Биыл жыл соңына дейін 982 пәтерлік 23 тұрғын үй халық игіліне табысталады. Бұл туралы VІІІ шақырылымдағы облыстық мәслихаттың бірінші сессиясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев хабарлады.
Аймақ басшысы жаңадан сайланған мәслихат депутаттарына осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта қолға алынатын жобаларды таныстырды.
«Биыл жыл соңына дейін 982 пәтерлік 23 тұрғын үй халық игіліне табысталмақ. Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен 9,6 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 800 млн. теңге бөлініп, 1000 пәтер сатып алынады. Бұл пәтерлер халықтың әлеуметтік осал топтарына табысталады. Алғаш рет 130-дан астам жас отбасыға арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасымен жеңілдетілген ипотекалық несие беріледі. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1,2 млрд. теңге, «Отбасы» банкінен 500 млн.теңге, барлығы 1,7 млрд. теңге қаражат бөлінді. Бұл – жас отбасылардың баспаналы болуына айтарлықтай қолдау», – деді облыс әкімі.
Коммуналдық инфрақұрылымды дамытуда да оң өзгерістер жетерлік. Облыс халқының 97,8 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу бойынша жұмыстар жасалуда.
Өткен жылы 6 елді мекен көгілдір отынға қосылып, халықты газдандыру деңгейі 70 пайызға жетті. Биыл 12 ауылды газдандыру арқылы газбен қамту деңгейін 72 пайызға жеткізу жоспарлануда.