Жұма, 22 қараша, 00:53

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Жаңақорған ауданында аурухана құрылысы басталды

15.01.2024

394

0

Жаңақорған ауданында аурухана құрылысы басталды
Фото: облыс әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барып, Төменарық ауылдық округінде салынатын 15 орындық аурухананың іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын жаңа нысан құрылысының басталуымен құттықтады.

«Адамның баға жетпес байлығы – денсаулығын, өмір сапасын жақсарту жолында мемлекет тарапынан атқарылған жұмыс ауқымды. Әлемдегі геосаяси ахуалдан туындаған экономикалық қиындықтарға қарамастан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық сақтау саласын дамытуды басым бағыттардың бірі ретінде белгілеп, халыққа арнаған Жолдауларында нақты талаптар қойды. «Сапалы медициналық қызмет азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан бәріне бірдей қолжетімді болуы керек» деп атап өтті.

Бүгінгі қолға алынған жұмыстардың барлығы да халық денсаулығын нығайту, аурудың алдын алу үшін жасалуда. Құрылысы басталған амбулаториясы бар аурухана осы мақсаттың орындалуына септігін тигізіп, аурушаңдықтың азаюына ықпал етеді деген сенімдеміз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Бас мердігер «Астана сервис ЛТД» жаңа аурухананы биыл мамыр айында пайдалануға бермек. Жалпы ауданы 1072 шаршы метр нысан құрылысының құны 893 млн теңге.

Іс-шарада еңбек ардагері Жақсылық Сапарбеков жерлестерін құттықтап, бата берді. Сондай-ақ, Төменарық ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтың еңбегі еленіп, марапатталды.

Айта кетейік, өңірдің денсаулық сақтау саласына биыл 156 млрд 100 млн теңгеге жуық қаржы бағытталуда. Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 нысан салынуда. Өткен жылы 15-і ел игілігіне табысталды. Оның ішінде, Жаңақорған ауданының Қаратөбе ауылында жаңа амбулатория ашылса, биыл Бесарық және Әбдіғаппар ауылдарында бой көтереді. Ұлттық жоба аясында Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы көпбейінді орталық ауруханаларға қосымша ғимараттар салынады. Жақын күндері көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық халық игілігіне беріледі. Қызылорда қаласында 200 төсек-орынға арналған заманауи перинаталдық орталық құрылысы басталады. Жоба құны 30 млрд теңге. Мамыр айында Қан орталығы қызметіне кіріседі. Мұнан бөлек, жергілікті бюджеттен Арал ауданында «Қамқорлық» оңалту орталығының құрылысы басталады. Жалпы 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылуда. Бұл жұмыстарға 3 млрд 700 млн теңге қаралды. Облыстық психикалық денсаулық, өкпе аурулары орталықтары ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының ғимараты күрделі жөндеуден өткізілмек.

Сыр өңірі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тығыз әріптестік байланыста. Қор соңғы екі жылда аймағымыздың білім мен медицина саласына 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, құны 1 млрд 100 млн теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған екі жылжымалы медициналық кешен, өзге де қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер алынды. Қазір жылжымалы медициналық кешен шалғай ауылдарда қызмет көрсетуде.

Облыс әкімі рәсімнен соң ауыл тұрғындарымен, ақсақалдармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

418508600_676189371368977_5380460242835838242_n.jpg

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика