Kyzylorda-news.kz. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасы бойынша утиль алымына жаңа ставкаларды бекіту жұмыстары қай кезеңде екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Индустрия министрлігі осы ставкалар бойынша бізге өздерінің есептеулері мен коэффициенттерін ұсынуы керек. Қоғамдастықпен келісілгеннен кейін, біз оны бекітеміз. Қазіргі кезде «Жасыл Даму» АҚ бойынша өндірушілердің кеңейтілген міндеттері толықтай қызмет етіп тұр. Серверлер іске қосылды», – деді С. Брекешев Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар сауалына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, бүгінде утиль төлемдер қабылданып жатыр. Министрлікте заңгерлік блок, цифрлық технология департаменті, бюджеттік жоспарлау өкілдерінен құралған комиссия құрылды.
«Олар «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның қызметіне сәйкес қаражаттың кірістер мен шығыстарды қарап жатыр. Қазіргі кезде екінші деңгейлі банктер шоттарында 220 млрд теңге бар, бір бөлігі ұлттық валютада болса, қалған бөлігі доллармен. Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, жақын арада автомобиль және ауыл шаруашылығы техникасына утиль алым ставкасын бекітеміз», – деді ведомство басшысы.