Жұма, 22 қараша, 21:26

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Шиелі ауданында толымды тірліктер атқарылуда

21.03.2024

422

0

Шиелі ауданында толымды тірліктер атқарылуда
Фото: ашық дереккөзден

Құт-береке дарыған, ырыс-баққа жарыған, жері шұрайлы, елі шырайлы Сырдың қасиетті өңірінің бірі – Шиелі. Шыққан күннің шапағындай шуақты ауданның қуатты экономикасы халыққа қуаныш сыйлаған. Тұмса табиғаты тамылжыған, шығысында Қаратау мұнартып, батысында сарқырап Сырдария жатыр. Қырғауылы қыт-қыттап жолыңды кескен, жидесі жұпар атып, танауыңды жарған көрініс келбеті қандай?! «Әр бұтаның түбінде бір асым ет жатыр» деп Асан қайғы айтқандай, қалың тоғайды паналап балалаған аң-құсқа бай жер.

Ресми құжаттар бойынша 1928 жылы ҚазақССР Кеңесі қаулысымен дербес аудан орталығы болып шаңырақ көтерген Шиеліге биыл 95 жыл! Облыстың 85 және ауданның атаулы жылын шиеліліктер де ерекше әлеуетімен тойлады. Сондықтан бұл жолы ат басын Шиелі ауданына бұрдық.

Шиелі ауданының жалпы жер көлемі 3239755 гектар. Қазіргі таңда аудандағы 39 елді мекенде барлығы 85772 адам тұрады. Оның ішінде кент орталығында 36127 адам, ауылдық елді мекендерге 49645 адам қоныстанған.

Тарихы ғасырлар қойнауына бойлайтын Ұлы даланың сырлы Сырдариясы мен қарт Қаратау аралығындағы осы бір мекенге Шиелі елі ежелден-ақ орнығып, жер еміп, мал төлдеткен. Атакәсібінен ризық-несібесін айырған қасиетті мекен еткен.

Шиелі атауының тарихына тоқталар болсақ, осы өңірде жабайы шие көп өскендіктен қойылған деген жорамал айтылады. Арнайы әдебиеттер шие жемісі туралы мынадай мәлімет береді. Шиенің жер жүзінде 150, ал Қазақстанда 7 түрі өседі екен. Олар дала шиесі, қызыл шие, Тянь-Шань шиесі, кәдімгі шие, түкті шие, қызыл жемісті шие, сүйілді шие болып бөлінеді. Солардың ішінде сипатына қарағанда Шиелі өңірінен кездесетін, биіктігі 3 метрден аспайтын ағаш-түкті шие. Бұл қолдан өсірілетін мәдени жеміс ағашы және тау беткейіндегі биіктігі екі метрге дейін өсетін жабайы, бұтасы қызыл, жемісті шие.

Аудандағы көнекөз қариялардың айтуынша, Шиелі атауы осы өңірде, әсіресе су жағасында молынан өсетін ақ шеңгелге, оның шиедей қызыл жемісіне байланысты да қойылыпты. Ақ шеңгелдің жемісін де шие деп атайды. Жазушы Оразбек Сәрсенбай Шиелінің бас мұрабы атанған Байсын Көлдейұлы туралы жазған мақаласында «Шиелінің аты мол өсетін шоқ-шоқ қызыл шиеге орай қойылса керек» дейді.

Алғаш аудан құрылған 1928 жыл шағын 59 ауылды біріктірген, 5420 қожалық ұжымдасқан, 2 қазақ орта мектебі ашылып, аз қуатты электр станциясының салынуы және тұңғыш телефон желісінің тартылуымен есте қалған.
Рекордтар мекені аталып кеткен, «Қызыл Ту» колхозы да осы жылдары ашылып, даңқты диқан атанған Ыбырай Жақаевтың берекеге толы еңбек жолы басталды. Аудандық «Стахановшы» газеті шығарылып, мәдениет саласында көптеген ілгерілеушілік байқалып, шаруашылық әртараптандырылған. Жоғарғы Совет депутаты Малика Басарова мен жыр дүлдүлі Нартай ақынның Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің 10 күндігіне қатысуы осы жылдардың жетістіктері еді.
Дарияның Төменарық тұсынан саға алып, қолдан канал қазуға жұмылған жанкешті жұмыстарын, халықтың тау қопарарлық екпінін Екінші Дүниежүзілік соғыс қана тоқтатқан.

