Еліміздегі байырғы басылымдардың бірі – Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетіне 95 жыл. Басылым мемлекеттік-ақпараттық саясатты жүргізуде, аймақтың тыныс-тіршілігін үздіксіз насихаттауда аянбай қызмет етіп келеді. Айтулы мерейтой аясында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің шығармашылық ұжымын мерейтойымен құттықтады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси реформаларды, кейінгі бес жылдың бедерінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытында атқарылған ауқымды істерді насихаттауға, қоғамдық сананы жаңғыртуға да ерекше үлес қосуда.
Осының бір айғағындай, 2023 жылы «Сыр бойы» газеті «Үркер» ұлттық сыйлығы бойынша «Үздік өңірлік БАҚ» номинациясын иеленді. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қанат жаюы масс-медианың алдына жаңа талаптар қойып отыр. Бұл ретте «Сыр бойы» газетінің бет-бейнесі де, мазмұны да заманға сай дамып келеді, – деді Шахмардан Асқарұлы.
Кездесуге ұжымның ардагерлері мен журналистер қатысты. Сонымен қатар, Шахмардан Асқарұлы бірқатар ардагерлер мен журналистерді марапаттады. Ал «Сыр бойы» газетінің ардагерлері Қайырбек Мырзахметұлы мен Рысты Бекбергенова Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен» марапатталса, облыс әкімінің алғыс хатымен «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Дүйсенбек Аянұлы, газеттің аға тілшісі Айсәуле Қарапаева, газет тілшілері Сара Адайбаева мен Тұрар Бекмурзаев облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды. облыстың «Құрметті ардагері» медалімен ардагерлер Мейрамбек Шілдебаев пен Бисенкүл Қарабөпеге табысталды.
Қазақстан Журналистер одағының «Құрмет грамотасы» ардагерлер Жолдасбек Ақсақалов пен Нұрмахан Елтайға табыс етілді. «Қазақстанның құрметті журналисі» медалімен ардагер Жұматәлі Әбдіраман марапатталды. Ал салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісі газеттің корректоры Жаңылған Алдамұрат пен техникалық-компьютерлік бөлімінің басшысы Қуаныш Оразбаевқа табысталды.
Айта кетейік, биыл аймақтың бас газеті «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» басылымдарының 95 жылдығын атап өтуде.