Ақжарма ауылының білімге құштар озат оқушылары ағылшын тілінде мүдірмей сөйлейтінін көзімізбен көріп, таңқалдық. Оларға ауылдың білімді жасы Ернар Темірбаев бірнеше жылдан бері ағылшын тілін үйретіп жүргенін көпшілік жақсы біледі. Қосымша курсқа жиырмаға жуық оқушы тұрақты түрде қатыса екен.
Ернар жақында АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің қызметкерлерімен әріптестік байланыс орнатып, оларды ауылға шақырған болатын. Мақсат – атқарылып жатқан жұмысты таныстыру және оқу процесін жетілдіру бағытындағы жұмысты жандандыру болып табылады. Айтуынша, АҚШ-тың Алматы қаласындағы бас консулы Мишель Еркін бастаған Чад Киннир, Жанна Тоқтарова есімді құрметті меймандар Ақжармаға келеді екен. Бұл хабарды ести сала аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібековпен бірге жолға шықтық.
Құрметті меймандарды ауылдағы Болат Нұрсейітов атындағы орталық алаңнан күтіп алған ауыл әкімі Е.Ешмұратов ауданның, ауылдың жетістіктерімен таныстырған болатын. Тіректі елді мекен статусын иеленіп, дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан ауылдың тарихынан, тұлғаларының еңбегінен сыр шертетін көрмені аудандық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырды. Музейдің қызметкері Болат Махамбетов пен ауылдық клубтың директоры Айтмағанбет Темірханов АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының қызметкерлеріне өңірдің өнері мен мәдениеті, құндылықтары жөнінде хабардар етсе, «Ақ әжелер» ансамблі әннен шашу шашты. Өз кезегінде ағылшын тілін меңгерген ауыл тұрғыны Ә.Қаратаева меймандарға бауырсақ пен құрт, айран ұсынып, қонақжайлық танытты.
Мұнан кейін АҚШ-тың Алматы қаласындағы бас консулы Мишель Еркін, консулдың қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Чад Киннир мен Жанна Тоқтарова ақжармалық оқушылармен кездесті. Әуелі Ернар Темірбаев атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырған еді.
– Ауыл балаларына ағылшын тілін үйрету бастамасын ойдағыдай жүзеге асыруға ауыл азаматтарының, алдыңғы буын ағаларымыздың үлесі зор болды. Қайрат Нұрсейітов, Арман Қойшыбаев, Мақсат Заммадинов, Ернұр Асылбеков секілді азаматтар қолдау көрсетіп, қаржылай көмек берді. Сондай-ақ ауыл әкімдігі мен ауылдық мәдениет үйі қызметкерлері де балалардың сапалы білім алуына жағдай жасап отыр. Негізінен бала оқыту ісімен айналысып жүргеніме бес жылдай болды. Бастапқыда қосымша сабақтар өткізіп жүрдік. Кейін бір ата-ананың ұсынысы бойынша осы істі бастап кеттік. Нәтижесі жаман емес. Балалардың ағылшын тілін меңгеруге талпынысы, қызығушылығы артып келеді. Біздің алға қойған мақсатымыз да осы еді, – деді Ернар Темірбаев.
Кездесуде оқушылар құрметті меймандарға көкейде жүрген сұрақтарын қойып, жауап алды. Балаларға көп тіл меңгерудің артықшылығы туралы айтып өткен консулдық қызметкерлері оқушылардың талабын жоғары бағалады. Мұнан бөлек АҚШ-тың Алматы қаласындағы бас консулы Мишель Еркін кітаптар мен естелік сыйлықтар табыстады.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
Дереккөз: Kyzylorda-news.kz