1945 жылы соғыстан кейін елдің рухын көтеріп, әл-ауқатын арттыруға ден қойылған жылдар болды. Күріш алқаптары қанат жайып, еңбек өнімділігі артып, алғашқы Социалистік Еңбек Ерлері шыға бастады. Ал 1947 жылы Ыбырай Жақаев Социалистік Еңбек Ері атанды. 1952 жылдан бастап бытыраңғы орналасқан ауылдар бір орталыққа қоныстандырылып, шаруа қожалықтарын ірілендіру жұмыстары жүрді. 1954 жылы аудандағы мақта өндірісі қысқартылып, орнына күріш, бидай, жүгері дақылдары көптеп егіле бастады. Қазақ ССР-і Ғылым академиясы кеңесінің шешімімен Ыбырай Жақаевқа «Дала академигі» деген құрметті атақ берілді. 1962 жылдан бері әрбір ауылдарда алма мен жүзім бақтарын өсіру қолға алынды.

1963 жылы екі жыл бұрын шығарылымы тоқтатылған «Коммунизм жолы» газеті «Өскен өңір» атауын алып, оқырманмен қайта қауышты. Осы жылдар аралығында аудан басшылары болған Көмекбай Қаракөзов, Алпысбай Нұржанов, Сейдолла Оспанов, Исатай Әбдікәрімов, Байбол Сопыбек сынды азаматтардың шаруашылық ұйымдастырудағы қажырлы еңбегі аудан халқының жадында өсу-өркендеу жылдары ретінде сақталды.

Сонымен қатар аудан тарихында сан салалы шаруашылықты ұйымдастыру мен ел ырысын молайтуда елде Социалистік жарыстың бірнеше дүркін жеңімпаздары болған үздік ұйымдастырушылардың бір топ шоғыры қалыптасты. Олардың арасынан Шеген Қодаманов, Константин Василивич Хван, Мәлібек Санаубаев, Әзімхан Исмайлов, Бәкір Тоқбаулин мен Әнуарбек Сапақов, Рахмет Нұрекеев, Әбутәліп Бейжанов пен Сәттібай Алпамыш сияқты кәсіптік одақтардың бүкілодақтық орталық кеңесінің ауыспалы қызыл туын бірнеше мәрте жеңіп алған қайраткер тұлғалар шықты. Себебі олар 40-тан астам Социалистік Еңбек Ерінің соңынан ерген лайықты шәкірттері еді.

«Шежірелі Шиелі» атты кітапты ақтарып отырып мол тарихқа кезіктік. 1964 жылы аудан басшылығына Ғафур Мұхамеджанов келуімен Шиелінің қайта дәуірлеу кезеңі басталыпты. Жаңадан канал қазылып, кент орталығы ыза судан тазарған. Күріштен рекордтық көрсеткішке жетіп, бүкіл облыста «Жақаевшылар қозғалысы» кең етек алды.

Ал 1971 жылы Ыбырай Жақаев екінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атағына ие болса, Ыбекеңнің ізбасарлары Ұлбала Алтайбаева мен Шырынкүл Қазанбаева Социалистік Еңбек Ері атанды.

– 1977 жылы ауданда «РУ-6» кеніші ашылса, 1983 жылы ауданға Бірінші хатшылыққа Сейілбек Шаухамановтың келуімен ауданның мәдени өміріне эстетикалық тұрғыдан тың серпін беріліп, гүлдендіріліп, көркейіп, жаңадан демалыс паркі ашылды. Қазақтың Маресьеві атанған тракторшы, қайсар қыз Жадыра Таспамбетова Социалистік Еңбек Ері атанды.

1992 жылы Қазақстанда елді басқару жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізіліп, әкімшілік жүйе қалыптасты. 1994 жылдан бастап нарықтық экономика саясатына қарай кіші шаруашылықтар таратылып, жеке меншікке жол ашылды. 1995 жылы аудан басшылығына Жарылқасын Тұрабаев келіп, заманауи іскерлік қатынастар дамыды.

