Сенбі, 23 қараша, 00:22

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Ұлт қайраткері Мұстафа Шоқайға арналған халықаралық конференция өтті

17.11.2023

317

0

mustafa_shoqai_konferentsia

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Мұстафа Шоқайдың мемлекетшілдік мұраты: тарихи тағылым мен сабақтастық»  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар, білім алушылар қатысты.

Конференцияда М.Шоқай еңбектеріндегі идеялардың түркі мемлекеттерінің интеграциялану үдерісі мен қазіргі әділетті Қазақстан мұраттарымен сабақтастығы  ғылыми тұрғыда талданды.

Жиында Қызылорда облыстық мәслихат төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов сан тараулы ұлттық тарихымызда саналы ғұмырын туған халқының азаттығы мен тәуелсіздігі жолына арнап, оның бақытты өмір сүруін аңсап өткен ұлт перзенттерінің бірі Мұстафа Шоқай екенін атап өтті.

«Түркі халықтарының біріккен жағдайында ғана ұлттық тәуелсіздігіміз берік орнығатынын теориялық тұрғыда дәлелдеген М.Шоқайдың «Тұтас Түркістан» идеясы мен бүгінгі Түркі мемлекеттері ұйымы арасында сабақтастықтарды зерттеу өте маңызды. ХХ ғасырда айтылған Мұстафа Шоқайдың мәңгі өлмес  идеялары — бүгінгі түркі мемлекеттері, оның ішінде Қазақстанның өркениетті және демократиялық ел ретінде орнығуы мен дамуының, жаңғыруы мен жаңаруының маңызды мәселелері. Ұлттық тәуелсіздік пен саяси сана, ұлттық рух пен ұлттық тіл қоғамдағы демократиялық үрдістердің салтанат құруы мен халықтың рухани жаңаруының іргетасы, елдің саяси құқықтық және әлеуметтік экономикалық тәуелсіздігін баянды етудің басты құралы, мемлекетшіліктің негізгі компоненттері болып саналады», – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.

Конференция барысында тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің (Түркия) профессоры Әбдіуақап Қараның «Кеңес Одағының түркі әлемі саясаты. Мұстафа Шоқай» атты кітабінің және академик М.Қ. Қойгелдінің жетекшілігімен 2022-2023 жылдары жарық көрген «Алаш ісі. 1920-1930 жж. ОГПУ жүргізген жасанды тергеу ісінің құжаттары мен материалдары» атты кітабының (1-том және 2-том) таныстырылымы жасалды.

Жиында ҚР ҰҒА академигі, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев «Мұстафа Шоқай аманатының бүгінгі ұлттық жадтағы көрінісі туралы», Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара «Мұстафа Шоқайдың пантүркизм, Тұран мемлекеті және түрік бірлігі туралы пайымдаулар мен тұжырымдары», Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Тарих институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Раджабов Қаһромон «Мустафа Шокай и жадидское движение в Туркестане», Күтахия Думлупынар университетінің доценті, PhD Веджихи Сефа Фуат Хекимоғлы «Мұстафа Шоқайдың 1930 жылдардағы Жапония, Қытай және Шығыс Түркістан туралы пікірлері», Қажыбайрам университетінің профессоры, PhD Хулия Касапоғлы Ченгел «Алаш рухы», ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов «Наршоқы – тарихи мекен, Мұстафа Шоқай жолының бастауы немесе «Шерлі Түркістан» дастанының тууы», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір «Мұстафа Шоқай: тәуелсіздікті ту етіп, ұлттықты ұлықтаған» тақырыбында баяндама жасады.

Конференцияда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнұр Бөрібаева мен  Басқарма мүшесі – Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай зиялы қауым өкілдеріне «Қорқыт ата Алтын медалін» табыстады. 

Конференция «Мұстафа Шоқай феномені және Түркі халықтарының  бірлігі идеясының өміршеңдігі», «Мұстафа Шоқай мұралары – ұлт руханиятының қайнар көздері», «Мұстафа Шоқай мұралары отандық және шетелдік зерттеулерде» тақырыбындағы секциялық жұмыстармен жалғасты.

Айта кету керек, 16 қарашада М.Шоқайдың туған жері Наршоқы елді мекенінде ескерткіш белгі ашылды.

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика