Сәрсенбі, 18 желтоқсан, 07:16

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Облыс әкімі байланыс саласының ардагерін мерейтойымен құттықтады

17.05.2024

425

0

Облыс әкімі байланыс саласының ардагерін мерейтойымен құттықтады
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Байланыс қызметкерлері күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев байланыс саласының ардагері Әбдіхан Көбеевті 90 жас мерейтойымен және бүгінгі кәсіби мерекесімен құттықтады. Іс-шараға ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, Әбдіхан Жұмахметұлының әріптестері қатысты.

Аймақ басшысы байланыс саласының мемлекет пен қоғам өміріндегі маңызды стратегиялық рөлін атап өтіп, мерейтой иесіне ізгі тілегін жеткізді.

«Сыр өңірінде адал еңбек, маңдай терімен халықтың құрметіне бөленген жандар жетерлік. Парасат биігіндегі ардақты азаматтарымыздың арқасында әрдайым бекем бірліктің, тату тірліктің үлгісін көрсетіп келеміз. Саналы ғұмырын аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына арнаған, елдің қошеметіне бөленген өздеріңіздей азаматтарды ардақтап, лайықты құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырдық.

Бүгін Байланыс қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осы саланың дамуына ерекше еңбегі сіңген ардагер, «Құрмет» орденінің иегері Көбеев Әбдіхан Жұмахметұлының мерейлі 90 жас қуанышына орай жиналудамыз. Аймақтағы байланыс саласының қарқынды дамуына үлес қосқан, байланысшылардың бірнеше толқынын тәрбиелеген ұстаз ретінде сізге алғысымыз шексіз. Тілеулес азаматтардың, ақ адал ниетті жерлестеріңіздің атынан сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтап, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шарада мерейтой иесіне Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы табысталды.

Әбдіхан Көбеевті құқық қорғау саласының ардагері Нұрахмет Ералиев, Қызылорда облысының Құрметті азаматтары Биғали Қаюпов, Айтбай Көшербаев құттықтады.

Әбдіхан Жұмахметұлы 1934 жылдың мамыр айында Арал қаласында дүниеге келген. 1953 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия политехникалық институтының «Тау-кен» факультетіне, 1956 жылы Қазақстан, Орта Азия республикаларының байланыс саласына маман даярлау үшін арнайы ашылған электротехникалық байланыс институтына оқуға түсіп, үздік бітірген. Мемлекеттік комиссия жолдамасымен еңбек жолын 1960 жылы Қызылорда байланыс басқармасында инженер болып бастаған. 1961-1970 жылдары Арал аудандық байланыс қызметінің, 1970-1979 жылдары Қызылорда қаласының біріккен байланыс кеңсесінің бастығы болған.

Әбдіхан Жұмахметұлы аудан, облыс, республикада өз саласына байланысты ұсыныстарды, атап айтқанда, автоматты телефон стансасын Қызылорда облысында бірінші кезекте салу туралы мәселе көтерген. Негізделген дәлелдердің арқасында облыстағы бірінші АТС-ты Арал қаласында салу жөнінде шешім қабылданып, 1966 жылы жаңа станса іске қосылған. Сонымен бірге, облыс аудандарының ішінде бірінші болып Арал қаласында телевизиялық орталық салынып, ел игілігіне табысталған. Ол 1979-1995 жылдары Қызылорда облысының өндірістік-техникалық байланыс басқармасының бастығы қызметін абыроймен атқарды, саланы 34 жыл басқарып, құрметті зейнет демалысына шықты. Қызмет жолында облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің депутаты болып, өңірдің өзекті мәселелерінің шешілуіне белсенді атсалысты.

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика