Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды қабылдады. Жеке қабылдауға 9 адам келді.
Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй алу және жұмысқа орналасу жөнінде көмек сұрады. Мұнан бөлек, жер телімін алу, ерекше білім беруді қажет ететін баланы арнайы балабақшаға орналастыру, қаржылай көмек көрсету мәселелері көтерілді.
Облыс әкімі алдағы уақытта қабылдауға келген азаматтардың мәселелері зерттеліп, шешімі заң талаптарына сәйкес қарастырылатынын жеткізді. Кейбір жағдаяттар бойынша жауапты тұлғалар заң аясында түсіндірме беріп, тиісті шешу жолдарын ұсынды.
Мәселен, 43 жастағы қала тұрғыны сол жағалау аумағынан мектеп салып беруді сұрады. Оған аталған ауданда 900 орындық мектеп құрылысы ағымдағы жылы басталып, 2024 жылы пайдалануға берiлетiнi және 2024 жылы жобалық қуаты 1500 орындық мектеп құрылысын бастап , 2025 жылы іске қосылатыны айтылды.
Еске салсақ, Қызылорда облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда 15 100 орынға арналған, құны 100 млрд. теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде, биыл 10 мектептің құрылысы басталады. Мұнан бөлек, «Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының» құрылысын салу жобасы Үкіметте қолдау тапты. Білімді қолдау қоры қаражаты есебінен қаржыландырылатын мектептер құрылысы тізіміне 1775 орынға арналған 4 мектеп құрылысын аяқтау енгізілді. Олар – №101 Ә.Мүсілімов және №2 «Абай» атындағы білім беру ұйымдарына қосымша құрылыстар, Жезқазған трассасы бойында 600 орындық жаңа мектеп және Шиелі ауданы Байсын ауылындағы 250 орындық мектеп.
Осы уақытқа дейін облыс әкімі 28 жеке қабылдау өткізіп, 600-ден астам тұрғынның өзекті мәселесіне ден қойды.
Айта кетейік, тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov.порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.