Жексенбі, 24 қараша, 05:45

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қазалы ауданының әкімі жаңа қызметке тағайындалды

19.02.2024

362

0

Қазалы ауданының әкімі жаңа қызметке тағайындалды

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында жаңа кадрлық өзгерістер таныстырылды. Алдымен әріптестері 2022 жылдан бері Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекция басшысы қызметін атқарып келген Дүзелбаева Жаннат Берікбайқызын зейнет демалысына шығарып салды.

Аймақ басшысы Жаннат Берікбайқызына алғыс білдіріп, Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

«Жаннат Берікбайқызы саналы ғұмырын өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуына арнап, іскерлігі мен тиянақтылығының арқасында өзіне сеніп тапсырылған жұмысты абыроймен атқарды. Ел экономикасының дамуы ауыл шаруашылығы саласының өркендеуімен тікелей байланысты. Жаннат Берікбайқызы өсімдіктерді қорғау, өсімдіктер карантині және астық нарығын реттеуге бағытталған тың жобалардың жүзеге асырылуына дәнекер болды. 2010 жылы техникалық әріптестік жөніндегі неміс қоғамдастығының «Арал теңізі аймағының экономикалық және экологиялық әл-ауқатын жақсартуға жағдай жасау» бағдарламасы бойынша Жаңақорған, Шиелі, Қармақшы аудандарында қауын шыбынына қарсы тәжірибе жұмыстарына басшылық етті. Нәтижесінде зиянкеске қарсы күрес нұсқаулығы жасалды. Қазіргі кезде аталған нұсқаулық республикадағы осы сала инспекторларының үстел кітабына айналды. Сонымен қатар, өңірдегі фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы ерекше қауіпті үйірлі италиялық прус және азиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары нәтижелі жүргізілді. 2022 жылмен салыстырғанда, қауіпті шегірткеге қарсы өңдеу көлемі 4 мың гектарға азайды. Жұмыс уақытылы әрі жүйелі ұйымдастырылғандықтан, дақылдар мен жайылымдарға залал келген жоқ», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Аталған лауазымға осы уақытқа дейін Қазалы ауданының әкімі болған Оразбаев Мұхтар Әуесұлы тағайындалды.

Мұхтар Әуесұлы 1971 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «Ауыл шаруашылығын механизациялау» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1997 жылы «Аралбалық өндірісі» акционерлік қоғамы автопаркінің механигі болып бастаған. 2000-2012 жылдары Арал ауданы әкімі аппаратының жетекші маманы, бас маманы, бөлім басшысы, аппарат басшысы лауазымдарында абыройлы қызмет атқарған. 2012-2021 жылдары Арал ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімі қызметінде әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасын қалыптастырды. Тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу жолында аянбай еңбек етті.

2021 жылдың мамыр айынан осы кезге дейін Қазалы ауданының әкімі қызметін атқарып келді.

Облыс әкімі Мұхтар Әуесұлының мол тәжірибесі мен жоғары біліктілігін атап өтіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

«Мемлекет басшысының, Үкіметтің ауыл шаруашылығы саласының алдына қойған міндеттері мен басым бағыттарды іске асыруда өсімдіктер қауіпсіздігі, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту аса маңызды. Мұхтар Әуесұлы жаңа қызметте өңірдегі фитосанитарлық қауіпсіздікті, өсімдіктерді қорғау мен астық нарығын реттеу, қауіпті зиянкестердің алдын алдын алу мен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді жұмыстарды жүзеге асыратын болады. Бұл ретте, ұзақ жылдар бойы жинаған мол тәжірибесін, кәсіби қабілетін жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға жұмсайды деп сенім білдіремін және алдағы атқарар жауапты қызметіне сәттілік тілеймін», — деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиында облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов Жаннат Берікбайқызы мен инспекцияның жаңа басшысы Мұхтар Әуесұлын құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

417433586_696454819342432_7985528288825392746_n.jpg

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика