Жұма, 22 қараша, 01:51

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Бағаны тұрақтандыру – басты мақсат

16.05.2024

259

0

Бағаны тұрақтандыру – басты мақсат

 Азық-түлік бағасын тұрақтандыру қарапайым халық үшін маңызды.  Бүгінде өңірде  азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Сондай-ақ арнайы мониторинг жұмыстары да жүргізілуде.

Мәселен, өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 98,8 пайызды құрап, республикалық орташа көрсеткіштен 1,5 пайызға төмен қалыптасты. Сондай-ақ, тауарлар мен қызметтерге баға деңгейі республикалық көрсеткіштен төмен. Оны тұрақты ұстап тұруға мән беріліп отыр.

Алғашқы кезекте нарықта халық тұтынатын тауарлардың қоры жеткілікті болуына назар аударылып отыр. Өткен жылдан бері көкөніс өсіруші шаруашылықтарды алдын ала 70 пайыз қаржыландырып, форвардтық келісімшарт жасау тәжірибеге енгізілді. Енгізілген өзгерістерден және жүргізілген тауар интервенциясынан кейін көкөніс бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама төмен. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін ішкі саудадағы делдалдық тізбекті қысқарту және сауда үстемесін 15 пайыздан асырмауды ұйымдастыру міндеттелді. Арнайы комиссия әзірлеген алгоритмге сәйкес бағасы өскен өнімдер бойынша мемлекеттік кірістер департаментінен алынған ақпарат негізінде талдау, мемлекеттік бақылау жүргізу белгіленген. Осы ретте Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне бағаны тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді. 

Мәжіліс қорытындысымен «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарда 19 әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарының үздіксіз сатылуын қамтамасыз ету, әлеуметтік дүкендер қызметін жетілдіру бойынша нақты ұсыныс беру тапсырылды. Одан бөлек, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармалары облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментімен бірлесіп, белгіленген алгоритмге сәйкес делдалдық тізбекті қысқарту бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.

Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын бірқалыпты ұстау үшін тұрақтандыру қорының тауарлық интервенциясы мен айналым схемасы негізінде кәсіпкерлік субъектілеріне заем беру арқылы жүргізілуде. Бүгінде тұрақтандыру қорында 43,2 тонна қарақұмық, 22,3 тонна қырыққабат, 62,6 тонна картоп өнімі, 137,4 тонна сәбіз, 150 тонна пияз, 1,2 тонна макарон, 99,4 тонна күнбағыс майы, 2113,6 тонна ұн бар.

Сондай-ақ, өткен жылдың күзгі өнімінен форвардтық негізде 4 982 тонна көкөніс өнімін сатып алу жөнінде келісім жасалды. Бұл өнімдердің 1450,4 тоннасы жеткізілді. Бұдан бөлек, Түркістан облысының дихандарымен сәуір, мамыр, маусым айларында қырыққабат өнімін 10-20 пайыз төмен бағамен сатып алу жөнінде келісім жасалды. Нан бағасын негізсіз өсірмеу мақсатында тұрақтандыру қорына 7 339 тонна ұн сатып алынды. Қазіргі таңда облысқа жеткізілген ұн өнімдері наубайханаларға таратылуда. Бағаны тұрақтандыру мақсатында қабылданған шаралардың нәтижесінде, өңірде әлеуметтік бөлке нанның орташа бағасы 99 теңге болып отыр.

Азық-түлік тауарларының бағасын нарықтан төменгі бағада сату үшін қала және аудандарда жәрмеңкелер өткізіліп жатыр. Мәселен, жыл басынан бері 104 ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындарға әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер төменгі бағада сатылды.

Тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жеткілікті. Қазіргі таңда жеткізілген тауарларды 35 әлеуметтік және 8 ірі сауда дүкендерге таратылып жатыр. Қазіргі таңда пияз 30, ал жұмыртқа 50 теңгеден сатылады. Алдағы уақытта басқа да әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын төмендету бағытында жұмыстар жалғасып жатыр. 

Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасы негізінде барлық ауданға жуа, картоп, сәбіз өнімдерін тиімді бағада жеткізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 
Айта кету керек, облыс әкімдігі жанынан құрылған комиссия ай сайын жергілікті жерде өндірілетін азық-түлік тауарларына (күріш, тұз) бағаны негізсіз көтеру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуші делдалдардың бағасын қадағалайды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату барысындағы үстемесін асыру бойынша 4 факті анықталған. Асырғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік органдарда сатып алу кезінде өнімсіз делдалдарды жоюдың оң тәжірибесі бар, 3 мемлекеттік мекемеде 11 өнім бойынша 6 делдал алып тасталып, нәтижесінде баға төмендеп бюджет қаражаты 6 млн теңгеге үнемделді.

Жалпы бағаны тұрақтандыру бағытындағы мұндай ауқымды жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика