аптасына белгілі бір тақырыптық атау қойылған. Мәселен, 6 –13 сәуір аралығындағы «Таза өлке» аптасында тұрғындар, қоғам белсенділері, мекемелер мен кәсіпорындар өз аумақтарына тазалық жұмыстарын жүргізеді. «Киелі мекен» деп аталатын екінші аптада тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру, тазалығын қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылады. Ал, «Жасыл аймақ» аптасында тал егіліп, ағаштар әктелмек. «Өнегелі ұрпақ» аптасындағы шаралар қала және аудандардағы ардагерлердің ауласын, «Қарттар үйлерінің» аумағын тазалауға, абаттандыруға бағытталады.  «Мөлдір бұлақ» аптасында өзен-сулардың аумағы қоқыстан тазартылады.

Жиында халықты су басқан аймақтарда атқарылған жұмыстар туралы кеңінен ақпараттандыру және апат болған өңір тұрғындарына көмек көрсету мәселелері талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын ұдайы бақылауда ұстау тапсырылды.

Еске салсақ, күні кеше су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Үндеу жариялады. Үндеуде айтылған тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз ету үшін Президент Әкімшілігі Басшысының бұйрығы бекітілді.

FB_IMG_1712486754119.jpg
FB_IMG_1712486751709.jpg

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика