Сенбі, 23 қараша, 02:45

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Салауатты өмір салтымен жарқын болашаққа

25.01.2023

280

0

Спорттық жарыстар, жас биологтар байқауы, гүл отырғызу акциясы мен скриниг шарасы… Бұл шаралар Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектепте биология және дене шынықтыру, өнер пән бірлестіктерінің апталығы аясында өткізілді.

Оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және ғылымға деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілеттерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған апталыққа мектептің барлық оқушылары, ұстаздары мен ата-аналары тартылды. 

Спорттық сайыстар кезеңінде 8-сынып оқушылар футзалдан жарысса, 7-сыныптың білім алушылары волейбол ойынында үздік команда орнына таласты.  Мергендер додасында 11-сыныптардың өрендері винтовкадан оқ атудан бақ сынасып, жүлделі орындарды иемденді.

Ал «Скрининг-2023» іс-шарасында оқушылар мұғалімдерді медициналық тексеруден өткізіп, денсаулығын  бақылау жүргізу арқылы кеңестер ұсынды. Арнайы ұйымдастырылған аймақтарда дарынды өрендер келушілердің қан қысымын, зат алмасу мөлшерін, күнделікті қажетті калория санын анықтап,  қалыпты салмақты есептеп берді. Сондай-ақ қан құрамында глюкоза, селен мөлшерін анықтау сараптамаларын жасап, терапевт, окулист, нутрицолог секілді мамандардың қызметін көрсетті. Сонымен қатар, жас дәрігерлер гипотониялық аурулардың  пайда болу себептерін түсіндіріп, алдын-алу жолдары  бойынша кеңестерін берді.

«Бұл акция өте қызықты әрі пайдалы болды. Жоғары сынып оқушыларының ғылымға деген қызығушылықтары артып, мамандық таңдауына әсер етті деп ойлаймын. Өзгенің денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрігер мамандығының қаншалықты маңызды әрі қажетті екенін көре алды», — дейді биология пәнінің мұғалімі Сәуле Шажанбаева.

«Гүл отырғызу»  акциясы да оқушылар үшін өте пайдалы болды. Биологияны жаны сүйетін  өрендер бөлме өсімдіктеріне топырақ дайындау, көшіріп аудару және күтіп баптау әдістерін меңгеріп, гүлдердің түрлері бойынша білімдерін кеңейтті. Осылайша 7-сыныптың белсенділері ең көп 26 гүл отырғызып, мектептің қысқы бағында орналасқан гүлдердің санын арттыруға өз үлестерін қосты.

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика