«Қарты бар ауылдың қазынасы бар» дейді халқымыз. Қарттардың ақыл-кеңесі әр заманда да қажет. Олар әрқашан тілекші. Сондықтан, елімізде 1 қазан – халықаралық қарттар күнін атап өту, үлкендерімізге құрмет көрсету жоғары деңгейде өткізіліп келеді.
Кеше еліне сүйеу болған жандардың бүгін бүгілген беліне сүйеу болу дәстүрі биыл Сыр елінде де ерекше басталды.
Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың тікелей қолдауымен аймағымыздың әр өңірінен келген 120 ардагер дүйсенбі күні Қызылорда қаласының көрікті жерлерін аралап, жаңадан бой көтерген және жаңғыртылған нысандармен танысты. Бұл үшін арнайы автобустар және қауіпсіздік қызметтері ұйымдастырылды.
Алдымен, қарттар мен қонақтар қала орталығындағы 1000 орынды «Өнер орталығына» ат басын тіреді. Аймақ басшысының бастамасымен өмірге келген бұл орталықта мәдениет пен өнерге қызмет ететін барлық жағдай жасалған. Симфониялық, эстрадалық, ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, ауқымды шаралар өткізіледі.
Мұнан соң ардагерлер тобы «Жан-Арай» агро-индустриялды кешенін аралап көрді. Мұнда күріш ақтау және жем шығару зауыты және ет бағытында құс өсіру цехы жұмыс істейді. Серіктестік өнімдері өз елімізден бөлек Ресейге, Орта Азия елдеріне шығарылады. Әмбебап кешенде семинар-тренингтер, конференциялар өткізуге, кәсібін бастаушыларға арналған дәрістер жүргізуге қолайлы оқу орталығы бар. Сонымен бірге тойхана, заманауи лоундж-бар жұмыс істейді.
Еліміздің барша аналарына перзент сыйы саналатын «Анаға тағзым» орталығының да келушілеріне көрсете алатын жақсы бастамалары бар. Бұл орталықтың құрылысына аймағымыздың «Атымтай жомарты» атанған кәсіпкер Марат Дүйсенбаев 1,7 млрд қаражат жұмсаған. Орталықта «Мирас» әжелер клубы, «Сырғалым» сырласу отауы, «Ұлт жақұты» музейі, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Жас отау» жас отбасылар мектебі, т.б. жұмыс істейді. Қолынан іс келетін, жаңаша ұлттық брендтер ойлап тауып, экспорттың дамуына үлес қосатын жерлестеріміз үшін бұл ең қолайлы орталық.
Орталықтың осындай мүмкіндіктерін көзімен көрген ардагерлер жақсы бастамаларға баталарын беріп, ақ тілектерін айтты.
Мұнан әрі ардагерлер керуені қаламыздың батыс ауданында бой көтеріп жатқан жылу-электр орталығы құрылысының басына барды.
Бүгінге дейін Қызылорданы жылумен және электр энергиясымен мүмкіндігінше қамтып келген бұрынғы жылу-электр орталығы 1964 жылы салынған. Ал қуаттылығы 240 мегаватт болатын жаңа орталық аймағымызды электр қуатымен толық қамтып, артығын өзге аймақтарға сата алатын мүмкіндік иеленеді. Сонымен бірге электр энергиясы жүктемесін тұрақтандырып, еліміздегі энергиялық қауіпсіздікті нығайтуға оң әсерін тигізеді. Түркияның «Акса-Энерджи» компаниясы салып жатқан орталық алдағы жылы пайдалануға беріліп, онда 800 адам жұмыс істейтін болады.
Келесі кезекте ардагерлер жаңа автовокзалда аялдап, қаланың сол жағалауынан салынып жатқан жаңа стадионның, «қан орталығының», физика-математика бағытындағы мектеп-интернаттың, 300 орынды көпбейінді аурухананың құрылыстарын көрді. Мұнан кейін ардагерлер легі белгілі кәсіпкер Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен қайта жаңғыртудан өткен Орталық алаңның көрікті келбетін тамашалады.