1998 жылы ауданның орталық алаңына Түркі жұртының көсемі Мұстафа Шоқай ескерткіші орнатылды. 2001-2008 жылдары Шиелі кентіне «Жиделі» топтық су құбырымен таза су келді. «Иіркөл» кен өндіру кешенінің жұмысы басталды. «Полимерхимпродукт» ЖШС өндіріс мекемесі ашылды. Осы жылдары ауданда 180 тұрғын үй салынды. Ваннади кен орыны, «Қазвернал» ЖШС қиыршық тас шығаратын зауыты іске қосылды. 2008-2013 жылдары жас, талапшыл Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың келуі жаңаша тың бастамаларға жол ашты. Инфроқұрылымның дамуына серпін беріп, кент орталығында, ауылдарда көше тазалығы мен абаттандыруға айрықша көңіл бөлінді. Осы жылдары ауданда жаппай кәсіпкерліктің дамуы байқалып, халықтың нарықтағы орны нығая түсті, – делінген жинақтың «Елтұтқа» бөлімінде.
Ал кейінгі онжылдық Шиелі ауданы үшін үздіксіз даму мен өсу жылы болды. «Киелі мекен – Шиелі екен» деп Адырбек Сопыбеков сынды азулы ақындар ауыз толтырып жырлайтын жерұйыққа айналды.

Жеті әулие жатқан жер

Шиелі өңірі – кешегі қиын-қыстау заманда өзінің жанкешті еңбегімен елінің де, өзінің де даңқын шығарған ерен ерліктің үлгісін танытып, есімдері тарих бетінде алтын әріптермен жазылып қалған Мұстафа Шоқай, Ыбырай Жақаев, Шахмардан Есенов, Әбділда Тәжібаев, Нартай Бекежанов сынды тарлан саясаткер, даңғайыр диқан, зерделі ғалым, жезтаңдай әнші мен арқалы ақын тәрбиеленген қасиетті топырақ. Сондықтан бұл өлкеде қаймағы бұзылмаған бірліктің, берекелі тірліктің, ынтымақтың, ең бастысы – ерлік рухының болуы әбден заңды. Бұдан бөлек, аудан қазақ тарихында дара орны бар жеті әулиенің мәңгілік байыз тапқан жері, қайталанбас тарихи ескерткіштерге де кенде емес. Солардың бірі «Сауысқандық» шатқалы – елдің теңдесі жоқ рухани мұрасы әрі қазынасы. Қаратау жотасындағы 500 гектар жер аумақты таңбалы тас шатқалы алып жатыр.

Петроглифтер негізінен үлкен Сауысқандық тауының солтүстік шығыс етегінде орналасқан. Шатқалдағы тастарға 12 мыңдай қашап салынған адамдар мен жануарлар бейнелері белгіленген. Бұл жәдігерліктер 2013 жылы мемлекеттің қорғауына алынып, 2016 жылы «ЮНЕСКО»-ның алдын ала тізіміне енгізілді.

2019 жылы аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, «Сауысқандық» шатқалындағы жартастағы бейнелер біздің заманымызға дейінгі II мыңжылдық ескерткішіне төрт жағынан қорғау аймағының шекарасын білдіретін белгілер қойылған. Шатқалға санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді және табиғат аясында келіп демалушыларға тазалықты сақтау жөнінде ескертпе тақтайшалар орнатылған. Аудан әкімдігі ғасырлардан бергі қайталанбас мұраны одан әрі сақтап өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында арнайы Жол картасын әзірлеп, бірқатар жобаларды жүзеге асыруда.

– Шиеліні тарихта су баспаған, жау алмаған. Біріншіден, су баспау себебі, артық суға тосқауыл – «Бидайкөл» деген үлкен су қоймасы болған. Ел әр уақытта Шиелі амандығын әулиелермен байланыстырады. Өйткені Шиелінің дариядан төмендігі, әрі тегістігі қауіпті еді. Екіншіден, Сыр бойы ерте замандардан әр елдің қызығушылығын тудырса да, Шиеліні жау ала алмаған. Ол – тарих. Шиеліде «Бес Там» деген жер аты бар. Ел ол жерде Хан ордасы болған деп атайды. Сірә, ол осы аймаққа патшалық құрған әйел-патша Томирис жері болған деседі. Сыр еліне көз тіккен Кир, Дарий, әлемді билеген Александр Македонский жауламақ мақсатпен келген. Бірақ жорықтары тіпті шайқассыз, сәтсіз аяқталғаны ғажап, тарихтан айқын. ХVII-XVIII ғасыр аралығында жоңғарлар шабуылы да олардың қирауымен аяқталды. Қазақ халқы оларды қырып жіберген. Шиелі мен Төменарық арасындағы Қаратау етегіндегі жазықта «Қалмақ қырған» деген жер бар. Ол соның дәлелі болса керек. Жоңғарлардың сәтсіз аяқталған шабуылы ел есінде «Елім-ай» ән-өлеңімен сақталған. Өлеңнің өзі де Шиеліде туған. Онда мынадай сөздер бар:
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ағайыннан айырылған қиын екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді, – дейді академик Досмұхамед Кішібеков.

