Kyzylorda-news.kz. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша, елімізде соңғы 10 жылда жұмыссыз және арнаулы, жоғарғы білімі жоқ жастардың (NEET) үлесі артып, 2021 жылы 11%-ды құрады. Бұл мәселе Қазақстанның барлық аймақтарына да қатысты.
«Ұмай» қайырымдылық үйі» қоғамдық ұйымы 1999 жылы құрылып және осы жылдар бойы әлеуметтік қауіп тобындағы ата-аналармен жұмыс істеп келеді. Сараптама көрсеткендей, жыл сайын NEET санатындағы 40-50 ата-ана Қайырымдылық үйінің қызметіне жүгінеді екен. Балалардың ұйымда тәрбиеленуінің міндетті шарты ата-анасының отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту талабын орындау болып табылады, бұл жұмысқа орналаспай және арнайы білімсіз мүмкін емес.
2021 жылдың қазан айында «Ұмай» балалар үйі АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) қаржылық қолдауымен «Еуразия» Қоры өкілдігінің грантымен «NEET санаты жастары балаларының шығармашылық әлеуетін дамыту арқылы әлеуметтік интеграциялау» жобасын «Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар» бағдарламасы бойынша жоба бастады.
Жобаның негізгі идеясы – балалар үйі тәрбиеленушілерінің ата – аналарының жауапкершілігін, оларды балалар қойылымын дайындауға тарту арқылы күшейту. Еңбектің маңыздылығын түсіндіретін бұл ертегі кездейсоқ таңдалып алынбаған. «Ұмай» педагогтары жобаның негізі ретінде Өтебай Тұрманжановтың «Құмырсқалар, аралар – қиыспас дос – құдалар» ертегісін таңдаған. Балалар спектаклінің режиссері Издикулова Азиза Гажданбекқызы, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Жобаның шығармашылық тобы қазіргі таңда кішкентай әртістермен, әншілер мен бишілермен жұмыс жасауда, мекеменің әлеуметтік педагогтары ата-аналармен кездесіп, жұмысқа орналасу, білім алу, білімін жетілдіру, жеке табысына көшу және басқа да мәселелер бойынша кеңестер беріп, олардың шешімін табуына ықпал ету жұмыстарын жүргізуде.
Жоба аясында халықты әлеуметтік қорғау, медициналық және білім беру қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың өкілдерімен, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарының ата-аналармен кездесулері ұйымдастырылуда.
Жобаға белсенді қатысу «мәдени бонус» арқылы ынталандырылады: грантты пайдаланатын ата-аналар мен балаларға кинотеатрға, бассейнге, концерттерге билеттер беріледі, бұл оларға жаңа әлеуметтік мүмкіндіктермен танысуға және ересектер мен балалар арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсіп, сенімділікті арттыруға мүмкіндік беруде.
Сонымен қатар, жоба аясында NEET санатындағы жастарды тігіншілікке үйретіп, алдағы уақытта жұмысқа орналастыру үшін жеке кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілді.
«Ұмай» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйі» – 1999 жылы құрылған мемлекеттік емес мекеме. Облыстың ең ірі үкіметтік емес ұйымдарының бірі қазіргі уақытта 41 қызметкерді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Негізі қаланған сәттен бастап әлеуметтік жетімдіктің алдын алу мақсатында қиын өмірлік жағдайларға тап болған отбасыларға үздіксіз қызмет көрсетеді. Қайырымдылық үйі республикалық «Таным» сыйлығының иегері.