Бұл жайында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Ұлықпанұлы былай деді: «Бүгін облысымыз макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша еліміздің алдыңғы қатарында тұр. Бұл тұрғыда облыс басшысының атқарып жатқан істері көз қуантарлық. Соның біршамасын көрдік. Мәселен, «Өнер орталығын» мен ең сәтті жоба дер едім. Сәнді де мәнді орталықтың руханиятымызды көтеруге сіңіретін еңбегі мол болмақ. Ал «Жан-Арайдың» азық-түлік қорын жасау жөніндегі жұмыстары өте жақсы. Бұрынғы кезде 2 мың тонналық астық сақтау қоймаларын біз керемет санайтынбыз, бұл кешенде 10 мың тонналық астық сақтау қоймалары бар. Енді мына жаңа жылу-электр орталығы іске қосылғанда қызылордалықтардың қандай игілікке ие болатынын біліп отырмыз. Ел Президентінің тікелей қолдауымен жасалып жатқан бұл жылу-электр орталығының қызметін біздің ұрпақтарымызға дейін көреді. Мен өзім футбол жанкүйерімін. Қызылордадағы қазіргі стадионның салынғанына алпыс жыл болды, жоғары талаптарға жауап бере алмайтын күйге түсті. Осы тұста облыс басшысының он мың орындық жаңа стадион құрылысын бастауға ықпал етуі барша жұртшылықты қуантты.
Осындай игі бастамалар үшін аймақ басшысына барша ардагерлердің алғысы зор».
Ардагердің ақжолтай тілегін Жалағаш аудандық автотранспорт саласының ардагері Асылбек Тәуіпбаев былай жалғады: «Біз бүгін тамаша істерге куә болдық. Қызылордада құрылыс та, тұрмыс та, тұрғын да кең қанат жайып жатыр. Айнадай көшелер, гүл көмкерген алаң, әсем ғимараттар көз тартады. Ал халықтың қажетін өтейтін орталықтарды көргенде тіпті әдемі әсерге бөлендік. Осының бәрінің оябын тауып, орынды жұмыс атқарып келе жатқан облыс басшысына алғыстан басқа айтарымыз жоқ».
Иә, ардагерлер Сырдың бас қаласындағы ел мерейін өсіріп отырған бастамалар мен игіліктерге дән риза. Олар – өз заманында елдің өсуі мен дамуы жолында күш-қайратын аямай жұмсаған еңбек майталмандары. Бүгінгі күні халық үшін жасалған сол еңбектің ерен жалғасын көріп марқайғандарын жасыра алмайды. «Батаменен ел көгерер» деген. Қарттардың тілегі – біздің аман-сау алдағы күндерге жасайтын қадамдарымызға рухани тірек.
Ардагерлер түскі астан соң облыс әкімі Н.Нәлібаев қатысқан «Тағзым алаңында» өткен 52 экотакси мен 74 санитарлық автокөлік кілтін табыстау рәсіміне барды.
Аймақ басшысы алдымен облыс орталығына келген ардагерлер мен қала тұрғындарын халықаралық қарттар күні мерекесімен құттықтады. Сонан соң қалалық автобус паркі жүргізушілері мен бірнеше ауданның денсаулық сақтау ұйымдарына жаңа арнайы көлік кілттерін тапсырды.
Мұнан кейін ардагерлер күрделі жөндеу және қайта жаңғыртудан өткен теміржол вокзалы, орталық көшелерімен, «Отбасы» орталығымен», «Бесарық» ауылының даму барысымен, «Қорқыт ата» әуежайы жаңа терминалының жұмысымен танысып, «Сыр ана» монументі жанында шараның бірінші күнін қорытындылады.
Ардагерлерге арналған шара бүгін одан әрі жалғасады.
Дүйсенбек Аяшұлы