Ауданда ауқымды жұмыстар атқарылған

Шиелі ауданында сауда, туризм саласы бойынша құны 2 млрд теңгені құрайтын 10 жоба, 28 млрд теңгені құрайтын 15 жеке инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар іске қосылғанда 860 жаңа жұмыс орны ашылады.
Оған қоса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл халқына деген ерекше қолдауының арқасында ауданда бүгінде Шиелі кенті және Ы.Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов, Ақмая, Алғабас ауылдары толық «көгілдір отынға» қосылған.

– Өткен жылы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен газдандыру мәселесіне ерекше ден қойылып, 6 бірдей ауылдық округке табиғи газ жүйесі жүргізілуде. Одан қала берді, биыл Бала би, Бұланбай бауы, Досбол би елді мекендерінде дәрігерлік амбулатория құрылыстары басталып, келесі жылы Алмалы, Ортақшыл, Ә.Тәжібаев, Тартоғай, Бестам елді мекендеріне медициналық ғимараттар салынбақ. Кент орталығындағы 7 бірдей күре жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 19,8 шақырым болатын 49 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүруде.

Кейінгі жылдарда ауданда ірі-ірі кешенді құрылыстар, мектептер мен мәдениет үйлері, емхана мен спорт кешендері пайдалануға берілді, жаңа мөлтек аудандар ашылды, заманауи технология негізінде түйе сүтінен шұбат, құрт шығаратын «Ару ана» кәсіпорыны, жылына 1 млн 100 мың тонна цемент өндіретін Гежуба Шиелі цемент зауыты сынды ірі жобалар жүзеге асырыла бастады. Ақмая, Жуантөбе, Жөлек, Еңбекші, Тұран, Бидайкөл, Керделі елді мекендерінде спорттық-сауықтыру кешендері салынып, пайдалануға берілді. Шиелі кентінің қос бетін жалғайтын теміржол үстінен аспалы көпір салынып, пойыз өтсе болды қаңтарылып қалатын көліктер мәселесі шешілді.

Бұл жұмыстардың барлығы бірлігі бекем, тірлігі көркем Шиелі жерінің 95 жылдық тарихында атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Бірлік пен татулықты ту етсек, алда талай ғасырлар асып, талай жетістіктерге жетеріміз анық, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил.

Расымен биыл ауыз толтырып айтатын жұмыс көп. Себебі елде шаруа ширақ жүріп жатыр. Мәселен, ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері мен кәсіпорындары өткен жылдың 9 айында 56 млрд 839 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндірді, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 113,8 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібі өнімі көлемі 27 млрд 80 млн теңгеге жетіп, 136,6 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 29 млрд 987 млн теңгені құрады немесе 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 175,7 пайыз. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 10 млрд 815 млн теңгеге жеткен, 192,1 пайыз. Бөлшек сауда көлемі 9 млрд 79 млн теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,7 пайызды құраған.

Бүгінгі таңда барлық елді мекендерде электр желілері 70-80 пайызға дейін тозған. Аталған жұмыстар жүргізілетін болса, ауа райының құбылмалы кезеңінде жарықтың жиі сөнуі секілді мәселелер шешімін табар еді.

Айта кетейік, электр желілерін ауыстыруға қатысты жұмыстар Шиелі кентінде де жүруде. Жоспарға сәйкес 2023-2024 жылдары кент бойынша 808 млн теңге қаражатқа барлық электр желілері жаңартылмақ. Бүгінде оның 100 млн теңгесі игерілді. Атап айтар болсақ, ауылдық округ әкімі «Ақмая» шаруа қожалығының демеушілігімен ауылдағы электр желілерін толықтай ауыстыруға қажетті құжаттарды дер кезінде дайындап, келер жылы 486 млн 329 мың теңге қаражатқа ауылдағы электр желілері мен бағаналарын жаңартуды көздеп отыр.

Халық сарыла күтіп отырған қуаныштар легі толастамақ емес. Бастысы, қаржысы бөлінді. Ауа райы құбылса қараңғылықтың құрсауында қалатын ауыл үшін жарқын күндер әлі алда.

Бабадан мирас болып қалған құндылықтарды мемлекетіміздің мәртебесі, келешегіміздің қазынасы, халқымыздың рухани жаңғыруы жолында іске жарату үшін әрине, білімді ұрпақ тәрбиелеу – бірінші міндет.

Ауданда жалпы білім беретін 38 мектеп жұмыс істейді, 3 мыңнан астам педагог қызметкер еңбек етеді. Мектептің бәрі де – заманауи қалыпқа түскен білім ошақтары. Үш ауысымдық және апатты мектептер жоқ. 18 мемлекеттік, 75 жеке балабақша бар.

– Шиелі тарихында бастауыш мектеп, негізгі мектеп, орта мектеп болып қалыптасқан білім мекемелері қазіргі таңда заман үдерісіне сай дамып келеді. Ауданда инновациялық мектептер мен орта мектептер арасында кәсіби серіктестік желісі қалыптасты, жас мамандарды қолдаудың әдістемелік даму ортасы құрылды, шығармашыл ұстаздардың тәжірибесі таратылды.
Қазіргі таңда балалар теориялық білімді өмірде қолдану мақсатында ғылыми жұмыстармен айналысып, өсімдіктерді субстратты, субстратсыз ортада өсірудің түрлі технологияларын, биологиялық тыңайтқыштар алуда қалдықтарды өңдеудің тәсілдерін, химиялық препараттарды табиғи өнімнен алу зерттеулерін, баламалы энергия көздерін қолданудың түрлі жолдарын мектеп қабырғасында жүріп-ақ іске асыруда. Пәндік білімдері мен дағдыларын республикалық деңгейлерде көрсете отырып жоғары нәтижелерге жетуі, спорт, өнер бағытында биіктерді бағындыруы – шәкірттеріміздің аудан дамуына қосқан үлесі.

Осындай еңбектерімен ерекшеленген киелі Шиелі жерінің ұрпақтары білімді, ұстаздары ұлағатты десек, 96 жылдық тарихында қарқынды дамып келе жатқан өңіріміздің кез келген саласының қызметкерлері мен еңбек адамдары, тұрғындары қашан да бірлігі жарасқан ел болашағы үшін еңбек етеді. Биылғы жылдың өзінде салауатты өмір салтын қалыптастыру жолында спорт кешендерінің ашылуы, балаларға арналған ойын алаңдары мен демалыс аллеяларының қолға алынуы, орталықтанған кітапханалардың жаңа үлгіде дамуы, балабақшалар мен мектептердің заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілуі – білімге, ұрпақ тәрбиесіне мемлекеттің қолдауы деп білемін, – дейді М.Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейінің директоры Сәуле Нұрманова.

Мемлекет тарапынан бүгінгі таңда педагог мәртебесіне ерекше көңіл бөлініп, әлеуметтік мәселелерге тиісті деңгейде қолдау көрсетіліп келеді. Оқушылар үйі, Өнер мектебі, «Сыр ұланы» тынығу жайы, «Самғау мектебі» және «Зияткер мектебі» сынды жеке мектептер де жұмыс істейді. Айта кетейік, ауданда 250 орындық жаңа мектеп жуық арада пайдалануға берілмек.

Ауданда №9 олимпиадалық спорт мектебі, №10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және Шиелі спорт клубы, 3 стадион, 3 спорт кешені, 44 спортзал, 96 спорттық алаңдар салауатты өмір үшін қызмет етіп тұр.

Қазіргі таңда Шиелі десе есіңізге бірден не түсер еді? Біз көзбен көрген ауданның әр түпкірінің, тау-тасының өзіндік тарихы мен ерекшелігі бар. Әр өңірдің аты аталғанда сол жердің абыройын асырған алыптары да қатар айтылады. Ал шиеліліктер несімен мақтанады? Бұл жолғы сапарда түйгінімізді қысқа қайырып айтар болсақ, шұғыла шашқан Шиелінің он брендін ой дәптерімізге астын сызып тұрып жазып қойдық.

Сонымен Шиелі десе кез келген жанның көз алдына күріш елестейтіні сөзсіз. Берекелі дақылының арқасында ырысы молайып, қамбасы тасыған Шиелі ауданы ең алдымен ақ күрішімен танымал. Ал күрішті даңқты диқан Ыбырай Жақаевтан бөліп қарау мүмкін емес. Саналы ғұмырында кетпенін қолына алып, маңдай терімен күрішті баласындай баптаған рекордшының өзге емес, дәл Шиеліде туғаны үлкен мақтаныш.

Ауданның одан кейінгі бренді – қауыны. Кеңес одағының кезінде көршілес мемлекеттерге дейін экспортталған Шиелінің қауынынан бүгінде теміржол вокзалына тоқтаған әр жолаушы дәмін татып қалуға тырысады. Жердің құнары қашқандығы мен берілетін дәрілердің әсерінен дәмі дәл бұрынғыдай болмаса да, қауынға деген сұраныс бәсеңдеген емес.

Шиелі – шағын болғанымен, біртуар тұлғаларды дүниеге әкелген киелі өлке. Олардың қоғамдағы орны мен артында қалдырған ізгі жолдарын ауданның әр тұрғыны мақтанышпен айтады. Есімдерін тізіп айтар болсақ, бір кітаптың мазмұны шығары хақ.

Аудан аумағында орналасқан киелі орын – Оқшы ата кесенесі. Жол бойынан өткен әр жолаушы міндетті түрде тоқтап, құран бағыштайды. Тіпті өзге өңірден арнайылап келіп, ас беретіндер де аз емес.

Сонымен қатар Шиелі өндірісі мен өнеркәсібі жағынан да өзге аудандардан көш ілгері. Республика бойынша санаулы жерден ғана бой көтерген цемент зауытының біреуі ауданда орналасуы – үлкен жетістік. Бұйырса жақын болашақта «Шиелінің цементі» брендке айналатын күн алыс емес деп сенеміз. Сондай-ақ, ваннадий кен орны өнімді жұмыс жасап келеді. Бүгінде уран өндіру бойынша әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің біріне айналды. Аудан аумағында орналасқан «Ру-6» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстанның уран өндірісіне ерекше екпін беріп отырған мекеменің бірі. Ел экономикасының дамуына жерасты байлығымен өлшеусіз үлес қосып жатқандығы шиеліліктер үшін үлкен абырой.

Аудан демалыс орындарынан да кенде емес. Күн жылыса Бәйгеқұм ауылының жанындағы «Ханқожа» көліне демалушылар санында шек болмайды. Облыстың әр бұрышынан арнайылап келіп, тынығушылардың барлығы ерекше әсер алып қайтатыны анық. Уақыт өте бұл аумақ ауқымды туристік аймаққа айналары айқын.

Осындай шырайлы өлкеде шынайы еңбектің нәтижесі кейінгі уақытта ерекше көріне бастады. Мәселен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осыған дейін Шиелі ауданына жұмыс сапарымен бірнеше рет барды. Сол уақыт аралығында жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылуына және тұрғындарға пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Тұрғындарға 72 пәтердің кілтін табыстады.

Сыр өңірінде егін жинау науқаны басталған кезде де облыс әкімі Шиелі ауданы Тұран ауылдық округіндегі «Төңкеріс және К» шаруа қожалығына барып, жиын-терім жұмыстарының басталу рәсіміне куә болған еді.

Түйін. Талай қиын-қыстау кезең мен бейбіт тіршілікті басынан кешкен Шиеліге биыл 95 жыл толғанын ел дүркіретіп тойлады. Жүз жылға жуық уақыт ішінде өрісті өңірге айналған мекен жайлы толғаныс көп. Әр ауылының өзі бір тарих. Ел анасы атанған, Шиелі ауданының құрметті азаматы Ұлман Мәміреева «Әр уақыттың, әр кезеңнің қандай болғанын естен шығармай, жастарымыз бардың қадірін бағалай білсін. Шиелі ауданының бейнеткеш халқы дәл қазіргі дәрежеге жету үшін аз аянбады, көп еңбек пен күшжігер жұмсады» – деген болатын. Сондықтан жас өркен бұл тарихтың тағылымды жолын қаперден өшірмес деп сенеміз. Мерейлі мезеттері менмұндалап, қазыналы қарт ауданның абыройы артып, беделі әлде де биіктей берсін.

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика